Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескертуші ескерткіш

Ескертуші ескерткіш

Салбыраған сұлбамды зорға сүйретіп екінті уақытына әзер жеттім. Содан болмағасын жұрт көзіне күйік болмайын деген оймен жұмыс уақыты бітер бітпестен елге қайтудың қамына кірісіп, жолға шықтым. Қырсыққанда орталықта ауылға қатынайтын көлік жоқ. Әшейінде бір-біріне соқтығысып, адамы толар-толмастан ауылға асығып жүріп жататын таксилер соңғы уақытта ауданға аңдап басып келетін болған. Себебі, жаңа заң бойынша әр такси қызметкері салық комитетіне тіркеліп, құжаттарын заңдастырып ай сайынғы салығын төлегеннен кейін ғана адам тасуға құқылы екен. Ал, азын-аулақ табысымды ешкіммен бөліспеймін деген жүргізушілер тарап, осылайша тығылып такси болуға әдеттенген. Екі ортада мен секiлдi қарапайым халық үйіне жететін көлік таппай қиналып жүр. Хош, біздің айтпағымыз бұл емес еді...
Кешқұрым орталықтан ілінген көлікке мініп Еңбекшінің қиылысына жақындап, одан әрігісіне жан нәсіп дейтін әдетімізбен бүгін де Қаратауға баратын бұрылыста көлік күтіп тұрмын. Кенет көзім таяқ тастам жердегі аппақ сордың үстіне үш тағандап қойылған, ортасындағы қара тасқа аты-жөні жазылған белгіге түсіп кетті. «Бұл белгіні осы күнге дейін байқамаппын» десем, мынауың Құдайдан безген нағыз суайттың өзі екен дерсіздер. Иә, әрі-бері өткен сайын көріп, біліп жүрсек те осы бір белгі жайлы дәл бүгінгідей ойланып көрмеппін. «Бұл өзі неғылған белгі, Кімге арнап қойылған?» деген сұрақтардың жетегіне еріп сайға түсіп қарасам, 1995 жылы осы жерде жол апатына ұшырап қайтыс болған марқұмға қойылған ескерткіш белгі екен. Көлік болса келетін түрі жоқ, ал мен қарсы алдымдағы қаратастан көзімді алмай қарап тұрмын. Санамды шимайлаған сан түрлі ойлар миымның түкпірін аралап жатыр. Сондағы ойым мынау: тұтас бір ғұмыр, бір тұлға, өмірге келді, кетті. Не болды? Қайдан келді? Қайда кетті? Тірі ме, өлі ме? Діттеген жеріне жете алмай мінген көлігі орта жолда опат болып, мына өмірдегі жол сапары ақыреттік сапарға жалғасып кеткен бұл бейшара мына жалған бес күнде өмірін қалай өрбітті екен. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында өнеге боларлық нендей іс қалдырды артында? Міне осындай сауалдар мені тұрған жеріме қағылған қазықтай қадап, санамнан саңылау іздеп әлек. Қарап тұрсақ бір адамның тағдырын алақандай бетіне сыйдырып тұрған осынау қара тас тілсіз сөйлеп тұрғандай. Әгәраки оған ғайыптан тайып тіл біте қалса иесінің мына өмірде жасаған қателіктері мен орны толмас өкінішті істері жайлы таусылмай сөйлейтін секілді. Оның жіберген қателігін сендер қайталамаңдаршы деп өтінетіндей. Осылайша ескерткіш барзақ әлеміндегі егесінің жайын айтып, тірі жүрген біздерді әлденеден ескертіп тұрғандай көрінді.
Иә, жаратқан Хақ тағала құлдарын нәпсінің жетегінде кетіп, менменсіп, тәкаппарланып кетпеуі үшін, сабырға шақырып, тәубесіне түсіріп отыратын жер бетіне екі ескерту жіберген деседі. Соның бірі – осы өлім. Шындығында өлім жай­лы ойлау адам баласын артық күнәлі әрекеттерден тосары анық. Адамзаттың асылы болған пайғамбарымыз да үмметіне «өмірдің ләззатын қашыратын өлімді жиі еске алыңдар» деген емес пе?! Ал, мына тұрған құлып тас сол өлім­нің бар екенін тағы бір мәрта менің есіме салып, солайша аспандап кеткен нәпсіміздің жерге түсуіне себепші болғандай.
Елдос Жүсіп.
21 қараша 2017 ж. 1 862 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (9240)

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031