Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайбарақаттық па, әлде ой-өрісіміздің өресі ме?

Жайбарақаттық па, әлде ой-өрісіміздің өресі ме?



Күнделікті күйбең тірлік жалықтырып жіберсе, Шиелі кентінің орталығына тартатын әдетіміз. Күннен-күнге құлпыра түскен туған жердің әр жақсылығына қуанып, көрікті ғимараттар, тұрғын үйлер, коттедждер көрсек марқайып, шаттанып қаламыз. Көшеде сеңше қозғалған жеңіл көліктерден-ақ аудан тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінің деңгейін аңғарамыз. Көше бойы кездесіп амандасқан адамдардың да көңіл-күйлері көтеріңкі. Әркім өз қарекетімен әуре. Жан-жақтарына қарауға мұршасы жоқ. Сәрсенбінің сәтті күні аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеевтің тапсырмасымен аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Бейбіт Өмірбаев екеуміз кент ішін түгел аралап, көшелердегі жарнама мен билбордтардың, ұран сөздердің (лозунг) жазылу заңдылықтарын, орналасу тәртібін, тыныс белгісі қателерін, сондай-ақ, мемлекеттік ана тіліміздің мәртебесін қай дәрежеде құрметтеп жатырмыз деген мақсатта рейд жасаған едік. Біздің жан-жағымызға мұқият қарауымызға тура келді. Өйткені, мен жазып, Бейбіт суретке түсіріп отырды. Батыстағы темір жол өткелінен өте өміріміздің уақыт кілті саналған тұғырдағы сағат пен Қазақстанның көк аспанында самғаған бүркіт бейнесі, әдемі жазылған «Рухани жаңғыру» сөзі бізге де қанат бітіргендей болған.
Дәулеткерей көшесіне түсе бере аркадағы «Гүлдене бер менің Шиелім» деген ұран сөзді көзіміз шалып, «гүлдене берден кейін үтір қойса, Шиелімнен соң леп белгісі болса, қайтер екен?!» дедік.
Сәл жүргесін оңға қарай журналист, ақын Дүйсенбі Смайлов көшесі шығады. Дүйсекеңнің «й» әрпі түсіп қалып, Дүсенбі болып тұр. Одан соң «Сварка» деген үлкен жазуы бар үйге көз түседі. Оның қазақ тілінде «Дәнекерлеу» екені естен шығыпты. Дәулеткерей көшесі екі қабатты «Нұр-Дана» ғимаратына келіп тіреледі. С.Сейфуллин көшесімен қиылысқан жерден оңға қарай аудан әкімдігіне бұрылады. Сырттан келетін басшылар да, қонақтар да осындағы бағдаршамға тоқтап, қарсы бетте не жазулы тұрса, соны оқып үлгереді. Біздің көше көрінісіне, шұбарланған қазақ тіліне, сауатсыз жазылған сөздерімізге күліп, баға беріп кетері анық.
«BINGO BOOM» букмекерлік кеңсе деп, өмірі алынбайтындай етіп жазыпты. Осының сол жағына асқақтата ақын Дүйсенбі ағамыздың композитор Әсет Бейсеуовтің «Сыр маржаны» әніне жазған өлеңінің қайырмасы «Жанымдай жақсы көретін маржаны сырдың – Шиелім!» деп, көрнекі ілініпті. Қарасаңыз, осы екі қатар өлеңде 4 қате тұр. Дұрысы «Жанымдай жақсы көретін, Маржаны Сырдың Шиелім! Яғни, көретіннен кейін үтір, маржаны, сырдың сөздері бас әріппен жазылуы керек, ана жерге сызықшаның қажеті жоқ. Осы жерде айтарымыз, осындай безендіру, ұран сөздер жазар алдында аудандық ішкі саясат, мәдениет бөлімдерімен келісіп, не жазатындарын тексертіп алғандары жөн болар деген ойға келдік. Әйтпесе, істің де, сөздің де берекесі кетіп, сауатсыздар атанарымыз мүмкін.
Мынау Абылайхан көшесіндегі «Разливное пиво». Оны иесі ғана біледі. Шамасы, қазақ емес-ау. Әйтпесе, айналасына ең болмаса, «Келіңіздер, сыралатайық, құйылмалы сырахана» деп жазып қояр еді ғой. Әли сауда үйінің жан-жағы да өзге тілдерге толы. Абылайхан көшесіндегі «Корейская кухня» да қазақтың меншігі болу керек. Егесі кәріс ағайын болса, алдымен мемлекеттік тілде мақалдап қойып, «Кәріс мәзірі» деп, жазып қояр еді. Жанында тұрған «Шашлык» деген жазуда «Кәуәп», жесең сауап деп қазақ тілінде жарнамалар еді ғой деп ойладық. Шойын жол вокзалынан кентке кіре бергенде әдемі ғимарат Шиеліге сән беріп тұр. «Мөлдірдің» сәндік-әрлеу орталығы айнала керексіз жарнамалармен көмкеріліп, өзінің архитектуралық кескінін жоғалтып тұрғандай. Қабырғаға «Алтын плазма», «МАХІ ДОМ» т.б. жарнамалардың не қажеті бар? Жұртқа сән ұсынып отырған мекеме ұлттық нақышта безендірілсе, істері де мәнді, сәнді болар еді. Ш.Уәлиханов көшесіне кіре бергенде мына талтайып тұрған бағанаға қаға салған «Автомойка» да Шиеліге көрік беріп тұрғаны шамалы. И.Әбдікәрімов көшесіндегі Dz Ps4 деген және дүкен АНС-Эль магазин деген сөздерге түсінбедік. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолынан кентке кірер қақпамыз әсем салынған. Шиелі сөз үш рет қайталанып, ансамбльді үшке бөліп тастаған. Ортадағы Шиеліні қалдырып, екі жаққа қанатты сөз, ұран жазылған жөн секілді. Үш Шиелі қақпаны ашпай тұрғандай. Көпірден өтісімен солға Байтілес Жүсіп көшесі бас­талды. Күрең күзде ғана соғыс, еңбек ардагеріне ашылған белгінің бетіндегі жазуын түгелдей жыртып алған кім екен? Бұрынғы қариялар ондайда «көргенсіз», «көрмәдік» деп сөгіп жататын.
«Көкшоқы» елді мекеніндегі Ш.Есенов көшесінде күл-қоқыс шашылып жатыр. Осындағы монша болу керек, бір шекесіне «Қонақ үйі», екінші жағына «Сауна» делінген, оның монша екенін соңғы «нша» дегеннен білдік. Бас жағы жыртылған. Оның астында «Құйылмалы салқын сыра» деген сөзді ғана ұғындық. Бұрынғы, «Болашақ – Шиелі» оқу орталығының» (Ши әріптері түсіп қалған) тарап кеткеніне қанша жыл болды? «Болашақ – елі» болып, астында Казатомөндірісі ұлттық атом компаниясы деген жазу әлі тұр. Әбілқасым Палымбет көшесіндегі «Пинта» дүкенінің сырты да ресми тілде пивной бутик, пиво, квас, на вынос, закуски деген сөздермен толтырылған.
Осы жерде «Беркут такси» атты мекемені көрдік. Ішінде кім бар екенін қайдам, жүргізу­шілер қазақ сияқты. Ең болмаса, мекемелерінің атын дұрыстап жаза алмайтындар, қасиетті көк байрағы­мызға арқау болған қазақтың бүркітін үркітетіндер, өз тілінің қадір-қасиетін түсінбейтін, сауаты аз жастар туған жерін көгертуге атсалысса артық па екен? «Болашақтың» оқу қанатындағы Елбасы Н.Назарбаевтың «Жастар өндірістен қол үзбей білім алу керек» деген мағна­дағы қазақ-орыс тілінде жазылған лозунгі әлде-қашан тозған. Бұл жақта да «Болашақ – Шиелі» ЖШС оқу орталығы сол күйі сақталған. Салтанатты «Ақ тілек» мейрамханасының жанындағы «Мираж клубы» да қазақша бір атты тілеп тұрған секілді. «Ақниет» дүкен-кафесінің с әрпі түсіп қалыпты. Соны да біз айтуымыз керек пе? Дәулеткерейдегі аркада «Жайнаған өмір жасампаз өңір – Шиелі» делінген, өмірден кейін үтір қажет пе, жоқ па? «Абылайхан» көтерме дүкені к және т әріптері түсіп, «өере» болып қалған. Кенттің қақ ортасындағы үш қабатты сауда орталығының тұла бойы орыс тіліндегі жарнамалармен көмкерілген. Керек болса, нақ төрге «TBILISI» деп грузинше жазып, ресторан грузинской кухни депті. Ең болмаса мемлекеттік тілдің заңдылықтарын сақтауға болмай ма?
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, кент ішінде ағылшынша жазылған атаулар шұбырып жүр. «Шах-food», «butik Inju», «SMILE», «A-Studio», «Viva», «ENGLISH TIME», «Five CLUB»т.б. Жұрт ағылшын тілін сәл үйрене бастап еді, енді орысшаны қойып, басқа елдің тіліне көшіп жатыр. Осындайда ұлттық намысымыз қайда қалады? Қазір көшелерді пластиковый цех, мойка, вулканизация, фото и видео студия, Эмвей, ломбард деген сөздер қаптап кеткен. Дәл М.Шоқай алаңында Қызылорда Дизайн – жарнама компаниясы орналасқан. Есігі алаңға қарайды. Ал бір қабырғасы түгелдей орыс тілінде жазылған сөздер. Қасындағы екі қабат мекеменің алаң жағына «Кафетерий» деп үлкен етіп жазылса, айналасы толған ломбард.
Дәулеткерей көшесінде «Кафе на вокзале» бар, «Даниал» салон красоты ше? С.Сейфуллиндегі «Мы открылись» деген орысша жазуларға да көзіміз түсті. Т.Рысқұлов көшесіндегі «Ням-ням» кафесін, Абылайхан көшесі бойындағы «Ду-дук» деген кафелердің аттарын қалай түсінеміз? Не мағына береді? Осындай мән-мағынасыз атауларды да ретке келтіретін уақыт келген сияқты. Тұрғындар ойларына келгендерін жасауда. Өзі ағылшын, орыс тілін білмесе де, сол тілдерде ат қойып, өзге тілде жазуға құмар болып жанталасуда. Бұл да мақтаныш, дәреже ме? Бізге сонша не болған, не боп барамыз? Біз өз ана тілімізді қолдамасақ, қорғамасақ, құрметтеп сыйламасақ, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтап, санамызды сілкіп, рухани жаңғыруға ұмтылмасақ, мәдениетіміздің мәртебесін көтермесек, кім болғанымыз? Егер латын қарпінде жазылып жатса, оны құптар едік. Өйткені, ол бүгінгі заман талабы.
«Мәдениет – адамзат жасаған, әрі жасайтын және жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан Республикасы азаматтарының отаншылдығын тәрбиелеуге және эстетикалық қасиеттері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы» деп атап көрсетілген «ҚР мәдениет туралы» Заңында. Жоғарыда көзбен көрген келеңсіз жағдайлар кентіміздің сұрқын қашырып, мәнсіз мәдениетімізді айқындап тұрған жоқ па? ҚР-ның Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» – деді. Елбасы «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тіліндей қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет десе, одан артық бізге не керек?. Мемлекет басшысы халқымыз үшін латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні зор екенін, сонымен бірге, қазақ тілінің мәртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігіне тоқталып, жуырда «Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиіс» деп нықтады. Оған дейін «Болашақтың бағдары: Рухани жаңғыру» екендігін есімізге салды. Сондықтан, әрбір кент тұрғыны көшеге шыққанда жан-жағына қарап, көше сәнін, қазақтың әнін бұзып жүргендерге ескерту жасап отыру –баршамыздың парызымыз. Біз тілімізге, мәдениетімізге жат, жағымсыз жүзден аса сурет түсірдік.
Мақсат – біреуді сынап-мінеу емес, кемшіліктерімізді аудан тұрғындарына жеткізу. Бұл жолғы сын-шын. Жала да, нала да, жақсы баға да емес. Бірақ осы айтылғандардың бәрін жасап отырған – өзіміз. Бар нәрсенің заңдылығы бар. Қазақстан елінің Заңын сақтау, құрметтеу – қазақстандықтардың міндеті, азаматтық парызы. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Айтылған келеңсіздіктерді жою үшін ынтымақты еңбек етуге тиіспіз. Адам бақытты болуға жаралған. Туған жеріміз, тұрған көшеміз көрікті, таза болса, бақыт деген осы емес пе? Әркімге, әрнәрсеге еліктей бергенше, кент көшелерін мемлекеттік тілде жарнамалай білсек рухани жаңғыруға бет түзегеніміздің бір көрінісі болар еді. Бүгінгі аудан басшыларының талабы мен тапсырмасы да осыған саяды. «Сөз түзелді, енді сен де түзел» депті, Ұлы Абай атамыз. Олай болса, біз айтқан – өзіміз аңғара бермейтін пендешілік іс-әрекетімізге жауап беруге тиіспіз.
Өркен Исмаил,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Шиелі аудандық филиалының төрағасы:
03 сәуір 2018 ж. 1 265 0