Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты ғұмыр иесі

Ғибратты ғұмыр иесі

Жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл жалғанда ізгілікке ұмтылатын, саналы ғұмырын парасаттылыққа арнайтындар болады. Олардың өздері дүниеден өтсе де, есімдері ескірмей, халық жадында сақталады. Өлеңмен өрнек құрып, сан түрлі жанрда қалам тербеген Тілеген Шопашов ұзақ жылдар бойы еткен еңбегінің жемісін көріп, халқының құрметіне бөленген, жас ұрпаққа ғұмырымен үлгі болған атпал азаматтың бірі болатын.
Ол 1922 жылы 2 шілде Шиелі ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Жасынан алғыр, ағайын арасында ардақты, туған-туыс арасында құрметті болып өсті. Білсем, көрсем, үйренсем, барсам, жетсем деген талпыныс Тілегенді қатарынан оқ бойы оздырды. Содан Алматы партия жоғары мектебінде оқып жүріп-ақ колхоздың қара жұмысына араласады. Колхозда жүріп соғыс басталды деген суық хабарды естіген бозбалалар қан майданға аттанып жатты. Қатарластарынан қалыспай Тілеген де иығына қару асынып, 1942 жылдары қызыл армия қатарында болып, оқ пен оттың ортасынан бірақ шығады. Ұрыс даласында үш жыл жүріп 1945 жылы мамыр айында елге аман-есен оралады. Соғыстан «Қызыл жұлдыз» орденімен оралған қаһарман ағамыз бейбіт майданның да алғы шебінен табылды. Ол 1945-1951 жылдары аудандық радио комитетінде, аудандық газетте жауапты хатшы болса, одан кейін іскерлік қабілетін байқаған аудан басшылары жігерлі жасты аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына тағайындады. Мұнан соң 1953-1954 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, облыстық «Ленин жолы» газетінде тілші болған. Артель басқармасының хатшысы, байланыс бөлімінің меңгерушісі, ауыл кеңесінің хатшысы, 1954-1957 жылдары Сырдария аудандық газетінде редактор қызметін абыроймен атқарады. 1948 жылы КОКП мүшесі болады. Өз ісіне шын берілген маман аудандық, облыстық газеттерде ұзақ жылдар жемісті еңбек етеді. Оның зердесінің кеңдігі, рухының мықтылығы барлық басшыларды да тәнті етті.
«Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бар. Өзінің адал еңбегімен тілшіліктен редакторлыққа дейін өсті. Жүрегі жомарт, жаны жайдары азамат іскерлігімен өз ортасына өте сыйлы болды. Еңбекқорлығы, ізденімпаздығы қызметте сатылап өсірді. Аға буын отыз жастан асқан сайдың тасындай өткір жігітке 1958-1964 жылдары «Жазушы» баспасының аға редакторы қызметін тапсырады. Бір кездері Шиелі аудандық «Каммунизм жолы» газетінде қызметті адал атқарып, елдің қадірлісіне айналды. Қандай ұжымда, қай жерде жүрсе де кешегі қаһарман майдангер арына қылау түсірмеді. Кімге болса да тура сөйлеп, әділін айтатын дағдысынан жаңылмады. Адал еңбегі ескерусіз қалмады. Жеңісті жақындатқаны үшін бірнеше медалдармен марапатталған. 1956 жылдан бастап «Жаңбыр», «Өмірге сапар», «Туған жер», «Бәйтерек», «Көңіл көктем» өлеңдер жинақтары шыққан.
«Жақсының аты өлмейді» дегендей, Тілеген аға еңбек еткен жылдарында бар күш-жігерін, кәсіби білімін, өмірлік тәжірибесін журналистік салаға арнап, өсіп-өркендеуіне үлкен еңбек сіңірген үлгі тұтар тұлға ретінде ел жадында қалды. Оның кеудесінде «Қызыл жұлдыз» ордені жарқырады.
Көпшілік қауымға Тілеген Шопашовтың есімі қарымды қаламгер, мықты ақын ретінде де жақсы мәлім. Оның ұшқыр қаламы арқылы жазылған «Туған жер» өлеңдері мен тағылымы терең мақалалары құнды дүние ретінде оқырман тарапынан жоғары бағаланды.
Міне Тілеген ағаның туғанына биыл – 100 жыл толды. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Уақыт жылжыған сайын ержүрек майдангер, әрі ақын Тілеген ағамыздың тау тұлғасы да жарқырай түсетіні анық.

Ш.Тілеубаев
08 шілде 2022 ж. 390 0