Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғамдық кеңесте қордаланған мәселелер қаралды

Қоғамдық кеңесте қордаланған мәселелер қаралды



Елбасының бес институционалды реформасы – елді дамытудың өзегі екені белгілі. Оны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында республикада қоғамдық кеңестер құрылды. Бұл мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі сая­сатын іске асырудың бір бағыты. Осы орайда Шиелі ауданында қоғамдық кеңестің өз жұмысын бастағанына да 3 жылдай уақыт болды.
Осыған дейін кент ішінде қаншама көшет егілді. Бірақ жайқалып өсіп тұрғаны шамалы. Неліктен? Көгалдандыру жоспары бойынша бюджеттен жыл сайын біршама қаржы бөлініп отырады. Әсіресе, Көкшоқыдағы И.Әбдікәрімов көшесінің бойына егілген талдардың басым бөлігі қурап қалған. Бұл туралы апта басында өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды. Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Пердәлі Архабаев жүргізіп отыр. Оған кеңес мүшелерімен қатар, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов пен кент әкімінің орынбасары Болат Байғамбетов және аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дана Аман, полиция қызметкерлері мен кент тазалығына жауапты мекеме қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында жоғарыда аталған мәселеден өзге аудан тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу деңгейі, жаңадан соғылып жатқан ғимараттардың иелері мүмкіндігі шектеулі азаматтардың емін-еркін кіріп шығуына жағдай жасауды ескермейтіндігі, пандустардың талапқа сәйкес салынбайтындығы, жол бойындағы істен шыққан бағдаршамдар мен жол белгілерінің жайы да кеңес отырысы күн тәртібіндегі негізгі мәселеге арқау болды. Сондай-ақ сын көтермей тұрған кент тазалығы және аялдамалар мен кентке кіре берісте орналасқан аркалардағы түсіп қалған әріптердің сұрықсыз күйі кеңес мүшелерін бей-жай қалдырмады. Көтерілген негізгі мәселелерге орай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов пен кент әкімінің орынбасары Болат Байғамбетов және аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Дана Аман баяндама жасады.
– Полиция қызметкерлерімен бірігіп жол бойындағы 80 жерге 160 белгі қажеттігі анықталды. Көп ұзамай іске асатын болады. Кент ішіндегі бағдаршамдардың мәселесі де жуық арада шешімін таппақ. Біздегі түйткіл базар аумағындағы рұқсат етілмеген жерге тұрғындардың көліктерін рұқсат етілмеген жерлерге ретсіз қоюының тыйылмауында болып тұр. Әсіресе, «Арзан» сауда үйінің алдында үнемі кептеліс болып тұрады. Облыс орталығына қатынайтын көліктер де осы жерге тұрақтайды. Тек полиция қызметкерлерінің қадағалауымен ғана реттілік болады, – деді ТКШ бөлімінің басшысы Д.Аман.
Одан бөлек кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша ауданаралық, қалааралық қатынайтын көліктер жіті тексеріліп, талапқа сай қызмет көрсетпейтіндер заң алдында жауап беруі қажет деген тоқтамға келді. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мәселесі бойынша да тұрғындар арасында дау көп. Бұған жауапты бөлімнің басшысы А.Төлегеновтың есебінен соң қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев:
–Қазіргі кезде әлеуметтік көмек төңірегіндегі мәселеле көп. Әсіресе, ел арасында «атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қызметкерлер ақша талап етеді» деген қауесетті жиі еститін болдық. Бұл ана мен балаға, жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттің беріп жатқан көмегі. Мәселені жедел зерттеп, қызметін асыра пайдаланып жүргендерді анықтау қажет, –деді. Сондай-ақ, кеңес мүшелері кенттің тазалығы мен абаттандыру бойынша жасалып жатқан жұмыстарға қанағаттанбайтындарын жеткізіп, келесі жиында қайта қарау туралы шешім қабылдады. Аудандық мәслихат хатшысы Болат Сыздықов:
– Жыл сайын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр, сұраған қаржы да еш кедергісіз берілуде. Бірақ нәтиже шамалы. Бұлай жалғаса беруге болмайды. Әрнәрсенің шегі болады, – деп, кент әкімінің орынбасарына қатаң сын-ескертпесін жеткізді.
Кеңесте «Өскен өңір» газетінің №32 санындағы Өркен Исмаилдың «Айналаның тазалығы алаңдаты» атты мақаласы басты назарға алынды. Кеңес төрағасы:
– Мақалада айтылған сынның бәрі орынды. Мен де «аудан тазалығы бір айлық науқан емес, жыл бойы атқарылатын шаруа» деген автордың сөзімен толықтай келісемін. Өкінішке орай басылым бетінде көтерілген осы секілді мәселелерге жауап беріп жатқан мекемелерді көрмейміз. Газетті бүкіл аудан халқы оқып, көріп отырады. Алдағы уақытта газет бетінде сын, ескертпе мақалалар жарияланған жағдайда оған құзырлы мекеменің міндетті түрде жауап беруін қадағалау қажет, – деп қорытындылады өз сөзін.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ.
01 маусым 2019 ж. 1 157 0