Ел есіндегі есім
Мәрия апай жайында мөлтек мәлімет:
1930 жылы сұлу Сырдың бойында, Сыр маржаны атанған Шиелі өңірінің «Талаптан» ауылында дүниеге келген. Буыны бекімей жатып, ұжымшар жұмысына белсене араласқан. 17 жасында Шиелінің тұрғылықты азаматы, белгілі сатирик ақын, журналист Сейтқасым Сейтеновпен бірге шаңырақ көтереді. Алайда, жұбайлық жақсы шақтары ұзаққа бармайды. С.Сейтенов 1961 жылы ауыр науқастан дүние салып, Мәрия апай 6 перзентімен қала береді.
Еңбек жолын 1962 жылы аудандық халық сотында секретарь-машинистка болып бастайды. 1963-1990 жылдар аралығында аудандық «Өскен өңір» газеті редакциясында жауапты қызметтер атқарып, сол жерден зейнеткерлікке шыққан. Зейнетке шықса да екі жылдай аудандық «Қазақ тілі» қоғамында қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысына қатысқан және майданнан оралмаған аудан азаматтарының деректерін жинақтауға, іздестіруге атсалысып, «Боздақтар» кітабының шығуына үлес қосады. 2010 жылы Мәрия Жұматқызына Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.
Мен апаймен 20 жылға жуық қызметтес болдым. Редакцияның секретарь-машинисткасынан корректор, әдеби қызметкер, сосын аудандық радио хабарын таратушы болған кезінде біраз жыл бір бөлмеде отырдық. Жауапты хатшы, кейін редактордың орынбасары қызметіне жоғарылағанымда өзге бөлмеге ауыстым.
Тұрғанбек Кәрімқұлов бөлменің төрін, Мәрия Жұматова сол жақ қанатын, мен оң жағын иелендім.Тұрекең хат бөлімінің меңгерушісі, апай радиохабарын таратушы, мен болсам әдеби қызметкермін. Үшеуміздің жұмыс саламыз үш бөлек, бір-бірімізге тәуелді емеспіз.
Қызмет бабында түрлі қызықты да, келеңсіз де жағдайлар болып жатады ғой. Үшеумізге қатысты бір-екі оқиғаны мақалама арқау етпекпін...
Бір күні редакцияның тапсырмасымен жол жөнекей орман шаруашылығы мекемесіне соғып, жұмысқа кешігіп келдім. Мәрия апай бір өзі отыр екен. Жасаураған көзін қайта-қайта сүрткілеп, қолымен қалқалайды. Маған білдіргісі келмейтіндей.
– Апай, тыныштық па? Үй-іші аманшылық па? – дедім сасқалақтап.
– Ә-ә, бәрі дұрыс, тыныштық... – Даусы қарлығыңқырап тұр,
– Неге жыладыңыз онда, жайсыз жағдай болған жоқ па?..
– Жайсыз жағдай болған жоқ, жайсыздау бір әңгіме болды...
«Ол не әңгіме болды екен? Оншақты күн бұрын аудандық комсомол комитетінде хатшылық қызмет атқаратын ортаншы қызы Жамал ауданның бір топ озат оқушысын Қырымдағы «Артек» пионерлер лагеріне бастап алып кеткенін естігенмін. «Аман-есен жеткені туралы әлі нақты хабар жоқ» деп апайдың өзі айтып, уайымдап жүрген. Сол жақтан бірдеңе...». Өз ойымнан өзім шошып тағы апайға қарадым.
Өңім бұзылып кетсе керек, шырайлы жүзін маған сәл бұрып, күлімсіреді де:
– Ой, сен қорқып кеттің ғой, бәрі тыныш...Тек мынау Тұрғанбек қайныма (орнын нұсқап) түсімді жорытып едім.., – деді.
– Ол не түс? Айтыңыз, бәлкім, мен жорып көрермін. – Мен де қоятын емесін.
– Түсіме Жамал кірді. Оң көзін дәкемен таңып алыпты. «Не болды десем, жолда пойыз есігінің бір темірі тиіп кетті. Дәрігерлер жарақатты таңып берді. Түк ауырмайды. Қайта көзім бұрынғыдан да жақсы көретін болды» – дейді. Есабыз әулиенің ұрпағы ғой деп...
– Иә, Тұрекеңе айттыңыз. Не деп жорыды?
– Жолда пойыз апаты болған... Жамал қатты жарақат алған... Хабарласпай жатқаны сол, – деді. Мәрия апайдың көңілі тағы босады.
– Ой, апай, бері қараңыз. Әулиенің ұрпағы болмасам да мен жорып көрейін. Жамал Қызылорданың пединститутын бітірді. Шиеліден 130 шақырым жердегі. Одан алысқа шыққан емес. Енді міне, Азияны, Еуропаны басып өтіп, Қырымда жүр. Қаншама мазар басты, ел, жер көрді. Көзі ашылды, көкірегі оянды. «Көзім бұрынғыдан да жақсы көретін болды» дегені ой-өрісім өсті дегені. Қызыңыз аман. Бірер-күнде хабар болады, – дедім.
Айтқандай, сол күні кешке Жамал «Артек» лагерінен хабарласып, аман-есен жеткенін, телефон шалушылардың көптігінен кезегі енді келгенін айтыпты.
Ертесіне жұмысқа келгенімде Мәрия апай «Айналайын, Сәрсенжан, саған көп рахмет. Бір көйлегің менің мойнымда» деп мені қуана қарсы алды...
Тағы бірде Мәрия апайдың көзінің жасын сүртіп, бір өзі отырғанның үстінен түстім. Бұл жолы өткендегідей жағадан алып, көп сұрақ қоймадым. Түс көргенін, оны «әулиенің ұрпағы» Тұрғанбек ағама жорытқанын түсіндім. Ештеңе болмағандай жұмысыма кірісіп кеттім. Сәлден кейін өзіне-өзі келген апай сөзді өзі бастады.
– Сәрсенбек, мен сені әлі баласынып жүрсем (24-25-дегі кезім), ойың дамыған, өрісің кеңіген жігіт екенсің ғой. Біреудің жалғыз ұлы болғасын ерке болып өскен шығар дейтінмін. Өткен жолғы жорыған түсің айна қатесіз келді...
– Бүгін де түсіңізді жорыттыңыз ба? – дедім әңгімесінің беталысын байқағасын сөзін бөліп.
– Солай болды, – деді еріксіз езу тартып. – Түсімде бір қап ұн арақалап келе жатыр екенмін...Әбден терлеппін. Алқынып тұрмын... Бұрынғы әдетіммен Тұрғанбекке айтып салдым...
– Не деп жорыды?
– Жасың 45-ке таяп қалды. 40 – 45 келі ұнды арақалап келесің. Бір жерде жығылсаң, астында қалмайсың ба?..– деді.
Мен күлдім. Түсінде көрген оқиғаға емес, апайдың аңғалдығына күлдім. Бұдан әрі шыдай алмадым.
– Апай, біздің қазақ ұнды, нанды, жалпы дәнді ризық, несібе деген. Оларды түсінде көрсе қуанған. 45 келі ұныңыз сіздің әлі сүрілмеген 45 жылыңыз. Оған налымаңыз, қайта қуаныңыз, – дедім. Жүзіне қан жүгіріп, көңілі орнына түсіп, апай жадырап қалды.
– Тағы бір көйлек кигізетін болдым саған, – деді арқамнан қағып. Бұл 1974 жыл болатын...
Ақын Мәрия апайдың алғашқы өлеңдері жанындай жақсы көретін, кейде демеу, кейде жебеу болған перзенттеріне арналды.
«Алты гүлім бар менің,
Алты рулы елдеймін» – деп басталатын өлеңі аудан жұртшылығы арасында қанатты сөзге айналды.
Алтынның сынығындай Баян, Жамал, Құралай, Зияш, Бақыт есімді қыздарының бесеуі бірдей ұстаз болса, Жанаты Мәскеудегі полиграфия институтын бітірген (әттең ғұмыры қысқа болды) республикаға танымал баспагер еді. Өмірінің соңына дейін баспаларда басшы қызмет атқарды.
Мәрия апай жайында әңгімені толықтыра түсу үшін, замандасы, сырласы мемлекет, қоғам қайраткері Шиелінің партия, кеңес органдарында басшы қызмет атқарған Перуза Жүсіпқызының «Өмір назы» деген кітабынан үзінді келтірейін:
«Мәрияның тағы бір жақсы қасиеті – Сейтқасымның бауырларына деген ақ ниеті, ықыласы. Өзі 6 баламен жесір қалса да, қайнысы Ақылбек, Сәдуақас, Шәкірбектерді тәрбиеледі. Олар өте жақсы азамат болып өсіп, үлкен қызмет атқарды. Қайын сіңлісі Жұпар Мәрияның қолынан тәрбиеленіп, күйеуге шықты. Бақытын тауып жақсы ана, жақсы келін атанды. Мәрия келіндеріне де үлкен қамқоршы, олардың анасындай, Күләш, Серіккүл, Пернетай келіндері Мәкеңе дән риза...»
Мәрия апай кейінгі кезде жазған өлеңдерінің бірінде былай деп жырлапты:
«...Жығылып-тұрып ұмтылады адам тірлікте,
Өмірдің мәні – татулық пен бірлікте.
Ойыңды орып, қырыңды қорып жүрсең де,
Көрер жарыққа қойылар түбі бір нүкте».
Немесе:
«Дәм таусылды 87 жасымда,
Халқым мені бағалады асылға.
Болмаса да байлық, мансап басымда,
Бірге жүрдім жақсылардың қасында...»
Сезімтал ақын өзінің бақилық сапарға аттанатын шағын, дәм-тұзының таусылатын мезгілін дәл аңғарыпты...
Ақындығымен және журналистігімен қоса қоғамшыл, ұлтжанды еді. Қайраткерлігі баспахананың бір топ қызметкерлерінің үйінің қабырғасына «осы үйде пәленшеевтер тұрған» деген ескерткіш тақтаның ілінуіне мұрындық болған да осы апай. Баспахана директоры Нағима Бәйменова мен бухгалтері Мәрия Исаева жайында баспасөз беттерінде естелік мақалалар жазып қалдырды.
«Жыры деп жазам өмірден ертерек кеткен жас жанның,
Жалғағым келер ғұмырын, желісін үзбей жақсы әннің.
Шалдырмай кіршік, қастерлеп, көзіндей көріп жүрем деп,
Әруағын сыйлап ақынның жүрекке орап ап қалдым», – дейді Мәрия апай және бір өлеңінде. Осы алып қалған жырларды жадында жаңғыртып, дамытып жинақтап, Алматы баспаларынан кітап етіп шығарды. Өзінің жыр кітабы да жарық көрді.
Сол Мәрия Жұматқызы жарықтық:
«Тоқсаныңды қайтемін бүкірейіп,
Сексенімде кетемін шікірейіп...» – деп 2017 жылы жазғытұрым 88 жасқа қараған шағында дүние салды. Енді жорыған екінші түске қайта оралайын. Сол кезде апай 44 жаста еді. Арада 44 жыл өткенде өмірден озды. Аңғарған адамға түстің жобасы келіп тұрған жоқ па? Кейде «түс түлкінің боғы» деген болымсыз мақалға жүгінеміз. «Түс жору – түлкі аулаумен тең, кейде ізіне дәл түсесің, кейде шет кетесің…» деген екен данышпан Бұқар жырау Абылайдың соңғы түсін жорып отырып. Сол айтпақшы, түс жору биік өрелікті, ой-өрісті қажет етсе керек...
Махаббаттың әмірін, махаббатың құдірет-күшін Мария апай өлеңімен де, өмірімен де дәлелдеп шықты. Ақын апайдың, батыр апайдың өнегелі өмірі, өміршең өлеңі ел есінде жасай бермек...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақ журналистикасың қайраткері» медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі.