Мектеп мерейін тасытқан
Білімділік, шеберлік, тынымсыз еңбек, асқан жауапкершілік сияқты қасиеттер ұстаздық жолын таңдаған әрбір жанның бойынан табылары анық. Шәкіртіне білім нәрін сеуіп, бойына ең жақсы қасиеттерді дарытып, ұлтжанды азамат болып тәрбиеленуі үшін барын салып, дұрыс бағыт-бағдар беруді өзінің міндеті санаған ұстаздар қауымының еткен еңбегі мақтауға тұрарлық. Сондай ұлағатты жанның бірі – Салима Апбасова.
С.Апбасова – Шиелі ауданының тумасы. Ол 1978 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика факультетіне оқуға түсіп, 1983 жылы тәмамдайды. Еңбек жолын кенттегі №47 М.Ломоносов атындағы орта мектептің физика пәні мұғалімінен бастап, директор қызметіне дейін жоғарылайды.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген болатын. Яғни мұғалім сауатты болса, білім алған шәкірті де сондай болады дегенге саяды. Демек аталған мамандық үздіксіз ізденісті талап етеді. Біз айтып отырған кейіпкер де 2002-2015 жылдары Республикалық білім беру жүйесі басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын институт базасында тәжірибе жинақтаған. Білім жолында жеткен жетістері де жетерлік. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің «Құрмет» грамотасы және «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 75 жылдығына, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік медальдардың иегері атанған.
Ол өзінің жаңашыл маман, білікті басшы екенін түрлі байқауларға қатысып, сан мәрте дәлелдеді. Орта Азия мемлекеттері ғылыми-педагогикалық қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік директор» байқауының жеңімпазы атанып, Шиелі ауданының 90 жылдығына арналған мерекелік медалдарын иемденгені өзі қызмет атқарып отырған мектеп ұжымы үшін зор қуаныш болды.
С.Апбасова басшылық жасаған жылдары жоғарыдағы аталған мектеп ұжымы абырой биігінен көріне білді. Яғни №47 М.Ломоносов атындағы орта мектеп 2007 жылы «Ауданның тірек мектебі», «Ауданның ең үздік өнер ордасы», 2009 жылы облыстың «Үздік жалпы білім беру мектебі» мен «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы», 2010 жылы «Ауданның ең үздік тағылым ордасы», 2013 жылы «Алтын белгі иегерін тәрбиелеген мектеп», 2014 жылы «Ауданның ең үздік шығармашылық ордасы», 2015-2016 жылдары «Ауданның ең үздік білім ордасы» номинацияларын иеленгенінен-ақ басшысының білім биігін саралай беріңіздер. Жыл сайын түлеп ұшқан әрбір шәкірті білікті маман атанып, елге қызмет етуде.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде жаңа инновациялық зерттеулерді жүргізуді іске асыратын іскер басшының қарамағындағы ұжым да аудандық, облыстық кәсіби байқауларда жеңімпаз атанып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп келеді. Осы білім ордасы облыстағы инновациялық мектептер қатарында жаңа бағытта жұмыс істеуде.
Ғұмырының 17 жылын шәкірт тәрбиелеуге арнап, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында орта мектепті инновациялық мектеп-лицей дәрежесіне жеткізіп қана қоймай, шәкірттерінің жүрегінен ойып тұрып орын алған ұстаз, ұжымын ауызбіршілікпен басқарып, жетістікке жетелеген жан ретінде биіктерден көрініп жүр.
Фариза
КЕНЖЕШОВА