еңбектің жемісі де, жеңісі де ерекше
Мамандық – бұл адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс – табыс биігіне жеткізетін қанат. Осындай қанатты жандардың бірі де бірегейі – Балхаш Томаева.
Өз кәсібінің жай-жапсарын жетік білетін, мамандығының қыр-сырын үздік меңгерген маманды кім қадірлемейді, кім сыйламайды?! Бұл кісінің аты да, заты да ерекше десем артық айтқандық емес. «Балхаш» десе «би», «би» десе «Балхаш» атаулары аудан тұрғындарының аузында қатар аталады. Содан да болар, жұрт биге икемі бар балаларын нақ осы Балхаш апайдың қолына әкеліп тапсырады. Бүгінде мамандықты өз қалауымен емес, «әйтеуір грантқа түссем болды» деген оймен түсіп, сол бойынша жұмысқа орналасып алып, меңгере алмай жүрген жандар қаншама. «Бір күнім өтсе болды» дейтін маманның жұмысы қалай оңға басып, жетістіктерге жетсін?! Осы жолда біз тілге тиек етіп отырған Балхаш Томаева нағыз еңбектің үлгісі деп көрсететіндей өз ісінің шебері. Бүгінде зейнеттік демалысқа шықса да жастарды өнерге баулып, бидің қыр-сырына қанықтыруда.
«Шиелінің Шарасының» өмір жолдарына үңілер болсақ, 1959 жылы 30 қарашада Жексенбі мен Натидың отбасында Қызылорда қаласы, Тасбөгет қыстағында дүниеге келеді. Өзінің балалық шағы, отбасы жайында айтқанда Балхаш Жексенбіқызының жанарында сонау артта қалған қымбат кезеңге деген сағынышын байқадық. Ол – заңды да.
– Жанұяда он баланың үлкенімін. Әкем Жексенбі ақжарқын, ақкөңіл әзілқой кісі еді. Жастайымнан мені ән мен биге яғни, өнерге баулып, үйге келген қонақтардың алдында ән салып, би билетіп мақтанатын. Анам Нати болса, бәріміздің өнерімізді тамашалап, қабақ шытпай жүруші еді. Анам үнемі бізге өтірік айтпа, ұрлық жасама деп ескертіп отыратын. Үлкен кісінің бетіне тіке келіп сөйлеуге болмайды деп тәрбиеледі. Осы тәрбиенің бәрі өмірде маған сабақ болды және оған ризамын, – деді. Иә, ата-ананың үлгілі тәрбиесінде өскен жанның өнер әлеміне деген қызығушылығы арта түсті. Сөйтіп, 1977 жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық университеттің «Музыка және ән» факультетіне оқуға қабылданады. Оқу орнында да белсенді студенттер қатарында болып, өнерін ұштай түсті. Бұл туралы:
– Университетке түскен күннен бастап, «Сыр сұлуы» ансамбілінің бишісі болдым. Қазақстанның халық әртісі
Даурен Абировтен сабақ алдым. Оқуды аяқтаған кезде маған «би үйірмесінің жетекшісі» деген куәлік берілді, – дейді. Жоғарғы оқу орнын аяқтап, өмірлік серігі Абай Алтынбековпен шаңырақ көтереді. Шиеліге келгеннен соң аудандық әуез мектебіне қызметке орналасады. Өнер жолы қашан да ауыр жол екені мәлім. Ал, қыз баласы үшін, тіпті де оңай емес. Өмірге Алла берген алты баланы әкеле отырып, өнер жолынан өзін алыстатпаған жанның еңбегіне тәнті болмасқа шараң жоқ. Күш пен жігер, ақыл мен қайрат өнер жолын қуған адамның бойындағы болмыс қасиеттер. Талай жылғы еңбегі жемісті де жеңісті болды. Бұлай деуімізге, халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары болып жеңіспен оралуы себеп. Бірнеше телевизиялық сайыстардан да сүрінбей келеді. Осы әуез мектебінде бірнеше жыл бойы балаларды би өнеріне баулып, ансамбль құрып, өнердің баспалдақтарына қадам бастырып, елге танытып жүр.
Иә, өнер өлшенбейді. Әр істің үздік маманы, яғни шебері болады, оның бағасын көпшілік береді. Біреу үй қалаудың, біреу сәулетшіліктің, біреу жазушылық өнердің маманы дегендей. Әрқайсысы өзінің қолынан келгенше жұмысын атқарып жатады, бірақ, солардың ішінде туғаннан бар көңілімен, жүрегімен, білімімен сол мамандыққа бейім мамандар болады. Бұны дарын дейміз бе, Жаратқанның сыйлаған болмысы дейміз бе – әйтеуір сондай адамдар ғана түбінде сол мамандықтан тұла бойы тұнған талабының арқасында жетіліп, сол мамандықты да жетілдіреді.
Біздің бұл мақала арқылы көздегеніміз – бір адамды көрсету емес, мамандыққа деген сүйіспеншілікті, адалдықты дәріптеу еді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бұған дейінгі «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасында көрсетілгендей, алға мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында белсене еңбек етуіміз қажет. Өз өмірін қол жеткізген мақсаттары мен орындалған армандарының әдемі көріністерімен айшықтай білген жандарды насихаттау арқылы жастарға қандай да бір парасатты ой ұялата білсек, мақсатымыздың орындалғандығы.
Бет қатталып жатқанда:
Редакцияға өнердің «Киелі ордасы» аталып кеткен Алматыдан ақжолтай хабар келді. Балхаш Томаеваның жетекшілігіндегі «Жұлдыз» би тобы «Біз – өмірдің гүліміз» республикалық байқауынан ауданның абыройын асқақтатып, бас жүлдені жеңіп алыпты. Ал, нақ осы топтың кіші тобы да 1 орынға лайық деп танылыпты. Міне, нағыз еңбектің жұлдызды сәті. Жүлделеріңіз құтты болсын, «Жұлдызбен» жұлдызы жанғандар.
Дина Жүсіпова.