Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕҢБЕГІМЕН ЕР СЫЙЛЫ

ЕҢБЕГІМЕН ЕР СЫЙЛЫ

Елі үшін ерінбей еңбек етіп, тер төккен елеулі азаматтарының есімін халық қашанда қастерлеп өтеді. Олардың жасаған ізгі істері көппен бірге ұзақ жылдар бойы жасай береді. Көзден тайғанымен, жарқын бейнесі көптің көңіл төрінен нық орын алған жанның бірі – Бекзатхан Асқаров. «Тура биде туған жоқ» демей ме халқымыз. Б.Әбдіәзұлы адалдықтың ақ туын биік ұстап, азаматтық болмысынан айнымай, ұзақ жылдар прокуратура саласында қызмет етті.
1960-1970 жылдары елде заңгер мамандығының жетіспеушілігі қатты байқалатын. Себебі батылы жетіп бұл мамандықты таңдайтындар өте аз еді. Ал Бекзатхан Әбдіәзұлы 1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Университетінің заң факультетін аяқтап, Сырдария аудандық прокуратурасына тергеуші болып қызметке орналасты. Ол жұмыста өте жауапты, өз мамандығын шын сүйетін, халқына адал қызмет ететінін ұжымдастарына дәлелдей білді. Соның нәтижесінде облыстық прокуратураның бөлім прокуроры, аудан прокуроры, облыс прокурорының орынбасары қызметтеріне сатылап өсті. Ол сол кездері елдегі ең жас прокурордың бірі болды.
1998 жылы облыстық прокуратураға прокурор қызметіне тағайындалды. Н.Назарбаев Бекеңнің еңбекқорлығын бағалап, 1999 жылы әділет генерал-майоры шенін берді. 2001 жылы Б.Асқаров Алматы облыстық прокуратурасына облыс прокурорының бірінші орынбасары, оңтүстік-шығыс аймақтық көлік прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Ал 2005 жылы кандидаттық жұмысын қорғап шықты.
Ол отыз жылдан аса ғұмырын заң саласына арнады. Жауапкершілігі мол, ауыр салада қарапайым тергеушіден генерал дәрежесіне дейін көтерілді. Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
Б.Әбдіәзұлы қай жерде еңбек етсе де, тек заңдылықты қадағалаушы прокурор ғана емес, үлкенді аға тұтып сыйлайтын, кішіге іні деп қамқорлық көрсететін мәдениетті, жұртшылықпен тіл табыса білетін көпшіл де қарапайым, үлкен жүректі, атпал азамат ретінде өзін көрсете білді. Оның заңдылықты сақтау мәселесінде ешкімнің лауазымына, қоғамдағы орны мен мәртебесіне қарамай, тәртіп пен Заң талаптарын орындатуда ымырасыздық танытатын батылдығы мен қатаң талап етіп, орындата білуі – нағыз кәсіби прокурорға тән және ең қажет қасиеттер. Сондықтан оны әріптестері «Прокуратура саласының сардары» деп мақтан тұтып, оның есімін орынды әспеттеп, құрметтейді.
«Бекеңді бүкіл жолдастары мен қызметтестері өз міндетіне адал әрі жауапкершілікпен қарайтын, әскери тәртіпті ұнататын азамат деп айтатын. Бірақ өзінің жаратылысынан жауапкершілігі мен мейірімділігі әрдайым бірге жүретін. Кімге болса да қол ұшын беруге әзір еді», – дейді генерал жайлы жазылған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты естелік кітаптың авторы, жары Светлана Әбітқызы.
Бекеңнің айналасын өзіне баурап алатын жайдары, бауырмал мінезін, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білетін қасиетін көзін көрген жандар да әлі күнге ерекше тебіреніспен айтады.
Иә, Бекзатхан Асқаров – қажырлы еңбегінің нәтижесінде жетістікке жетіп, көпшіліктің құрметіне бөленген азамат. Ол – тәуелсіздік алған тарихи сәттердің куәгері ғана емес, сол кезеңде бел шеше іске кірісіп, егемендігіміз баянды болуы үшін қолынан келгенін аямаған біртуар тұлға.
Ерен еңбегі Үкімет, Ел Президенті мен облыстық прокуратура тарапынан елеусіз қалмады. Ең бастысы қарапайым ел-жұрттың оған деген құрметі, ықылас-пейілі, ізет-ілтипаты мен алғысы, ақсақалды қарттардың ақ батасы оның абыройын асқақтатып, беделін биіктетті.
«Әдемі қарттық – бір бақыт» дейді халық даналығы. Тек Бекзатхан ағамыз осы әдемі қартаю бақытын, қызығын аяғына дейін көре алмады. Небәрі 60 жасқа қараған шағында өмірден озды. Алтынның сынығындай азаматтың артында әуелей шарықтаған жақсы аты қалды. Телегей теңіздей өмір жолында шындық пен әділеттіліктің сөнбес шырағындай жаршысы атанды. Өшпейтұғын артында із қалдырды.
Ер есімі халық жадында әділдік пен әділеттіктің алтын арқауы болып қала бермек.

Нұрбек ҚАРАТАЕВ,
Шиелі ауданының прокуроры
07 желтоқсан 2022 ж. 483 0