Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Архивтегі бір күн

Архивтегі бір күн

21 қыркүйекте Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде «Архив және болашақ ұрпақ» атты ашық есік күні өтті. Қарт тарихтың қойнауында жатқан әрбір парақ құжат пен әрбір жәдігер біз үшін қымбат. Тағы соның бір дәлелі өткізілген ашық есік күні десек, қателеспейміз.
Іс-шара аясында «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің «Шиелі аудандық архиві» филиалының басшысы Ерболат Дүйсенбаев «Архив тарих сақтаушысы, ұлт тарихының қазынасы» тақырыбында кіріспе сөзінен бастады. Келесі кезекте сөз алған архивист Жанат Кенебекова студенттерге «Ұстаздан асқан ұлық жоқ» атты жеке тектік қорлардан көрме ұйымдастырды. Ол көрмеде архив қорында сақтауда тұрған жеке тектік қор иелері Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ұстаз Әшім Аманжолұлы, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі Күлжан Жәукебаеваның және Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің депутаты Қалияш Тұрсынованың құжаттарымен таныстырды.
Архив дегеніміз – бұл өткен, қазіргі және болашақтың байланысы. Бір қарағанда тып-тыныш тұрған ғимарат сияқты көрінеді. Алайда, оның ішінде қайнаған тыңғылықты жұмыс жүріп жатқаны белгілі. Архившілер әрбір тарихи құжатты сақтау үшін бар ерік - жігерін сарп етіп, көз майын тауысып, қызмет етеді. Архивке қабылданған құжат қаншама мамандардың қолынан өтеді. Одан әрі тіркеліп, тігіліп, арнаулы орындарға қойылады. Ылғалдығы мен температурасы сәт сайын реттеліп отыратын қоймаларда сақталады.
Ашық есік күнінің басты мақсаты – білім алушыларға тарихты жасау мен қалыптастыру жолындағы қиын да, қызықты архив қорындағы жұмыстарды барынша баяндап беру. Сондай - ақ, ардагер ұстаздардың өмір жолын біле жүрсін деген ниетпен келешек ұрпаққа насихаттау.
Айта кетейік, архившілер Жанат Ментаева мен Назира Төлешова жастарға «архив - халық мұрасы» екенін түсіндіріп, ондағы жұмысты көрсетіп, қорытындылады. Осындай игі шаралар көп болса, жас ұрпақ ата-баба аманатын бойларына сіңіріп, өз елінің нағыз патриоты болып тәрбиеленіп өседі.

Айнұр Ибрашева,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ

25 қыркүйек 2023 ж. 166 0