Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкеңнің көзін көрген өлмесін

Әкеңнің көзін көрген өлмесін

Өмір – өзен. Өмір – көш-керуен. Өмір – жалған. Содан да болар, бұл жалған өмірге кімдер келіп, кімдер кетпей жатыр? Тойымсыз ажал біреуді ерте, бірін кеш алып, өзің көргенді, керек болса, әкеңді көргендерді де қалдырып жатқан жоқ. Қоғамға қажет замандастары, арқа сүйер жақсы адамдар, үйдегі асқар таудай әкелеріміз бен аялы қимас аналарымыз қайда кетті? Бір аллаға ғана аян. Біз оған тек шүкіршілік айтамыз.
Шиелі кентіндегі Ә.Тәжібаев көшесінің аяқ жағында бойшаң келген, сымбатты да сырлы асыл азамат тұратын. Кездескендерге сәл жымия қарап, өзінің тектілігін аңғартқандай жылы жүзін беретін. Тумысынан қарапайым, байсалды Болат Медетбекұлы адами мінез-құлқының, білімділігінің, іскерлігінің арқасында тәжірибесі мол маман ретінде облыс аймағына танымал болды. Шиелі өңірінің ақылшы, данагөй қариясы атанып, ауданның қоғамдық өміріне белсене араласты. Өңірді электрлендіру жобасын аудан басшылары осы Болат ағаймен ақылдаса отырып жасайтын. Б.Медетбекұлы ағамыз «Болашақты болжаған аға еді» атты «Өскен өңір» газетіне 2014 жылы берген мақаласында былай депті. «Өткен ғасырдың 60 жылдары елімізде ауыл шаруашылық салаларын электрлендіру шаралары басталған кез болатын. Мен 1961 жылы Ташкенттегі Орта Азия политехникалық институттың тау-кен факультетін бітіріп, тау-кен инженер-электромеханигі мамандығын алып шықтым. Жолдамамен Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Жамбыл руднигіне келіп, сол рудникте 1961 жылдың тамыз айынан 1967 жылдың желтоқсан айы аралығында Жамбыл руднигінің бас электригі, бас электромеханигі қызметтерін атқардым. Жыл сайын демалыс уақытында (отпускада) ауылға, әке-шешеме келіп тұрамын. 1967 жылы тамыз айында Шиеліде Олжабай Сапарбаевпен кездесіп қалдым. Ол райкомда нұсқаушы болып істейді екен. Маған «Сен елге кел, бізге электрик мамандары қажет-ақ» деді. 1966 жылы Шиеліде энергопойыз келіп, Жаңақорған мен Шиелі аудандарына электр қуатын бере бастаған еді.
Барлығы сырттан келген кадрлар, бізге өзің сияқты өзіміздің кадрлар керек деді. Олжабай одан әрі нығыздап, не керек, мен келуге келістім. Ол мені электропойыз директоры А.Яковенкомен таныстырып, директор кісі маған шақырту жіберетін болды. Қараша айында шақырту қағазын алдым. 1967 жылы желтоқсан айының 18 жұлдызынан бастап 197 энергопойыз мекемесіне электроцехтың бастығы болып қызметке орналастым.
Энергопойыз қуаты 40 мегавайт. Шиелі кентіне, Шиеліге жақын жатқан шаруашылық орталықтарына 35 киловольтті электр желісімен Жаңақорған ауданына да электр қуатын жеткізеді екен. Ұмытпасам, 1968 жылдың ақпан айында директорым А.Яковенко өзіне шақырып жатыр дегеннен кейін барсам, қасында жүзі жылы, қараторы, орта жасқа жақындап қалған, әдеміше келген кісі отыр. Бұл – Әзімхан ­Исмаилов, Ленин атындағы колхоздың председателі деп маған таныстырды. Әзекеңмен таныстығым осылайша басталды. Ол кісі энергопойыз мекемесінен көмек ретінде колхоз орталығында орналасқан клубты жылыту үшін электропеш жасап, орнатып беруді өтініп келген көрінеді. Сол мәселені орындауды директор маған жүктеді. Біздің жасап, орнатып берген электропешіміз біраз жыл колхоз клубын жылытып тұрды. Ол кісі электр жарығын малшылар да орталықтағы жұрттармен қатар көрсін деген ұстаныммен 1968 жылы басқа шаруашылық басшылары елді мекен, ауыл орталықтарына электр желілерін жүргізе бастаған кезде ауданда бірінші болып малшылар қыстауларына 10 киловольтті электр желілерін тарттырып, трансформатор пунктерін орнаттырған еді. Шопандардың жағдайын жасайтын колхоз бастық болатын. Мен 1972 жылы наурыз айында Шиелі аудандық электр желісі мекемесіне басшы болып ауыстым. Сол жылы 220/35/10 кв «Шиелі» подстанциясы салынып, қараша айында мемлекеттік 220 киловольтты «Шымкент – Қызылорда» электр желісіне қосылды. Үлкен электр қуатының ауданға келуімен 1974-1990 жылдары аралығында ауданымызды жаппай электрлендіру жұмыстары басталған. Шаруашылықтарда ескі электр желілері бір-екі жылда түгелімен ауыстырылып, жаңартылды. Әзекең ауданға басшы болып келісімен шалғай жатқан малшылар қыстауларына электр жарығын жеткізу мәселесі қолға алынды. Ә.Исмаилов жаңашыл кісі еді. Ол электр қуатын ауыл шаруашылығының барлық салаларына қолданбай, ауыл шаруашылығының өркендеуі мүмкін еместігін сол кезде-ақ біліп, өзінің қарамағындағы басшыларға түсіндіріп отыратын. Бір кездесуде Әзекең «Болат, біз екеуміз әріптеспіз ғой (коллега) деп қалды. Сөйтсем, ол кісі соғыста жүргенде связист-электромеханик болып істеген екен. Кейін электростанция бастығы болыпты. Бұдан кейінгі жылдары аудан көлеміндегі «Ақмая», «Қарғалы», «Гигант», «Қазақстанның ХХХ жылдығы», «Алмалы», «Еңбекші», «Ленин» атындағы шаруашылық орталықтарына 35 киловольтті электр желілері тартылып, 30/10 киловольтты подстанциялар салынды. Инженерлік тегістелген жерлердегі жер асты тұзды суын тартатын дренажды скважиналарға трансформатор пунктері орнатылып, электр желілері тартыла бастады. Осы тірліктердің басы-қасында аудандық атқару комитетінің төрағасы Әзімхан ­Исмаилов ағамыздың болғаны анық. Оны көзіміз көрді. Талай куәсі де болдық» деп еске алады Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Болат Медетбеков ағамыз. Әкемізбен қызметтес болып, оның көзін көрген, шынайы шындықты жазып қалдырған кісі де бұл күні арамызда жоқ. Сексеннің сеңгірінен секіріп, тоқсан жасқа бет алған шағында дүниеден озып, ­Медетбековтер әулеті, жары Бибіхан, ұл-қыздары, ағайын-туыстары жайсаң жанның қырық күндік асын беруге де қамданып жатқанын білдік. Бар ғұмырын елге қызмет етуге, елдің бірлігін сақтауға, балаларын отаншыл, білімді етіп тәрбиелеуге арнаған, тату-тәтті отбасының тірегі, биік таудай әкесі болған Болат ағамыз туралы сөз қозғағанымыз орынды секілді. Жаназада ғана айтылатын жақсы адам емес, ол бар болмысымен аудан халқының құрметіне бөленген, сыйлы, абыройлы, қадір-қасиеті мол, бауырмал, қамқоршыл, аудан ардагерлерінің алдында жүретін, түбінде тегі бар текті еді.
Текті әулеттің ұрпағы Болат Медетбекұлы 1937 жылы өмірге келген. Ол 1955 жылы Төменарық ауылындағы Романов атындағы орта мектепті бітірген. Ұйымдастыру қабілеті мол, «тілсіз жаудың» тілін жетік меңгерген байыпты, сабырлы да салмақты іскер жігіт 1972 жылдан 1997 жылға дейін ширек ғасыр тапжылмай Шиелі аудандық электр жүйесін басқарып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шығады. Аудан басшылары білікті электрик ретінде оны он жылдан аса уақыт осы мекемеде инженер етіп қалдырады. Ол жастарға бар тәжірибесін үйретіп, тәлімгерлік жасайды. Бәкең ұзақ жылғы қызметінде әділ, адал, өз ісіне ыждағатты болды. Қара басының тірлігінен гөрі ауданның қамын, қоғамның жоғын жоқтап, ауылдарға қызмет көрсетіп, елді мекендердегі қараңғылықты жойып, шағаладай жарықтандырумен айналысты. Оның басшылығымен 1972 жылы қараша айында қуаты 25000 киловольт, кернеуі 280/35/10 киловольт­ты «Шиелі» подстанциясы салынды. Мұнысы жаңа басшының аудан үшін жасаған ірі жеңісінің бас­тамасы болатын. Бұл аудан экономикасының алға басуына, әлеуметтік өзекті мәселелерді шешуге жасаған зор мүмкіндік еді.
Б.Медетбекұлы – XVI ғасырда өмір сүрген Қожамберді батырдың ұрпағы. «Көргенді болса, тегіне тартпай тұрмас» демекші Қожамберді батырдың түп-тұқияны ішінде де халқы үшін бас тігіп күрескен, жанын садақа етіп, аяусыз тер төккен ұрпақтары аз емес. Олардың бәрі батыр бабасын ардақтап, оның жолын жалғастырып, халқы үшін қызмет жасауды мұрат тұтқан. Солардың ішінен Қалкөз Сіргебайұлы мен Серқұл Алдабергенұлының алар орны ерекше. Қалкөз би Досбол биді өзіне ұстазы санаған екен. Ал Серқұл Жорабек, Бабабек Есеновтермен «Жөлектегі орыс-бұратана мектебінде, Ташкенттегі ер балалар гимназиясында да қатар оқыған. Серқұл 1912 жылы Төменарық болысының меңгерушілігіне сайланады. 1918 жылы Серқұл мен Жорабек Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет істейді. Ж.Есенов уездік милиция бастығы болса, Серқұл Алдабергенұлы жер бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Ең қызығы, Серқұл 1917 жылы Орынборда өткен бірінші жалпы қазақ съезіне Мұстафа Шоқаймен бірге қатысып, Түркістанға бірге оралып, өмірде дос-аралас болған. С.Алдабергенұлы Шиелі ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқара жүріп, 1934 жылы М.Шоқаймен араласқан зиялы азаматтардың бірі ретінде «Халық жауы» атанып, контрреволюциялық ұйымның басшысы болды, жергілікті халықты үдере көшіруге әрекет жасады деген айып тағылып, келер жылы Красноярск өлкесіне бес жылға жер аударылады. 1937 жылы соңғы хатын жазып, «Хат жазбай-ақ қойыңдар, алып кетпекші» деген екен. Содан хабар-ошарсыз кетеді.
Серқұл Алдабергенұлы 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының сотымен ақталады. бірақ «Халық жауының» зардаптарын шеккен ағайын-туыстардың арасында Болаттың әкесі Медетбек те болады. Серқұл Алдабергенұлымен қатар оның ағасы Бердиярдың балалары Райымбек пен Медетбек те «халық жауының» інісі деген желеумен талай рет қуғындалады. Серқұл ұсталған соң Медетбек­ үш жылға Владивосток жағына жер аударылады. 1936 жылы аман-есен оралады. Осылай талай тауқыметті бастан кешкен отбасында 1937 жылы Болат дүниеге келеді. Анасы Зиякүл үш қызымен аштық, ауру жайлаған ауыр жылдары Серқұлдың қарындасы Үйректің үйін паналайды. Екі жылдан соң Болат інілі болып, Темірбек өмір есігін ашады. Үрейлі жылдар артта қалып, бейбіт күндер қол бұлғайды. Ер азамат Б.Медетбеков осының бәрін бастан кешіп, Алдабергенқажы бабасының әруағына сыйынып, өзі де алып бәйтеректің бір бұтағына айналды. Төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкендері Сәбит – мұнайшы, Марат, Серік, Мәлік үшеуі де әке жолын қуып, электрик мамандығын алған, бәрі де отбасылы, Гүлжан үй шаруасында. Бір ұлы Серік Медетбеков аудандық «Шиелі жарығы» мекемесі бастығының орынбасары. Болат пен Бибіхан 17 немере, 10 шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже еді. Б.Медетбекұлының тірісінде алған марапаттары ұрпақтарына да жұғысты болсын дейміз. Қара шаңырақтағы Мәлік «Семізбай – U» ЖШС Иіркөл руднигінде бас энергетик, әкесінің шаңырағын шайқалтпай, әке аманатын ақтап отырған жайы бар. Медетбековтер отбасының мақсат-мұраты да – бірлік, татулық, бауырмалдық, ағайындылық пен туыстық. Ол Болат Медетбеков ағамыз еккен алып бәйтеректің тереңге кеткен тамырлары, артында қалдырған іздері.
Иә, халықтың мүддесін ойлаған, азаматтық келбетімен танылған Б.Медетбекұлының жарқын бейнесі Шиелі өңірі тұрғындарының жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

16 қыркүйек 2020 ж. 794 0