Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Батыр ұстаз

Батыр ұстаз


Ол – орта бойлы, ашаң, еңкіштеу кеуделі, атжақты келген қараторы жан болатын. Қас-қабағынан байсалдылық нышаны айқын көрінетін, кісіге жасқанбай қарайтын қой көзді, жазық маңдайын майда әжімдер сызғылаған, сақал-шашынан күміс қырау біліне қоймаған, қалың қара мұртын жоталы мұрнының астына үшкілдеп қана қоятын, сыпайы таза жүретін мәдениетті адам. Көшеде көрсеңіз сол қолына қызыл қоңыр портфелін ұстап, нық басып, ширақ адымдап бара жатады. Бұл «Қарғалы» совхозындағы Қалмақан Әбдіқадыров атындағы қазақ орта мектебінің директоры Тұтқабай Молдыраймов еді.

Тұтқабай Молдыраймов 1915 жылы Шиелі ауданы, қазіргі Керделі ауылдық советіне қарасты «Коммунизм» колхозында шаруа жанұясында туған. 1934 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетінің бір жылдық курсын бітірген ол, аудан орталығындағы «Октябрьдің ХІV»жылдығы атындағы қазақ орта мектебіне мұғалім болып орналасады. 1938 жылдан бас­тап, осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып істейді.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың қатарында өзі сұранып, майданға Шиелі ауданынан кіші командир болып аттанады. Тамбов қаласындағы алғашқы әскери курсына жіберіліп, сол жерден әскери тәртіпті үйреніп, одан әрі Беларусь майданына жол тартады. Ал, 1942 жылы, 4 ақпанда горнизон командиріне дейін көтеріліп, батареяны басқарады. Сол мезетте қарамағында 25 зеңбірек болды деседі. 1943 жылы майдан тағдырын шешкен Курск шайқасының корпустық ауыр артиллерияның №156-шы полкінде саяси жетекші ретінде қатысып, ауыр жарақат алады. 27 ақпан күні сол жарақаттан әскери госпитальға түседі. Осы жерден денсаулығына байланыс­ты Курск қаласына электростанция өндірісіне жіберіледі. Соғыста алған жарақаты күн өткен сайын үдеп, Курск қаласында емделіп, 1943 жылдың соңында елге оралады. 2 ай далалық госпитальда ем қабылдап, Еуропа елдерін азат етуге атсалысты. Соғыста кіші командир дәрежесімен бастап, гарнизон командирі дәрежесіне дейін қызмет атқарды. Бірнеше мәрте медаль, ордендермен және жоғарғы бас қолбасшының алғыс хаттарын алды.Оқ пен оттың арасында жанын жалдап жүрген осынау жас жігіттің жаны сірі болып, ерліктер көрсетті. Ол кездер күндіз-түні ұйқысыз жүргені, ажал деген тажал қаруластарын әп-сәтте алып кетіп жатқаны неткен аянышты кездер еді. Азамат қайыспады. Қазақ ұлтына ұят әкелмеді. Отанын шын сүйетінін осылай дәлелдеді.     
1945 жылы КПСС мүшелігіне қабылданып, 1946 жылдан бастап, сол кездегі «Жиделі», «Ақтөбе» колхоздарында партия ұйымының хатшысы қызметін атқарған. 1951 жылы Еңбекші жеті жылдық мектебінде, ал, 1953 жылдан бастап «Коммунизм» колхозында мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1969 жылы «Қарғалы» колхозына мектеп директорлығына тағайындалып, бейнеттің зейнетіне осы мектептен шығады. Еңбегі бағаланып, облыстық білім басқармасының ұсынысымен аудандық атқару комитеті «Жигули» автокөлігін сыйға берді. Өмірден сабақ алған ұстаз өмірінің 40 жылы ұрпаққа сапалы білім беруге арналды.
Апыр-ау, неткен ұзақ жылдар. «Ұстаздық еткен жалықпас» деп ұлы Абай атаның айтқаны әділ пікір емес пе? Тек қана ұстаздық жолында қырық жылдан астам уақыт еңбек ету айтуға ғана оңай сияқты. Оның қиындығы мен қызығы аз болды деймісің? Тұтқабай ағаның тәрбиесінде болған шәкірттері қазір алуан түрлі мамандық иелері атанып, республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр.Тұтқабай Молдыраймов оқытып, тәрбиелеген түлектердің көпшілігі қазір қоғамда орны бар қызметкерлер. Ал, кейбіреулері ғалым, инженер, педагог, дәрігер. Бұл кісінің тағы бір ерекше қасиеті басшылық еткен мектептерде тәртіп те, үлгерім де жақсара бастайды. Еңбек еткен Қалмақан Әбдіқадыров атындағы орта мектеп оқу жылында тәуір табыстарға жетті. мектеп ұжымы тату, ұйымшыл болды.
Бұл өмірде әрбір адамның өмірі әр тарап жол екені даусыз. Өйткені, өмірде әрбір адамның таңдауы әр басқа. Сондай-ақ, Тұтқабай Молдыраймов бұл өмірде өзінің таңдауын жасады. Ел басына күн туғанда батырларша соғысты, бейбіт еңбекке араласты, мыңдаған шәкірттің жүрегіне ізгілік ұялатты, ұл-қыз өсіріп, тәрбиеледі. Ауылдың ақылды ақсақалы атанды. Бірнеше рет аудандық, ауылдық кеңестерге депутат болып сайланды. Зайыбы Зибагүл Биімбетова екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, 1986 жылы Тұтқабай Молдыраймов мәңгілік сапарға аттанды. Тіршіліктің қызу ортасынан көзі кеткенімен, өшпес ерлігі мен еңбегі қалды. Туған жердің тұлғасын ұрпағы ұмытпауы үшін Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Тұтқабай Молдыраймовқа Шиелі кентінен бір көше атауын берсе, біздің құрмет сол болмақ.
Әбен Бәкіров,
Қали Дүйсеманов,
Өмірзақ Исаханов,
Сәулебай Аймаханов,
Күлжан Жәукебаева
білім саласының ардагерлері, Рахманберді Қарынтаев
еңбек ардагері.
27 қазан 2018 ж. 1 266 0