Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Неге маған жырламасқа, сырда туған елімді

Неге маған жырламасқа, сырда туған елімді

Жексенбі күні аудан тұрғындары тағылымы мол бірнеше шаралардың куәсі болды. Еңбек пен ерліктің, ынтымақ пен бірліктің мерекесіне айналған «Алтын күзде» ғалым-сыншы, драматург, сұлу Сырдың бойында дүниеге келіп, жақұттай жарқын жырлар жазған Ә.Тәжібаевтың 110 жылдығы да елеусіз қалмады. Иә, жыл бойы басылым бетіне жазушы-журналистердің сырбаз ақын туралы естеліктерін жариялаған болатынбыз. Сондай-ақ өңірдегі елді мекендерде ақынға арналған іс-шаралар да ұйымдастырылды. Ал өткен аптаның соңында өткен «Жыр – ғұмыр» атты ғылыми-танымдық конференция сондай тағылымды шаралардың бірегейі саналады. Өйткені, аталған жиында саналы ғұмырын қазақ жырының мәртебесі мен абыройына арнаған абыз ақын туралы, оның ұлт дамуына қосқан үлесі хақында кеңінен баяндалды.
Конференцияны жүргізген Әшім Оразбекұлы ақынның туған өлкесі туралы жазған:
Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа,
Сырда туған елімді, – деген өлең жолдарымен жиынды ашты. Содан кейін семсер жырдың қорғанына айналған жанның шығармашылығына шолу жасады. Ә.Оразбекұлы өз кезегінде «Шын ақын ешқашан замана шындығын айналып өтпеген. Әбділдә ақын да өткен өмірінің бірде-бір оқиғасын айналып өтпепті, үнсіз қалмапты» деп бірнеше жырларынан мысал келтірді.
Жиынға талай туындыларды қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан ақынның келіні Гүлжаһан Ибрагимқызы және Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Бақыт Сарбалаев пен Ергөбек Сәрсенұлы, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық Түменбай, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Ағайдар Ысымұлы, облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының басшысы Нұржамал Ахметқалиқызы қатысты. Жазушы-журналистер сан түрлі тақырыпта сөз қозғап, талай тамаша дастандар мен балладаларды, драмалық шығармаларды, әдебиет теориясына қатысты ғылыми еңбектерді жазған Ә.Тәжібаев туралы баяндама оқыды. Алғашқы сөз кезегін алған әдебиет сыншы-зерттеуші Бақыт Тұрсынұлы ақындардың жаратылысы өзгеден ерек болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ қазақтарда жақсы ақындардың жеткілікті екенін, оны қазақ басына қонған бақ деп білу керектігін айтып өтті.
– Біз Кеңес үкіметі кезінде өзгелердің мәдениетіне бас иіп, олардың ақындары зор деп білдік. Себебі, бас еркіндігіміз орыстың қолында еді. Ал бүгінгі кезімізде айналамызға еркін қарауымыз шарт. Сондықтан да жұмыр жер бетінде адамзаттың арғы-бергі тарихын қопара қарастырсақ қазақтың ақынына тең келетін ақын табу қиын. Махамбет, Бұқар жырау, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев сынды ақындар әлемнің кез-келген ақынымен салыстыруға келеді, – деді сыншы-журналист.
«Жырдария», «Ә.Тәжібаев және оның замандастары», «Толағай азамат ақын», «Облыстағы руханияттың озық ордасы» сынды баяндамалар туғанына ғасырдан астам жуық уақыт болған ақынның күллі ғұмырынан мәлімет берді. Көпшілік ақын өміріндегі құнды ақпаратпен қаныққаннан кейін мараппаттау рәсімі орын алып, бірқатар азаматтардың абыройы асқақтады. Шараны өңір басшысы «Елім үшін жаным құрбан дейтін Әбділда ақын біздің иманымыздай. Көрер көзіміздей, сөйлер сөзіміздей. Еліне көз болудан артқан бақыт бар ма? Ел-ананың ұлын ұлықтаудан артық бақыт бар ма?» деген терең толғаныспен тәмамдады.

Фариза
НЫШАНБЕКҚЫЗЫ

15 қазан 2019 ж. 1 126 0