Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕНТ КӨРКЕЙСЕ – ҚУАНЫШ

КЕНТ КӨРКЕЙСЕ – ҚУАНЫШ

90 жылдық тарихы бар Шиелі кенті соңғы жылдары бұрынғысынан да көркейіп, көгалданып келеді. Күрмеуі шешілмеген түйіткілді мәселер де оң шешімін табуда. Әрине, бұл – қуаныш. Дегенмен, кент ішінде қазіргі таңда күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселелер де жоқ емес. Солардың бірі – кент тазалығы мен ардагерлердің ­ахуалы. Міне, осындай мақсатта жуырда Шиелі кенті әкімі Аманкелді Шералыұлы және кент ардагерлер кеңесінің төрағасы ­Болат Күлімбет аудан және кент ардагерлеріне атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Кездесуде кент әкімі А.Шералыұлы өткен жылы атқарылған істерді баяндап, алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар бірқатар кемшіліктерге тоқталып, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді. Баяндама барысында кент аумағын көркейту көгалдандыру, абаттандыру, жол мәселесі бойынша және тазалық жұмыстары жөнінде сөз сөйледі. Ең әуелі А.Шералыұлы:
– Жыл сайын кент аумағында көркейту, абаттандыру, сондай-ақ тазалық жұмыстары тұрақты назарда. Өздеріңіз көріп жүргендей, 2022 жылы да бірқатар істер жүзеге асты. Атап айтар болсақ, Жақаев көшесінің бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар кенттегі аспалы көпір айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Аталған аспалы көпір үстіне және Яссауи, Дәулеткерей көшелеріндегі бағаналарға жарық шамдары орнатылды. 37 аялдама сырланып, оның бүлінген, сынған жерлері қалыпқа келтірілді. Одан бөлек орталық стадионның қоршау шарбақтары жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолы төселді. Кент ішіне 5 дана жарықдиодты «лэд» экран орнатылды. Әбдікәрімов көшесінің бойындағы жаңадан салынған 18 пәтерлі көп қабатты бес тұрғын үйдің ауласын ­абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолына жабындытас төсеу және жарық бағаналары қойылды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, мердігер «Ай Аружан» ЖШС компаниясы арқылы 24 көшеге 240 дана жарық бағаналарын орнатты. Мердігер «Шиелі жарығы» ЖШС компаниясы да жеңімпаз атанып, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарып жатыр. ­Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлының тапсырмасына сәйкес кент аумағының тазалық жұмыстарына жауапты мердігер мекеме мен кент ішіндегі көшелерден тұрмыстық қатты қалдықтарды алып кету кестесі жасақталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Тазалық жұмыстары бойынша кент аумағандағы иесіз қалдықтарды шығару, көшелерге су себу, қыс мезгілінде қарын күреу, тұз қоспасы бар құм себу жұмыстары ­бойынша «Магнит» мердігер компаниясы өз жұмыстарына қырағы. Барлық мемлекеттік мекемелер де әр апта сайын сенбілікке шығады. Ал тазалыққа ­жауапты компаниялар тек кент тазалығын ғана емес, арық ішіндегі қоқыстарды да назардан тыс қалдырмайды. Халықтың сұрауы бойынша, теріскей беттегі өткел жөнделіп жатыр. 2023 жылы да кент ішін көркейту, көгалдандыру бағытында бірқатар істер атқарылатын болады, – деді А.Шералыұлы.
Кент әкімінің қысқаша есебінен кейін тұрғындар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өз мәселелерін жеткізді. Атап айтар болсақ, кент ішіндегі көптеген көшеде арнайы қоқыс жәшіктерінің жоқтығы басты мәселеге айналып отыр. Тұрғындардың айтуынша, былтыр әр көшеге орнатылған қоқыс жәшіктері биыл алынып тасталған. Соның салдарынан көшенің сәні кетіп, кент ішіндегі қоқысты ит пен құс шашып, одан шығатын жағымсыз иіс қолқаны қауып, қолайсыздық тудырады. Тұрғындардың бұл базынасына кент әкімі төмендегіше жауап берді:
– Кент ішінде 8 мыңға жуық үй бар. Қазіргі таңда әр көшеге қоқыс жәшігін орнатуды жоспарлап отырмыз. Былтырғы жылы тапсырыс берген қоқыс жәшіктерінің көлемі шағын, сапасы нашар болды. Оны тазалыққа жауап беретін мердігер компаниялар да жоққа шығармайды. Жәшіктер – көшенің сәнін кетіріп, қоқыстар шашыла берген соң ­алынып тасталды, – деді А.Шералыұлы.
Бұдан бөлек, кент ішіндегі кейбір көшелердің қазіргі ахуалына бірқатар тұрғындардың көңілі толмайтыны білінді. Мәселен, тұрғындар бұрыннан халық тұратын көшелердің жолы жөнделмей жатып, әлі үй салынбаған көшелерге асфальт төселгеніне наразы.
– Мен кент ардагерімін. Жаңа бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын баяндадыңыз. Мысалы, Шорабаев көшесін айтып отырсыз. Ол жақта мүлде үй жоқ. Ал үй жоқ көшеге асфальт төселсе, ертең су,газ тартылатын болса, көше қайта қазылып, бүлініп, еңбек еш кетеді. Сондықтан қаражаттың өзі дұрыс игерілуі тиіс. Менікі тек ұсыныс қана. Оның орнына теріскей беттегі жөндеуді қажет ететін бірқатар көшелерге қаражатты бағыттау қажет, – деді ардагерлердің бірі. Бұған кент әкімі:
– Иә, ұсынысыңыз өте орынды. Сіздің көтеріп отырған мәселеңізді міндетті түрде қайта қарастырамыз. Кент ішінде де күрделі және орташа жөндеуді қажет ететін көшелер жоқ емес. Жалпы 2022 жылы жол жөндеу жұмыстарына 208 млн 860 мың теңге бөлініп, 14609 метр асфальт төселген болатын. Бөлінген қаражаттың игілігін көрмеген көшелер осы жылы жөндеуден өтетін болады. 2023 жылғы жол жөндеу жұмыстарының жоспары ­бойынша құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім жолданды. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда жобалық құны 570 млн теңге болатын кенттегі орталық көшелерді орташа жөндеу жоспарланып отыр, – деді.
Кент ардагерлерінің ұсыныстары мен көтерген мәселелері мұнымен тоқтаған жоқ. Көңіл көншітпейтін өткір де өзекті тақырыптар жиында сөз болып, ашық талқыланды. Көше жарықтары мен ауыз су, аяқ су мәселелері де қозғалып, олардың оң бағытта шешілуі талап етілді. Кент әкімі А.Шералыұлы тұрғындардың талап тілегін тыңдап, мәселелерді кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, есеп беру жиынын аяқтады.
Бұдан әрі жиында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбет ­аудан және кент ардагерлеріне өткен жыл көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Аталған жиында ­Болат Күлімбет кентте 8 мыңға жуық ардагер барын атап айтып, 2022 жылдың басында олардың саны 87 адамға толыққанын жеткізді. Қазіргі таңда аудандық телекоммуникация және пошта торабынан кент ардагерлерінің бастауыш ұйымдары ашылып, 61 ардагер қосымша есепке алынған. Былтырғы жылы кент ардагерлері бірқатар ауқымды жұмыстар атқарып, кенттің көркеюіне үлес қосқан. Атқарылған ілкімді істер есеп беру барысында толық ­баяндалды. Сонымен қатар жиын барысында 2023 жылы атқарылатын жұмыстар таныстырылды. Атап айтар болсақ, кент ардагерлерін медициналық тексерістен өткізу, аудандық емхана ішінен қарттарға қарайтын арнайы медицина маманы яғни «гериатр» мамандығын ашуды ұйымдастыру, сондай-ақ кент ардагерлер кеңесіне түскен арыз-шағымды уақытылы қарап, ондағы көтерілетін мәселелердің оңтайлы шешімін табуға ықпал ететіндіктерін жеткізді.

Сымбат СҰЛТАН
06 ақпан 2023 ж. 269 0