Келелі мәселелер көтерілген отырыс
Елбасының бес институционалды реформасы – елді дамытудың өзегі екені белгілі. Оны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында республикада қоғамдық кеңестер құрылды. Бұл мемлекеттің халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі саясатын іске асырудың бір бағыты. Осы орайда, Шиелі ауданында қоғамдық кеңестің өз жұмысын бастағанына да 4 жылдай уақыт болды.
Жақында аудандық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Д.Насибеков, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Д.Жакеев пен кент әкімі Ғ.Аманжолов есепті кезеңде атқарылған жұмыстардың есебін беріп, алдағы міндеттер жөнінде хабарлама жасады. Отырысты қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев жүргізді.
Шиелі ауданындағы сан түрлі саланың жұмысын саралап, кем-кетігін назарға алып, атқарылған істің бағасын беретін аудандық қоғамдық кеңес жыл сайынғы үрдісінен жаңылған емес. 15 сәуір күні өткен қоғамдық кеңес отырысында білім бөліміне қарасты балабақшалардың жай-күйін назарға алды. «Балапан» бағдарламасы іске қосылғалы бері аудан бойынша 73 балабақша жұмыс істеуде. Оның 48-і кент орталығында орналасса, 23-і ауылдық жерлерде. Бүгінгі таңда, барлығы 4455 бала қамтылған. Аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Д.Насибеков баяндама жасап, жалпы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары турасында сөз қозғады. Отырыс барысында кеңес мүшелерінің назарына ілінген кемшіліктерде айтылды. Мәселен, балабақшалардағы кадр мәселесінің аздығы, қаралған қаржының тиімді игерілмеуі, балаларға қажетті көрнекіліктер мен ойыншықтардың аздығы, мамандардың білік деңгейінің жоқтығы айтылды. Жеке балабақшаларда арнайы дипломы жоқ, ұл-қыздары, келіндері, таныс-тамыр арқылы жұмысқа алынғаны да байқалды. Бұл барлық балабақшаға ортақ дерт екені де жасырын емес. Сондықтан, ата-аналар да балаларын балабақшаға бергенде талап қойып, ескерсе деген пікірлер айтылды. Білім бөлімінің басшылығы мен құрылтайшыларға қоғамдық кеңес мүшелері де өз ұсыныстарын берді. Қызметкерлердің айлық жалақысын карточкалық жүйе арқылы беру, тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілерінің штаттық нормаға сәйкестігін қадағалау, балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, төсек жабдықтар, ыдыс-аяқтар, ойыншықтар алуға қаржы көзін қарастыру қажеттігін нықтады.
Одан кейін аудан экономикасының ахуалы ауылдарға бөлінген қаржының қайда, қалай жұмсалатындығын хабарлаған Д.Жакеев биылғы жылы кент ішін көркейтуге 120 млн теңге қаржы бөлінгенін айтты. Сала басшысының сөзіне сүйенсек, Қарғалы әкімі аппаратына М.Ахметов көшесін орташа жөндеуге 10 млн 385 мың теңге, Талаптанға жаттықтыру алаңын орнату үшін 6 млн теңге, Қарғалыдағы Бейбітшілік көшесін орташа жөндеуден өткізу мақсатында 9 млн теңге, Ақмая ауылының төлқұжатын орнатуға 7 млн 753 мың теңге, балалар ойыны мен жаттықтыру алаңын орнатуға 13 млн теңге бөлінген.
Сондай ақ, Керделі әкімі аппаратына абаттандыру жұмыстары мен балалар ойын алаңы және Н.Бекежанов, М.Қалдыбаев көшелерін орташа жөндеуден өткізу мақсатында 55 млн 344 мың теңге, Алмалыдағы №21 бекет ауылына балалар ойын алаңын салу үшін 13 млн теңге қаржы қаралғанын тілге тиек етті. Олай болса, биылғы жылы ауыл аймақта оңды өзгерістердің көп боларына сенім арттық.
Жалпы, қоғамдық кеңес мүшелерінен құрылған комиссия кенттің 2020 жылғы санитарлық тазарту, көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру барысына бақылау жасаған болатын. Бұл турасында кент әкімі Ғ.Аманжолов кенттің абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары туралы баяндама жасады. Кеңес отырысы барысында қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев: «Өткен жылы Яссауи көшесінің темір жол жақ бетіне 1070 түп, Әбдіқадіров көшесіне 1430 түп көшет және күзде 1000 түп көшетті 7 900 000 теңгеге Лесхоз мекемесі отырғызды. Алайда, жыл сайын мыңдаған көшет отырғызғанымен көктеп шығатыны некен саяқ. Күтімсіз көшеттер көгермейді. Кент ішінде жасыл желектерді күтіп ұстау, кентішілік каналдарды қазуға қаражат қаралғанымен аяқ су мәселесі әлі де өзектілігін жоймай тұр», – деді.
2021 жылы санитарлық тазалықты ДК «Жеңсікбаев» өз жауапкершілігіне алып, өңірді қоқыстан тазарту жұмысына кірісті. Келелі кеңесте көтерілген осы сынды мәселелер кеңінен тарқатылып, алдағы уақытта олқылықтарың орнын толтыру бағытында жұмыс істеуді тапсырды. Мәселен, көптен бері тұрғындардың түйіткіліне айналған М.Шоқай, Сейфулин, Рысқұлов, Кәрімбаев, Желтоқсан көшелеріндегі аяқ судың шешімін табу керектігі айтылды. Оған қоса, Ш.Бакиров көшесінің сол жақ бетінде бос жатқан Р.Бөлебай көшесіне дейінгі жерге көркейту, абаттандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Шапағат Тілеубаев