Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерлі өрендер жүлдесі

Өнерлі өрендер жүлдесі

«Адамның жан дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек», депті Назым ­Хик­­мет. Шынында, шын өнер – тазалықтың символы. Ақын сөзінің арғы жағында сол өнердің құдіреті, оған бет бұрған адамның кіршіксіз ниеті жатыр десек жарасар. Ал осы өнерге бет бұрған жас ұрпақтың жетістігін атап, оған ортақ болу, ілтипат білдіру де жақсылық нышаны.
Жуырда Ақтөбе қаласында өткен «Дарындар Alemi» атты Халықаралық шығармашылық ассоциациясы ұйымдастырған «Әр бала – Жұлдыз» атты өнер байқауынан Бестам ауылының №205 орта мектеп оқушылары жүлдемен оралды. Эстрадалық вокал жанры бойынша 7-9 жас аралығынан Амир Асқар III орынды иеленсе, 10-14 жас аралығынан Айзере Серік ІІ орынды қанжығаға байлады. Ал 6-7 жас аралығындағы өнерпаздар ішінен Ақжүніс ­Бекзада топ жарып ГранПри-ды иеленді.
Бестамдық жас өнерпаздардың бұл алғашқы жеңісі емес. Үнемі үлкен додаларда топ жарып жүрген шәкірттердің бапкері №205 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Жанна Үркімбаева. 2006 жылдан бері Бестам ауылында ұстаздық қызметін жалғастырып жүрген Жанна ауылдағы жас жұлдыздардың сахна төріне қадам басуына септігін тигізіп келеді. Қазіргі таңда ол мектеп жанынан «Көңілді ноталар» атты үйірме ашып, Амир Асқар, Ерсұлтан Ерімхан, Айзере Серік, Аруназ Тұрман, Нұрайым Шакидаева, ­Инабат, Нұрсая ­Арыстанбекова, ­Мерей Ерімхан сияқты оқушылармен вокалистер тобын құрып жұмыс істеуде.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев осы жылға «Балалар жылы» деген айдар тағып, үлкен мүмкіндіктер сыйлады. Жыл басынан бері дарынды балаларға арналған түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Бұл қарапайым ауыл балаларының өнерін шыңдай түсу үшін таптырмас мүмкіндіктер десек те болады. Мен үшін әр бала – жұлдыз. Оның бойындағы талантты ұштап, жанарындағы үмітті өшіріп алмау үшін барымды саламын. Бүгінгі жетістігіміз шәкірттерімді одан әрі қанаттандыра түскеніне қуаныштымын, – дейді ұстазы ­Жанна Шерәліқызы.

Г.ӘБДІХАНИ
19 желтоқсан 2022 ж. 366 0