ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ БІР ЖЫЛ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен танысқаннан кейінгі алғашқы байқайтынымыз, ойды жеткізудегі ерекше мәнерлілік, дәлдік пен қарапайымдық. Сонымен бірге, бұл еңбек мейлінше терең, күрделі әрі кемелдігімен ерекшеленеді. Еліміздегі рухани жаңғырудың тұжырымдамалық бағдары министрден бастап, қатардағы қарапайым азамат түсінетін, баршаға ұғынықты, бай әрі ықшам тілмен жеткізіледі. Сол жылдан бастап Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің Үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріскені баршаға белгілі. Оның басты мақсаты – Ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру болып табылады.
Бұған дейін еліміз жаңа тәуелсіз мемлекетті құру арқылы Бірінші жаңғыруды жүзеге асырды. Содан кейін «Қазақстан–2030» Стратегиясын қабылдады және Астананы салды. Нәтижесінде, еліміз әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді. Бұл Екінші жаңғырудың нәтижелері. Мұның бәрін таратып айтып отыру себебіміз, еліміздің жүйелі әрі дәйекті эволюциялық дамуына бағытталған мемлекеттік саясаттың өзара байланысы мен сабақтастығын көрсетудің мақсаты. Бүгінгі таңда Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру аясында саяси реформа, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру және рухани жаңғыру сияқты үш жаңғыру үдерісі жүзеге асырылып келеді.
Аталған үдерістердің қатарында рухани саланы жаңғырту негізгі бағыт болып табылады. Мұндай байлам жасауға берік негіз бар. Әлбетте, саяси және экономикалық жаңғырудың жетістігі, бірінші кезекте, рухани қатынастар басымдық алатын қоғамдық сананың деңгейіне байланысты болмақ. Сондықтан, бүгінгі таңда рухани жаңғыру ең өзекті міндеттердің алдыңғы қатарына шығып отыр. Бұл орайда, ең әуелі, жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету негізінде түбірлі өзгерістерді қажет етіп отырған осы саланың бүгінгі жай-күйін атауға болады.
Елбасының бағдарламалық мақаласы – бұл, ең әуелі ХХІ ғасырда шынайы өмірде ұлттық сананы айқындайтын және қоғамдық сананы өзгерту жолдарының жалпы бағыттарын белгілейтін дүниетанымдық-идеологиялық мақала. Оның мақсаты күшті әрі жауапты адамдардың Біртұтас ұлтын құру болып табылады. Мақала кіріспеден, «ХХ ғасырдағы ұлттық сана туралы», «Таяу жылдардағы міндеттер» атты екі негізгі тараудан және қорытындыдан тұрады. Ең әуелі, ел Президенті тарапынан бүгінгі таңда адамзат қоғамы жинақтаған аса зор өркениет тәжірибесіне зерделі талдау жасау бойынша қыруар жұмыс жүргізілгенін көруге болады. Біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырларда өмір сүрген Қытайдың ежелгі ойшылы Конфуций адамның өмірі ең әуелі моральмен реттелуі тиіс екенін тұжырымдап берді. Бұған білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасатын дұрыс адамгершілік әдептердің ережесі ли ұғымын насихаттау негіз болды. Қытай өзінің жүздеген жылдардан бергі өмір салтында Конфуцийдің осы өсиеттеріне барынша адалдығын көрсетіп келеді.
Мемлекет басшысының жоғары рухани дамуға қатысты сөзі дүниетанымдық саладағы жаңғыру бойынша қолданылған жаңаша ұғым. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың 6 бағытын белгілейді. Бұл бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «әуелі экономика, содан кейін саясат» атты әйгілі принципі баршаға таныс. Біздің ойымызша, оның сабақтаса дамуы қоғамдық сананы жаңғыртпақ.
Ойымызды қорытындылайтын болсақ, жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру баршамыздан жаһандық өзгерістерге және жаңашылдықтарға дайындықты және ұмтылысты қажет етеді. Өйткені, біз айрықша серпінділікпен жылжып жатқан зымыран уақытта өмір сүрудеміз. Әлемге танымал америкалық экономист Джон Коттер өткен ғасырдың 90-ы жылдары өзінің «Өзгерістердің алдында» атты кітабында бәсекелестерден ілгері болу үшін міндетті түрде өзгерістерді алдын-ала біліп, оны басқара білу қажеттілігін айтқан болатын. Аталған тезис біздің заманымызда да өзінің өзектілігін жойған жоқ.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа тарихи кезеңге тән қатерлер мен тәуекелдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің терең көзқарасын білдірді. Біз біртұтас ұлы ұлттың перзенті екенімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Біздің жолымыз айқын: Жаңару арқылы жарқын болашаққа жету.
Бақытжан МӘДЕНОВ.