Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсының аты өлмейді

Жақсының аты өлмейді

Халық арасында «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» деген тәмсіл бар. Қазақ даласында елі үшін еміреніп, жұрты үшін жұмылып жұмыс істеген жандар жеткілікті. Олардың арасында атамекеннің атын өлең-жырмен асқақ еткендер де, Отанын қасық қаны қалғанша қорғағандар да бар. Олай болса туған жерім деп тер төккен әр азаматтың аты өлмеуге тиіс. Оны өлтірмеу, жұрт жадында жаңғыртып отыру келер ұрпақтың міндеті мен парызы.
Жас шағында жасындай жанып, жұлдыздай жарқырап қызмет еткен бекзат азаматтардың тізімінде Есмағай Ділмановтың алар орны ерек. Ол 1924 жылы Шиелі ауданына қарасты Жөлек ауылдық советінің Ақтөбе колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі қазан революциясына дейін жер шаруашылығында, кейін ауыл шаруашылығы саласында қарапайым жұмысшы болған. 1929 жылы өмірден өткен. Жас кезінен білім алуға ынтасы ерекше байқалып, 1932 жылдан бастап Кеңес мектебінде тәрбиеленген. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық учелищесінің 1 курсын бітіріп, 1942 жылдың тамыз айында кеңес әскері қатарына шақырылып, әрі қарай 3 айлық дайындық курсын бітіріп, соғысқа аттанып, бірінші Беларусь майданында атқыштар взводының қолбасшысы болып бірнеше шайқасқа қатысқан. 1945 жылы кіші лейтенанттарды даярлайтын 8 айлық курсын бітіріп, кіші лейтенант шенін алған. 1945 жылдың тамыз айында майдан шебінде жараланып, алған жарақатынан кейін елге оралған. Осы жылдың қыркүйегінен 1947 жылдың мамыр айына дейін 7 жылдық Ортақшыл мектебінде мұғалім болып жұмысқа орналасқан. 1946 жылы өз білімін жетілдіруде сырттай оқып ІІ курсты, 1947 жылы Қызылорда қаласының педагогикалық учелищесінің ІІІ курсын бітірген. 1947 жылдың мамыр айынан бастап АКП(б) Бүкілодақтық коммунистік партиясының мүшесі болып партия қатарына қабылданған. Партиялық және әкімшілік сөгіс алған емес. 1947 жылдың 15 тамызынан ­бастап «Ақтөбе» атындағы мектептің меңгерушісі қызметін атқарған.
Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінмен жеткізе білген дана халқымыз «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деген ғой. ­Есмағай Ділманов елім деп еңбек еткен жан. Ендігі кезек біздікі. Заманының заңғар тұлғасына ерім деп құрмет көрсететін кез келді. Осы орайда ер есімін ел есінде сақтап, өнегелі өмірін өскелең ұрпаққа үлгі ету үшін білім шаңырағының немесе көшенің атауы берілсе екен. Ауданның атқамінер азаматтары бұл іске ыждағаттықпен қарап, өз жауапкершіліктеріне алса екен деген өтініш-тілегіміз бар.


Өмірзақ Исаханов,
Қалдыбай Сүгірбаев,
Сәулебай Аймаханов,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматтары»
20 шілде 2019 ж. 2 088 0