Көшелер кентке көрік береді
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілге байланысты бас маманы мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Шиелі аудандық филиалының төрағасы кезекті рейдін өткізген болатын. Мақсаты кент орталығындағы көшелерге атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде қателіктерге жол бермеу.
Жалпы сын мақала не үшін жазылады. Баспасөз бетінде жарияланған соң, оны басшылар өзіне жасалған қастандық, біреулердің әдейілеп ойластырған құйтырқы әрекеті деп ауыр қабылдап жатады. Осы жерде баса айтатын бір жайт мінді түзеу үшін ғана жазылатынын естен шығармасақ екен.
«Айтпасаң сөздің атасы өледі» деген дана бабаларымыз. Біздің міндет кемшіліктерді көрсету, назарға салу. Ал, сіздердің міндет оны жөндеп, қалыпқа келтіру. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, көшеге байланысты әңгіме айтыла беретіні сөзсіз. Сонымен, Шиелі кентінің әдемі көшелерін аралап келеміз. Тақтайшалар талапқа сай ма? Еліміз бойынша аудан, ауыл басқа да елді мекендердегі көше атаулары мен ғимараттардың реттік нөмірлері көрсетілетін аншлагтардың үлгісі берілген. Мысалы, Шоқан Уалиханов 10 көшесі болды. Басқа сөздердің қажеті жоқ. Ал, облыс орталықтары мен маңызы бар қалаларда Шоқан Уалиханов 10 көшесі/улица/street болып жазылады. Сонымен қатар, тақтайшалардың ұзындығы, ені, жазулардың өлшеміне дейін нақтыланған. Бірақ бізге Төле би бабамыздың көшесіндегі орам жазулар ерсі көрінді. Талтайып екі столбы тұр. Соның қасына көше белгісі қойылған екен. Тақтайшаның жартысы сынып қалған. Төле би к деп оқисыз. Қазантаевтың туыстары мынадай белгіні көрсе, ренжитініне күмәнданбаймыз. Өйткені, белгі сол жағына қарай жантайған. Әбубәкір Әйтенов көшесінде «атындағы» деген сөздің Т әрпінің ұшып түскеніне де көп болды. «Көкшоқы» елді-мекеніне аркадан кіреберісте «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» қанатты сөзі үлкен етіп жазылған. Н мен ж-әріптері сынып түскен. Аудан орталығына кіреберіс қақпа алдындағы жалынды сөзіміз мінсіз тұрғаны қандай жақсы! Батыс темір жол өткелі алдында «Ынтымақ пен бірлік арқылы жарқын болашаққа қадам басайық!» сөйлемін жылы қабылдап оқи бастайсыз. Болашақ сөзі бәрін бұзып жіберген, себебі, ш әрпі бүтін болмай тұр. Соғыс және еңбек ардагері Әбілқасым Палымбет көшесіне қараңыз. Тақтайшаның аяғы шарт кесілген не түсіп қалған. Жалпы, ел арасында Ә.Палымбет ата жазылған белгіге көңіл толмаушылық, өкпе барын байқап жүрміз. Өйткені, белгіде көзі кеткен кеңестік идеологияның сарқыншақтары бар. ГРП-2-де бірнеше көше атауы жазылмаған. Мәдіхан Шәймерденов атындағы көшені көзіміз шалды. Ал, мына көше атауы жолда тұрған контейнердің маңдайшасына жазыла салған. «Мәмбиева №1» деп қойыпты. Абылайхан мен М.Шоқай көшесінен «Бидайкөлге» барар жолда көше белгісі түсіп, қадасы қалқайып қалыпты. Қасындағы бағанаға «Натяжной потолок» сөзі ілініп, астына ұялы телефон нөмірлері беріліпті. Байқамаған адам ана сөзді көшенің аты деп қалуы бек мүмкін. Осындай көрініс Бекзатхан мейрамханасының алдынан да орын алған. Байқасаңыздар «Натяжные потолки» сөзін кент ішіндегі барлық көшелердегі столбыларға қағып тастаған. Рысқұлов-Сейфуллин көшесінің қиылысындағы тақтайша ағаштардан көрінбейді, анықтап үңілсеңіз, оның екі жағы да бос. Ешқандай көше атауы жазылмаған. Ал, Сейтенов-Байтұрсынов көшесінің қиылысында талтая түсіп, бір топ столбылар көрінеді. Кентке сырттан келген қонақтар осы А.Байтұрсынов көшесімен ішке кіреді. Мына бағаналар жарнама тақтайшадан қашан құтылады. Оның үстіне осындағы үш метр етіп жазылған «Автомойка» сөзі қазақ тілі заңдылығын да бұзып тұрғандай. Өткен рейд барысында да біз кез келген жерге іліп кете беретін жабайы жарнамалар жайлы айтқанбыз. Арнайы орындар белгілеп, жазулар да сәнді, мәнді жазылса, көше мәдениеті арта түсер еді. Сондай-ақ, көше атаулары берілген ардақты азаматтарымыздың артта қалған ұл-қыздары, туыстары, ағайындары да ойланса, көше атауын дұрыстап жазып, оны барынша қарапайым, заңдылық аясында ғана белгі орнатып отырса деген тілегіміз де бар. Өйткені, Шиелі кентінде бір адам тұрмайды. Мыңдаған адамның көңілінен де шығу да оңай болмас. Қайтсекте көше атаулары анық, қатесіз жазылып, нөмірленгені дұрыс. Оның үстіне республикамызда санақ жүргізгелі отырғаны белгілі. Оған даярлық жұмысы бүгіннен басталмаса, кешеуілдің болатыны анық. Көше тәртібін, мәдениетін, тазалығын сақтау – баршамыздың міндетіміз. Оның ана тілімізге жазу, орналастыру заңдылықтарына сәйкес бағыт-бағдар айтып отыру құзырсыз болғандықтан, Жамал апай сияқты біз де айта береміз. Рейдтің қорытындысын жасамасақ, кент ішін әуре болып неге араладық? Көрмесең, ешнәрсе дей алмайсың. Расында, шындығында солай емес пе?
Өркен Исмаил,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Шиелі аудандық филиалының төрағасы.
Гүлназ Достиярова,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің бас маманы.