Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғибратты ғұмыр иесі

Ғибратты ғұмыр иесі

Жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін бұл жалғанда ізгілікке ұмтылатын, саналы ғұмырын парасаттылыққа арнайтындар болады. Олардың өздері дүниеден өтсе де, есімдері ескірмей, халық жадында сақталады. Ел игілігі үшін еңбек еткен жанның бірі – ақын, журналист, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Мәрия Жұматқызы. Редакцияның қазанында қайнаған апайды 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында еске алып, естеліктермен бөліскенді жөн санадық.
Ол 1930 жылы сұлу Сырдың бойында, Сыр маржаны атанған Шиелі өңірінің «Талаптан» ауылында дүниеге келген. Буыны бекімей жатып, ұжымшар жұмысына белсене араласқан. 17 жасында Шиелінің тұрғылықты азаматы, белгілі сатирик-ақын, журналист Сейтқасым Сейтеновпен бірге шаңырақ көтереді. Алайда, жұбайлық жақсы шақтары ұзаққа бармайды. С.Сейтенов 1961 жылы ауыр науқастан дүние салып, Мәрия апай 6 перзентімен қала береді. Асыл ана өмірінің соңына дейін келешек ұрпақтың жарқын болашағын ойлау­мен өтті. Бұрынғылар осындай қасиетке ие адамдарды «сүйегі асыл, түбі текті» дейтін. Ал ел анасы атанған Мәрия апайдың бойында қазаққа тән асыл қасиеттердің барлығы бар еді. Ол кісі мәдени-қоғамдық шаралардың да басы-қасында жүрді. Еске алу кештері мен жыр-мүшәйраларының құрметті қонағы болды. Тіпті онсыз салтанатты кештер өтпейтін деп тілге тиек етеді көзін көрген әріптестері.
Ол еңбек жолын 1962 жылы аудандық халық сотында секретарь-машинистка болып бастайды. 1963-1990 жылдары аралығында аудандық «Өскен өңір» газеті редакциясында жауапты қызметтер атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Зейнетке шықса да екі жылдай аудандық «Қазақ тілі» қоғамында қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысқан және майданнан оралмаған аудан азаматтарының деректерін жинақтауға, іздестіруге атсалысып, «Боздақтар» кітабының шығуына үлес қосады. Тынымсыз еңбек, үздіксіз ізденістің, жауапкершілік пен адал жұмыстың жемісі болар 2010 жылы Мәрия Жұматқызына Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Апай ақындығымен және журналистігімен қоса қоғамшыл, ұлтжанды еді. Кез келген істі ұйыстырып ала кететін қасиетін әріптестері ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы С.Бекмұратұлы, журналист А.Батырбеков мақалаларына арқау етіп, естеліктер де жазды. Оның қаламынан туған қара өлеңдер жинақталып, жыр кітабы жарық көрді. Сол Мәрия Жұматқызы бір өлеңінде
«Тоқсаныңды қайтемін бүкірейіп,
Сексенімде кетемін шікірейіп...» деп жазғаны бар. Құдайдың құдіретін көрмейсіздер ме, 2017 жылы жазғытұрым уақытта 88 жасқа қараған шағында дүние салды. Мәрия апай жайлы бұған дейін де көптеген мақалалар жазылды, бұдан кейін де жазыла береді. Себебі, Сейітқасым ­Сейтеновтей ақынның аяулы жары өмірден өтсе де, оның ізгілікке толы ғұмыры, артына қалдырған мол мұрасы жас буынға рухани азық болып қала бермек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

09 наурыз 2020 ж. 955 0