Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАЯНДЫ БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ

БАЯНДЫ БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ


«Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады».
Н.Назарбаев.
Барлық заманауи тәуекелдер мен жаһандық жанайқайды қоса алғандағы қазақстандық рухани құндылықтың жандануына бағытталған Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласы – «Рухани Жаңғыру» Ұлтық бірегейлікті сақтау, азаматтар санасының ашықтығы мен білімге баулуын дәріптеу, прагматизм, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен қоғамдық сананы жаңғыртудың маңыздылығын алға тартқан мақала – қазақстандықтардың негізгі бағыты болды. Санамыздың ісімізден озық жүруіне бағытталған мақалада жаңғырудың өзегіне айналған алты жоба айтылған.
Ұлттық бірегейліктің іргетасы ретінде сонда мекендеген барлық этнос мәдениетін және азаматтардың туған өңірін көркейтуге тартқан, «шағын отанның» дамуына үлес қосатын бағыттағы арнайы жобасы – «Туған жер». Тарих пен мәдениетке, адамның рухани дамуына және оның туған жерімен байланысына негізделген «Қазақстанның киелі жерлерінің гео­графиясы» жобасы Киелі жерлер жағырапиясының құрылуына мұрындық болды. Бұл рухани баю мәселесін алға тартып қана қоймай, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, тарихи құндылықтарды көрсетеді. Бұл жоба аймақтық және республикалық киелі мекендерді, олардың тарихы мен ерекшеліктері туралы деректермен қамтамасыз етеді.
Қоғам дамуының басты көрсеткіші болып әрдайым оның мәдениеті тұрады. Осы мәдени жетістіктерді әлемдік деңгейде таныту қажет. «Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасы отандық мәдениеттің жетістігімен барша халықтың танысу мүмкіндігі болмақ. Бұл бөлім суретшілер, әртістер мен шығармашылық ұжымдар, жазушылар мен басқа да мәдениет қайраткерлері, көркем сурет пен әдебиет жайындағы барлық шығармаларды қамтиды.
Жаһандық дәуірде ең бастысы жан-жақты, мүмкіндігі зор, сын мен қатерді ұғына білетін ұрпақ қалыптастыру. Оның ең басты құралы – білім. Әлеуметтік-гуманитарлық салада 100 жетекші оқулық аудармасы – бәсекеге қабілетті, рухани жетілген жаңа Қазақстан ұрпағын қалыптастырудағы нақты қадам. Өз кезегінде тәржімаланған кітаптар мен авторлары, оқулықтарға сілтеме, сонымен қатар, рецензиялар туралы ақпарат береді.
«Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын» анықтауды ұсынған болатын. Жобада Тәуелсіздік кезеңінен өз биігін бағындырған адамдардың тарихы қамтылады. Бұл тарихта түрлі аймақтардағы жастардың, ұлттардың, жеке және қоғамдық өмірдегі әрі жұмыстағы азаматтардың жетістіктері баяндалады. Әлем дамуындағы қазіргі тенденциялар тілге назар аударуды ерекше талап етеді. Сондықтан, қазақ тілінің де әлем халықтарының 75 пайызы қолданатын латын әліпбиіне көшетін уақыты жетті. Қазақ әліпбиінің латын қарпіне ауысуын хабардар етуге бағытталған бөлімде бұл бастаманың терең логикасы бар екендігі айтылады.
«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деп қорытындылады Елбасы бағдарламалық мақаласын. Таяу жылдардағы міндеттер тізбектелген Ұлт Көшбасшысының аталған мақаласы ұлттық сананың кемелденуіне, таптаурын болған қасаң қағидалардың өзгеруіне, бәсекелік қабілетті арттырып, табысқа жетуге бағыт берді. Жаңа тарихи кезеңге жол ашқан жаңғыру – Қазақстанның болашағын баянды ете түсудің зор мүмкіндігі екені даусыз.

Бақытжан МӘДЕН.
17 наурыз 2018 ж. 1 464 0