«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» – ТАЗА БОЛАШАҚ

«Мөлдірді аңдамаймыз бұлақ тұнбай, Өмірді ойламаймыз сұрақ тумай» деген осы бір тіркес тақырыбымыздың тұздығындай. Қоршаған ортаға зер салсақ, адамзатқа керектінің бәрі бар. Алайда Жер-Ананың тазалығына, табиғаттың байлығына қамқор болып жүрміз бе? Бұрындары күл-қоқысқа оранған жерлер Президент Қ.Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық науқанын іске қосқалы айнадай жарқырап шыға келді. Бір жыл ішінде экологиялық ахуал жақсарып, қалдықтардың өзі кәдеге жарай бастады. Тұрғындар да қоқыс тастау мәдениетін қалыптастырды. Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Оған бір жыл ішінде 9 млн отандасымыз атсалысқаны, оның 448 мыңы ерікті екені – айғақ болмақ. Яғни, «Таза Қазақстан» – тазалық сенбіліктерін өткізумен шектелмейтін, ауқымы кең бағдарлама деуге толық негіз бар. Елімізде жыл басынан бері 2 млн 400 мыңға жуық көшет отырғызылды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен миллиондаған адам атсалысуда. Өткен сенбіде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Таза Қазақстан» науқаны аясында «Жасыл ел» еріктілерімен кездесіп, көшет отырғызса, игілікті істі Шиелі халқы да үйлестіре білді. Әуелі аудан әкімі А.Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге Шиелі кентіндегі Дүйсенбі Смайылов көшесінде жүргізіліп жатқан күрделі жол жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Аталған көшеде қазіргі таңда асфальт төсеу жарық шамдарын орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстарын «Ақнұр Авто» ЖШС жүзеге асыруда. Аудан басшысы дәл мектептің іргесінде жатқан бұл көшенің сапасы мен жарық шамдардың дұрыс орналасуын қатаң бақылауға алды. Одан әрі аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Яссауи көшесі бойындағы қиылыста орналасқан алаңқайға күзгі көшет отырғызу жұмыстарына қатысты. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында 1500 көшет егіліп, 5 техника жұмылдырылды. Сенбілікке ардагерлер, ерікті жастар, мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлімдер, кент және ауылдық округ әкімдіктері, сондай-ақ түрлі ұйымдардың өкілдері мен аудан тұрғындары біркісідей жұмыла атсалысты. Тазалық акциясы аясында аудан аумағында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары қарқын алды. Көшелер мен аулалар, саябақтар мен арық-атыздар, қоғамдық орындар мен бос аумақтар тазартылып, күл-қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар, аудан келбетін көркейту мақсатында Көкшоқы мөлтек ауданындағы тұрғын үйлердің қасбетін бояусырлау жұмыстары да жүргізілді. Сенбілікке білек сыбана кіріскен аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Ы.Жақаев саябағына табан тіреді. Дала академигіне арналған ескерткіш орналасқан тұғыртас алаңын жаңалап, Еңбек Еріне құрмет көрсетілді. Осылайша, жұртшылыққа жаңаша серпін берген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – шежірелі өлкенің тынысын ашты. Себебі тазалық – аудан ажарын арттырып, қоршаған ортаның көркіне көрік қосатын маңызды шара. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ізгі ниетті басшылыққа алған аудан әкімдігі сенбіліктерді жиі ұйымдастырып тұрады. Қоршаған орта мен табиғатқа деген сүйіспеншілік ауылдардағы ел-жұрттың басын қосып, берекелі іске ұйытқы болып келеді. Сәйкесінше олар: «Құтты мекенге құрмет осылай болса керек-ті» дейді.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ