БОЛАТТЫҢ БЕКЗАТ БОЛМЫСЫ
Туған жері үшін адал қызмет етіп, өз заманында оқ бойы озық, шаруасына мығым болған бекзат болмыс иелері ауданда баршылық. Солардың тындырымды тірлігін үлгі етіп, ақпараттандыру біздік міндет. Елдің құрметіне бөленіп, өмірден өз орнын дұрыс табу екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақыт. Тынымсыз еңбек пен ұдайы ізденістің арқасында ғана көздеген мақсатқа жетуге болады. Сондай мақсатшыл азаматтардың бірі, ауданның ілкімді дамуына өз үлесін қосқан жан – Болат Медетбекұлы.
Болат Медетбекұлын елдің ардақтысы деуге толық негіз бар. Кезінде ауданның толық электр жарығымен қамтамасыз етілуіне бірден-бір үлес қосқан білікті маман. Сәйкесінше сол еңбегі еленіп, ауданның «Құрметті азаматы» атағы да берілді.
Текті әулеттің ұрпағы Б.Медетбекұлы 1937 жылы өмірге келген. Ол 1955 жылы Төменарық ауылындағы Романов атындағы орта мектепті тәмәмдаған. 1972 жылдан 1997 жылға дейін ширек ғасыр тапжылмай Шиелі аудандық электр жүйесін басқарып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. «Ұйымдастыру қабілеті жоғары, «тілсіз жаудың» тілін жетік меңгерген байыпты, сабырлы да салмақты іскер жігіт» деп бүгінде әріптестері баға береді. Аудан басшылары білікті электрик ретінде оны он жылдан аса уақыт осы мекемеде инженер етіп қалдырған екен. Ол жастарға бар тәжірибесін үйретіп, тәлімгерлік жасайды. Айта кету керек, Болат аға ұзақ жылғы қызметінде әділ, адал, өз ісіне ыждағатты бола білді. Қара басының тірлігінен гөрі ауданның қамын, қоғамның жоғын жоқтап, ауылдарға қызмет көрсетіп, елді мекендердегі қараңғылықты жойып, жарықтандыру ісімен айналысты. Оның басшылығымен 1972 жылы қараша айында қуаты 25000 киловольт, кернеуі 280/35/10 киловольт¬ты «Шиелі» подстанциясы салынды. Мұнысы жаңа басшының аудан үшін жасаған ірі жеңісінің бас¬тамасы болатын. Бұл аудан экономикасының алға басуына, әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге жасаған зор мүмкіндік еді. ҚР Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил Болат аға туралы жазған естелігінде былай дейді:
– Шиелі кентіндегі Ә.Тәжібаев көшесінің аяқ жағында бойшаң келген, сымбатты да сырлы асыл азамат тұратын. Кездескендерге сәл жымия қарап, өзінің тектілігін аңғартқандай жылы жүзін беретін. Тумысынан қарапайым, байсалды Болат Медетбекұлы адами мінез-құлқының, білімділігінің, іскерлігінің арқасында тәжірибесі мол маман ретінде облыс аймағына танымал болды. Шиелі өңірінің ақылшы, данагөй қариясы атанып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Өңірді электрлендіру жобасын аудан басшылары осы Болат ағаймен ақылдаса отырып жасайтын.
Б.Медетбекұлы – XVI ғасырда өмір сүрген Қожамберді батырдың ұрпағы. Қазақта «Көргенді болса, тегіне тартпай тұрмас» деген әдемі тәмсіл бар. Болат аға көзі тірісінде Қожамберді батыр бабасын ардақтап, оның жолын жалғастырып, халқы үшін қызмет жасауды мұрат тұтқан.
Таусыз жерде де бұлақ ағады, бірақ таудан аққан тас бұлақтай арыны қатты, суы мөлдір болмайды. Әкенің рөлі, әкенің сөзі – балаға бастау. «Әке жолы – ізгі жол» демекші, 83 жасты алқымдап, жаны жайсаң, пейілі кең, ардақты әке, құрметті ел азаматы Болат Медетбекұлының да өмірден өткеніне біраз уақыт болыпты. Көзінің тірісінде ел азаматы аудан тұрғындарын жарықпен қамтамасыз ету үшін көп еңбек сіңірген еді. Төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкендері Сәбит – мұнайшы. Марат, Серік, Мәлік үшеуі де әке жолын қуып, электрик мамандығын алған. Бір ұлы Серік Медетбеков аудандық «Шиелі жарығы» мекемесі бастығының орынбасары. Қара шаңырақтағы Мәлік «Семізбай – U» ЖШС Иіркөл руднигінде бас энергетик, әкесінің шаңырағын шайқалтпай, әке аманатын ақтап отырған жайы бар. Болат пен Бибіхан 17 немере, 10 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже еді.
Иә, өнегелі істі ұрпағы жалғастырып, шырағын сөндірмеу, отын өшірмеу – атадан балаға мирас. Әкенің үкілеген үмітін халық алдында дәлелдеп жүрген жаңа буын өссе – ел мерейінің өскені. Қазақта «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген керемет сөз бар. Жаратқаннан ізін жалғастырар перзент сұраған әке-ананың барша үмітін аясына сыйдырған сөз құдіретіне қалайша тәнтілік танытпассың?!
Сұлушаш МАДИЯРОВА