Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер әлімінің Гәккуі

Өнер әлімінің Гәккуі

«Өнер – жұтамас байлық, таусылмайтын азық» демекші, өмірін өнермен байланыстырған жандар арамызда бар. Олардың тынымсыз еңбегі мен үздіксіз ізденісі талай жетістіктерге жеткізіп жүр. Сондай жанның бірі – Гәкку Тұрсынбай.
Ол Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында туып өскен. 2014 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтынан музыкалық білім алады. Содан бері өнер саласында еңбек етіп келеді.
Гәкку бала күнінен атына заты сай қыз болып өсті. Тамылжыта ән салғанда тыңдаған жанның құлақ құрышы қанатындай еді. Мектеп қабырғасында жүргенде де ешбір мерекелік шара Гәккудің әсем әнінсіз өтпейтін.
2020 жылы Шиелідегі Еңбекші ­ауылына келін болып түседі. Сөйтіп Гәкку Жеңісқызы ауылдағы мәдениет үйінде ­акомпаниатор мамандығы бойынша еңбек жолын жалғайды. Сол сәттен бастап үйірме қатысушыларын өнерге баулып келеді. Аз ғана уақыттың ішінде алдына келген оқушылардың қарым-қабілетін шыңдауға, әртүрлі аспапта орындауға бейімдеуде талмай еңбектеніп зор жетістіктерге жете білді. Оған дәлел бүгінде Гәкку баулыған шәкірттер түрлі деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанып жүр.
Талантты адам барлық жағынан да талантты болатынына ешкімнің таласы жоқ болар. Гәкку де тек ән айтып, аспаптарда орындаудың ғана шебері емес, он саусағынан өнері тамған нағыз талант. Әсіресе Гәккудің қолынан ас ішкендер, дәмділігін сөзбен айтып жеткізе алмасы анық. Тағы бір таңқаларлығы Гәкку Жүнісқызы медициналық білімі болмаса да, ине салудың шебері. Иә, ол жақындары сырқаттанса дәрігерлер тағайындаған инені өзі салып, ем-домын жасай береді.
Қысқасы Гәккудің қолына алған қай істі болсын ұршықша үйіріп алып кететініне айналасындағылар сүйсіне қарайды. Содан да болар, ол туған-туыс пен достардың да, әріптестердің де арасында сыйлы.
Жүрек қалауымен өнер айдынына қонып, сондағы қайнаған өмірдің ортасында өзіндік қолтаңбасымен, еңбегімен ерек болып жүрген Гәкку Тұрсынбайдың қос ішектен күй төгіп, жүректі қозғар әуендерінің халық ықыласына бөленіп, шәкірттерінің талай шыңдарды бағындыра беретініне сенім мол. Өйткені ол өз мамандығының майталманы.
Жақындарының тек жақсылығы мен қуанышына ортақтасу, балаларының үлкен жетістіктерін жан-жарымен бірге көру – оның бар арманы осы. Ал қалғаны әркімнің өз қолында, тек дұрыс әрекет, тіршілік ете білу керек деп түсінетін Гәккудің өмірлік ұстанымы – «Адам болып келдім өмірге, адам болып өту тілегім, бәріңе соны тіледім…» дегенге саяды.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
14 желтоқсан 2022 ж. 455 0