ҰЛТТЫҚ КОД ДЕГЕН НЕ?
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін «Сананы тұрмыс билейді» деген қағидаға сәйкес, ең алдымен, халықтың тұрмыс жағдайын түзеуді мақсат ете отырып, дағдарысқа ұшыраған ел экономикасын сауықтыруға бет бұрды. «Экономикалық терапия» бүгінгі таңда белгілі бір деңгейде өз межесіне жеткеннен соң, қоғамның рухани саласын жаңғыртудың кезегі келгендігін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тереңірек түйсіне отырып, өткен жылы өзінің өзекті мәселелер қозғалған мақаласын жариялады. Бұл мақала өмірмәнділік мәселелерді қозғайтын, қоғамдағы мәдени-рухани саланы жаңғыртуға негізделген нақты ұсыныстарды Қазақстан халқына ұсынды. Жалпы алғанда, жеке адамнан бастап, жалпы адамзаттың руханилық әлемі – терең парасаттылықты қажет ететін «феноменальді ноумен». Сондықтан да Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қоғамымыздың рухани дамуының беталысын саралауда заманауи әлеуметтік болмысты екшей отырып, қоғамның қондырмасына (рухани келбетіне) да баса назар аударды.
Біз осы мақаланың ауқымында Ұлттық код ұғымын ойталқысына салып, философиялық-терминологиялық-герменевтикалық-семантикалық талдаулар жасап өтпекпіз. Себебі, Ұлттық код ұғымы көпшілік қоғамдық сана үшін арнайы түсіндіруді қажет ететін кәсіби философиялық термин санатына енеді. Біздіңше, бұл ұғым философиялық дискурс аясында ғана терең де мағыналы түсініктемесін ала алады деп ойлаймыз.
Ұлттық код, біздің пайымдауымызша, әлдебір халықтың генезисін, тілі мен ділін, діні мен тарихи жадын, демек, тұтас болмысын қамтитын биосоциогенетикалық ұғым.
Ұлттық кодтың негізгі атрибуттарының қыр-сырын аша отырып, оның мынадай сипаттарын атап өтуімізге болады: Біріншіден, тылсымдықты, құпиялылықты қамтитын сакральды феномен, екіншіден, ол – енжар, «өлі» немесе бейтарап емес, өзінен-өзі оралымдылық пен белсенділікті қажет ететін эрос. Үшіншіден, әрбір халықтың, ұлттың, этностың өзіндік ерекшеліктерінен туындайтын, тек өзіне ғана тән қайталанбайтын даралық, монадо. Төртіншіден, ұлттық рухтың субстансасы, ұлттық идеяның субстраты, ұлттық сананың базисі, ұлттың рухани болмысының ядросы.
Мәселен, уақыт пен кеңістік аясындағы халықтың бірегейленуінің негізі – ұлттық код. Егер де өзінің болмысынан алшақтап бара жатқан халық қайтадан бірегейленуге бет түзеген жағдайда, «Енді қай жаққа бет алу керек?» деген сауалға, «Ұлттық кодқа қарай» деп нақты жауап бере аламыз, басқаша болуы мүмкін емес. Міне, тәуелсіздік алғаннан кейінгі елімізде жүргізіліп жатқан қайта қазақтанудың (реэтнизация деп атауға болатын үдеріс) бет түзер нысаны – ұлттық код. Бұл жердегі ұлттық кодтың субстанционалдылығы, оның өзіне-өзі себеп екендігі, өзін-өзі танитындығы, ешнәрсеге тәуелсіз өзімен өзі болып табылатындығы, үнемі өзіне-өзі оралып отыратындығы, өзін-өзі үздіксіз қайталайтындығы т.б. арқылы ашылады.
Әрбір ұлттың өзіне ғана тән ерекшеліктері мен сапалары бар. Біз өз халқымыздың тұтас болмысын, тек өзіміз өмір сүріп отырған заманымыз тұрғысынан ғана бағалай аламыз, басқаша болмайды да. Біз ұлттық болмысымызды қаншама рет ой елегінен өткізсек те, мұзтаудың теңіз бетіндегідей бөлігін ғана аңғарамыз. Ал теңіз астындағы үштен екі бөлігі – бұл трансценденция, аса күрделі феномен. Міне, бұл ұлт кодының сакральдылығы. Бұл – имманентті тұрғыдан алғанда, яғни өзіміздің болмысымызда өзіміз таныған жағдайдағы көрініс, ал өзге ұлт өкілдерінің ғалымдары қазақ халқының дүниетанымын зерттеген жағдайда, осы кодқа кезігеді. Кодтың шифрын жартылай болса да ашу оған оңайға түспейді.
Демек, ұлттық кодты ашу тәсілдерінің бірі – тарихи жадыны жаңғырту. Бейнелі, рәміздік түрде айтқанда, халқымыздың тарихының әрбір кезеңінде «өмір сүру», сол кеңістік пен уақыт аясында «болып қайту», сонда ғана сол заманның шынайы келбеті ашылады. Бұл дегеніміз Робинзон Крузо секілді, өзін-өзі алдаусыратып рыцарлық қоғамға еніп кету фанатизмі емес, сол дәуірді рационалды-эмоционалды қабылдау, тарих тұңғиығының сырын «көңіл көзімен көре білу», өткенмен нұрлану ләззатына түсу, архетиптік алаңның «есігін» ашып, оған ену. Өткен тарихты білмей, қазіргі заман тарихын түсіну мүмкін емес екендігі белгілі жайт, басқаша айтқанда, қазіргі заман тарихын терең түсінудің алғышарты осы заманға дейінгі халқымыздың өткен өмір жолын ой елегінен қайтара өткізу.
Халықтың генетикалық болмысы тек сол ұлттың өзіне ғана тән басқа халықтардан ерекшелейтін, табиғи түрде тағайындалған биоэволюцияның көрінісі, жаратылыстың бұлтартпас заңдылығы. Мәселен, адасқан бәзбіреулер секілді, қанша жерден орыс тілін меңгеріп, орыстарға еліктеп, қазақилықтан қашсақ та, қаныңды тастап кете алмайсың. Қазақ болып туған соң, қазақ болмай өмір сүре алмайсың! Бұл – ұлттық кодтың табиғи генетикалық көрінісі.
Ұлттық кодтың барынша айқын көрінісі, «ноуменальді феномені»: Тек, тіл, діл, дін.
М.Хайдеггер: «Тіл – болмыстың үйі» деген тұжырымға келеді. Анологиялық түрде, «Қазақ тілі – қазақ болмысының үйі». Ендеше, Қазақ болмысы қазақ тілін пана тұтады. Р. Гамзатовтың: «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген өлең шумақтарының мағынасы да – осы. Нақтырақ айтқанда, үйі жоқ болмыс – панасыздықтан жоғала бастайды, болмысы жоғалу – сол ұлттың өзінің жоғалуы.
Ұлттық код – тек қазақ халқы ғана емес, әрбір халықтардың өзіндік төлтума тылсымы. Қазіргі жаһандану заманында өркениетті мемлекеттер өзге халықтың ұлттық кодын зерттеумен шұғылданып келеді. Демек, біз де өзге мемлекеттердің ішкі сырын зерделеу үшін алдымен, белгілі бір деңгейде олардың да ұлттық кодына қол жеткізуіміз керек. Ол үшін алдымен, сол халықтың тілін меңгеруге тура келеді. Әрине, елімізде барлық халықтың тілі оқытылмайды. Дегенмен, түрік, қытай, парсы, ағылшын, араб т.б. бірнеше тілді оқытатын оқу орындары көп емес: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті т.б. Ендеше, Қазақстанда тағы да өзге тілдерді оқытатын оқу орындарын ашу мақсаты тұрмақ.
Л.АСҚАР,
Әл-Фараби атындағы ҚаҰУ-дың философия кафедрасының доценті,
Б.АТАШ,
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ұстазы, философия ғылымдарының докторы