Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӨМІР – ӨЗЕН АҒАДЫ...

ӨМІР – ӨЗЕН АҒАДЫ...


Қамшының сабындай қысқа өмірдің жалған екенін есейген сайын ұғынып келеміз. Адам баласының бұл өмірде қонақ екенін, Алла Тағаланың жаратқан пендесін қайта алатынын да түсінгендейміз. Арамызда кеше ғана ойнап-күліп, ақжарқын мінезімен жайраңдап жүрген жайсаң мінезді інілеріміз бұл өмірден ерте кетерін білмедік. Алланың ісіне амалың бар ма? Сондай інілеріміздің бірі Мұсахан еді. Аңқылдаған ақ көңілінен, мейірбан жүрегінен, қарулы қолынан әлі көп дүние туар еді-ау. «Орнында бар оңалар» десек те, артында қалған балаларының, немерелерінің қызығын көре алмай кеткені жанымызға батады. Інімді есіме алып, ол туралы естелік жазып, өткен өмірді ақтарып жақсылықтарын ой елегінен өткізіп шықтым. Оның жомарт жанын, игі істерін ақ қағаз бетіне түсіріп тауыса алмасым да анық. Ерек бейнесі елес беріп, жүрегімді сыздатып өте шықты...
Қателеспесем, 1994 жыл болатын-ды. Ол кезде Мұсахан совхозда бас зоотехник болып қызмет істейтін. Совхоз мал шаруашылығы болғандықтан күзде қойды қайырып, күйекке түсіріп, семіртер шақ еді. Ақпан айында Қызылорда қаласындағы ет комбинатына қой апарып сойып, етін бір бөлек, қаракөлін бір бөлек өткізетінбіз. Сонда мал сойып жатқан қасапшыларға кірпік қақпай қарап тұру керек. Өйткені, қолының сұғанағы бар әккі қасапшылар сенің көзіңді ала бере жілікті жейдесінің ішіне тығып үлгереді. Менің айтайын дегенім, сол кезде Мұсахан ісін абыроймен атқарып, өз жұмысына жауапкершілікпен қарады. Бірде жұмысын ерте бітірген қызметкерлерге рақметін білдірмек ниетпен оны-мұны алуға қала орталығына шықтық. Көлік жүргізуші Нұрғали інім үшеуміз қаланың біраз жерін аралап, іздегеніміз табылмаған соң, сол кездегі атақты кісілер келіп тоқтайтын қонақ үйлердің біріне бас сұқтық. Ғимаратқа кіргеніміз сол еді, әлгі жерде Мұсахан бір жігітті көріп, құшағын айқара аша сәлемдесе бастады. Шырамытып, есіме түсіре алмай тұрған кісім даңқты әнші Сембек Жұмағалиев екен. Амандық біліп, жағдай сұрасқанымыз сол еді, Сембек біздің қарсылығымызға қарамастан сүйреп Н.Бекежанов атындағы драма театрдағы концертке алып кетті. Сөйтсек, мұнда Сембек Жұмағалиев, Айжан Нұрмағанбетова және «Гүлдер» ансамблі Қызылорда қаласына гастрольдік сапармен келген екен. Осылайша, ойламаған жерден жаңа ғана қан мен тердің арасын кешіп жүрген киімімізбен облыстық драма театрдағы республикаға танымал жұлдыздардың кешінен бір-ақ шықтық. Қызықтың көкесі концерт біткеннен кейін болды. Қолын ұстау тұрмақ, жанына жақындаудың өзі арман болған әйгілі Айжан Нұрмағанбетова біздің Мұсаханды көре салып жүгірген бойы иығына асылып, құшақтай кеткенде көзіміз шарасынан шыға жаздады. Кейін біліп жатырмыз, Мұсаханның студенттік жылдары елге белгілі сол бір әншілермен бірге өткен көрінеді.
Санаңнан сөнбейтін естеліктер легі мұнымен бітпейді. 1980 жылы мен совхозға қауіпсіздік жөніндегі инженер-техник қызметіне тұрдым. Шатаспасам, Болат жетекші маман болуы керек. Өмірімде мотоцикл тізгіндеп көрмеген мен сол жылы Болаттың су жаңа Уралымен жоғымды іздеп жүріп «Шұқыройдың» тұсында жол апатына ұшырадым. Ес-түссіз далада жатқан мені Мұсахан көріп қалып, аудандық ауруханаға жеткізеді. Содан бірінші Алланың, кейін Мұсаханның себеп болуымен аман қалғаным бар. Кімнің де болсын көңілін тауып, қол ұшын созудан қайтпаған кейіпкеріміздің тек бір ғана ісі еді бұл.
Өткен жылы ауданда Ә.Алдабергенов ағайымыздың 90 жылдығына орай балалары ас беріп, шахматтан турнир өткізді. Турнир ардагерлер арасында өтіп жатқандықтан, Еңбекшіден екеуміз бардық. Шара өз мәресіне жетіп, бата берер сәтте оған қарап батаны өзің бер деп ишара таныттым. Ол болса аздап қысылыңқырап, қолын жайған еді... Оның сөздері ойға қонымды, санаға сіңімді болатын. Сол мезетте соңғы рет көріп тұр­ғанымды білсемші, қайран азамат! Ия, өмір өзен ағып жатыр...

Айтөре байтілесұлы.
30 қаңтар 2018 ж. 1 084 0