Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірін ұстаздықпен өрнектеген

Өмірін ұстаздықпен өрнектеген


Ауданда Сәулебай Аймахановты білмейтін жан жоқ шығар?! Айтатын ойы анық, сөйлейтін сөзі тік келетін абзал азаматпен тілдесе қалсаңыз, жақсы әсерге бөленіп шығасыз. «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң – биіктей береді, үңіле қарасаң – тереңдей түседі, қол созсаң – қарсы алдыңда, айналсаң – артыңда тұрғандай» деп Сократ айтқан тәмсіл сөз еске түскен сайын өнегемен өрнектелген өмірі көпке үлгі болған, халқына адал қызмет етіп, шарапат нұрын шашып жүрген ұлағатты ұстаз. Бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған, ұстаздықтың мәртебесін көтерген, қоғамнан ойып тұрып орын алған, өзін көпке сыйлата білетін арда туған ардақты тұлға ауданның «Құрметті азаматы» 80 жасқа толды.

Ұлттық педагогиканың тарих сахнасында өзіндік із қалдырып, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыра білген, ұрпаққа ғибрат тұтар дара тұлға – Сәулебай Аймаханов. Ол жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, білім саласында ұзақ жылдар бойы үздіксіз қызмет етіп келеді. Осыншама мол, игілікті еңбек қандай адамға болсын зор мәртебе саналары анық. Оның үстіне ұстаздың еңбегінің сан қырлы екеніне көз жетеді. Сәулебайдың азаматтық тұлғасында туа біткен асыл қасиеттер көп-ақ. Соның бірі – өз ұлтына деген зор сүйіспеншілігі десек, қателеспейміз.
Сәулебай Аймаханов 1939 жылдың 7 нау­рызында Шиелі ауданы Жиделіарық ауылында дүниеге келген. Мектеп табалдырығын 1957-1958 оқу жылында Шиелі кенті №45 октябрьдің ХІV жылдығы (қазіргі «Ақ-Орда») қазақ орта мектебін бітіріп, Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін тәмамдап, өмір-өзенде бақытын ұстаздық жолдан тапты. Ең алғаш еңбек жолын өзі туып-өскен жерінде, білім алған ошағы №45 қазақ орта мектебінің химия пәні мұғалімі болып бастайды. Тәлім-тәрбиесі түзу, жауапкершілігі мол мұғалімнің еңбегі еселеніп, 1964-1965 оқу жылының 12 сәуірінен бастап мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1967-1968 жылы аудандық білім бөлімі жанындағы аудандық сырттан оқыту орта мектебі және орта мектептер жанындағы консультациялық бөлімді басқарған. Ал 1972 оқу жылынан бастап аудандық білім бөлімінің оқу жөніндегі бас инс­пекторы, 1978 жылдан зейнетке шыққанша 25 жыл кенттегі №47 М.В.Ломоносов атындағы қазақ орта мектебінің директоры қызметін абыройлы атқарады. Бейнеттің зейнетін көріп, еңбек демалысына 2003 жылы шығады. Сол жылы зейнетке шықса да қоғамдық жұмыста белсенді болғаны үшін «Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары С.Терещенконың «Құрмет» грамотасын алады.
Мектеп басқару іс-тәжірибесі жөнінде «Іскер басшы», «Ұстаздық жолы – үлгі» деген кітап жинақтары облыс, аудан деңгейінде таратылды. Тынымсыз ізденімпаздығының арқасында «Оқушыларды халықтық педагогика негізінде тәрбиелеудің маңызы», «Мектепте нашар үлгерушілермен жұмысты ұйымдастыру» сияқты ізденіс жұмыстары жоғары бағасын алып, оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде іске асырылып келеді. Шығармашылық пен ізденіске толы ғибратты ғұмырында «Қазақстан мұғалімі» журналында «Валенттілік бойынша формула құрастыру», «Химия пәнінен тәжірибелік сабақтардың маңызы», «Ион алмасу» тақырыбындағы түрлі тәжірибесі де жарық көреді. Ғылымның тереңіне сүңгіп, білім көкжиегін кеңейтуге барын салған ұстаздың еңбек жолы осындай. Еселі еңбектің еленбей қалуы мүмкін емес. Бірнеше рет облыстық білім бөлімінің грамоталарымен, «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2017 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі атынан «Ұлт ұстазы» медальмен марапатталады. Сонымен қатар «Социалистік жарыс озаты» төс белгісімен үздіксіз 4 жыл бойы марапатталып, көптеген шәкіртке өнегеліліктің үлгісін көрсетіп келді. Дүниедегі барлық ізгілік пен салмақтылық осы кісінің бойынан көрініс тапқандай. Қарапайымдылығымен қай жерде жүрсе де беделге ие болды. Қоғамдық жұмысқа белсенді болып, аудандық және поселкелік мәслихаттың депутаттығына да бірнеше рет сайланады. Түрлі жетістік мен марапатын қатар-қатар жиып қойған білім саласының ардагері «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» медалімен, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталады. 2018 жылы ауданның «Құрметті азаматы» атанады.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы», «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан қалыптасады», – дейді. С.Аймахановтың алдынан талай шәкірт білімге сусындап, үлкен өмірге қанат қақты. Бүгінде білім берген шәкірттерінің көбісі ұстазының жолын қуып, білім ордасында жұмыс істеп келеді. Л.Толстой «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол нағыз ұстаз» дейді. Расында біздің кейіпкеріміз әрбір шәкіртіне ерекше ықыласпен қарап, бар білген-түйгенін үйретуден жалыққан емес. Өзі тәрбиелеген кадрларының біршамасын атап айтар болсақ, Ә.Апбасова №47 қазақ орта мектебінің директоры болса, С.Нұрманова осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі, Б.Нақыпов тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаруда. Сондай-ақ Ж.Ахантаев Алматы қаласында мектеп директоры, Ә.Болатбекова М.Шоқай атындағы орта мектепте директоры, ал Ж.Рыспембетова мен Ә.Алыпқашова оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абырой биігінде атқарып келеді. Тізіп айта берсек, көптеген шәкірті білім саласының биігінен көрінуде. Мектеп басқаруда, білім беруде жаңа серпін, тың өзгеріс әкеліп, әріптестер арасында сыйлы қызмет атқарған С.Аймаханов 2007 жылдан бастап Шиелі ауандық «Туған жер» қоғамдық қозғалысы қауымдастығы қоғамдық қабылдау бөлімінің инспекторы, 2008 жылдан бастап аудандық мұғалімдер ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарады. 2010-2016 жылдары аралығында аудан әкімінің білім саласы жөніндегі кеңесшісі болды. Зейнет жасына жетсе де еңбектен жырақтамаған ардагер білім саласына мағыналы ғұмырының бәрін сарп етіп келеді. Самайдағы ағарған шашының әрбір талында талмас еңбек, қажырлы қайраттың табы жатыр.
Өмір жолында талай азаматтың бағыт-бағдарының жүйелі қалыптасуына тікелей ықпал жасаған, тектілігі айшықталып тұратын нар тұлға Сәулебай Аймаханов әрдайым ар-ожданның биігінен көрініп, адамгершілік деген ұлы ұғымның туын желбіретіп келеді. «Көңіл аудар даналардың сөзіне, адал жанды өнеге тұт өзіңе» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, бүкіл өмірі үлгі болған, жақсының жақсы ісін айту, оны өмірге өнеге ету — парызымыз.

Жұлдызай
Ноғайбайқызы

02 шілде 2019 ж. 759 0