Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЖЕР-АНАНЫҢ ТЫНЫСЫН АШАДЫ

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ЖЕР-АНАНЫҢ ТЫНЫСЫН АШАДЫ

Адамзат баласы жаралғалы бері Жер-Анадан нәпақа теріп, Жаратушының бұйыртқан ырзық-несібесіне ие болып келеді. Тарих толқындарына көз жіберсек, жер жаралғалы да бірнеше миллион жылдардың парағы аударылғанға ұқсайды.
Жер-Ана! Қаз-қаз басып үйреніп, соның үстінде сайран салып өмір кешіп, Адам ата ұрпағы мәңгі мекенін де сол Жер-Ана құшағынан табады. Бірақ пенделікпен жіберген қателік табиғаттың тамашасын тауысып, тұнығын лайлап жатқанын аңғармаймыз ба, жоқ әлде аңғарғымыз келмейді ме? «Мөлдірді аңдамаймыз бұлақ тұнбай, Өмірді ойламаймыз сұрақ тумай» деген ақынның осы бір тіркесі тақырыбымыздың тұздығындай. Қоршаған ортаға зер салсақ, адамзатқа керектінің бәрі бар. Шөлің қансын деп мөлдір бұлақ беріп еді, оны ластадық. Жемісі жайқалған орман берді, біз оны сындырып, өртке орадық. Ән тыңдағың келер деп құс сайраған көлдерді жаратты, мылтық асынып аққу-қазын атып алдық. Далаға сән берген ерке киік пен еліктің ерке лағы қайда? Қалтаның қамын ойлап, зауыттың улы суын өзен-көлге құйып, сан мың балықты қырып салдық. Не керек, табиғатқа қастық жасаудың шеберіне айналғандаймыз. Осынау мәселені ой елегінен өткізген Мемлекет басшысы ««Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама» деді Жолдауында. Елімізде көктемнен бері жалпыұлттық экологиялық акция жүріп жатыр. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен миллиондаған адам атсалысты. Әлі де жалғаса береді. Президент қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты деді. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылған. 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналыпты. Демек, Мемлекет басшысының «бұл жоба – ұлтты ұйыстырған бастама» деуі бекер емес. Сөзімізге тұздық болсын, Президент пәрменін ұсынамыз. Президент: «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң ­бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек. «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті» деп пәрмен бергенді.
АСТАНА – ЕЛДІҢ АЙНАСЫ
Бәрінен бұрын «бағаналы орда басының» тазалығы аса маңызды екені – түсінікті жайт. Өйткені Астана тек қала ғана емес, аз жылдар ішінде үлкен туристік орынға айналып үлгерген шаһар. Бұған дейін бас қаламыз әлемдегі ең таза астаналардың отыздығына кірген болатын. Нақтырақ тарқатсақ «The Telegraph» басылымы әлемдегі экологиялық ең таза қалалардың тізімін жариялаған. Бұл тізім – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметтері негізінде жасалады. Әзірге бірінші орында Швеция астанасы Стокгольм тұр. Ал қазақ елінің елордасы – Астана шаһары отыздықтың ішінде. Бұл меже зор мақтаныш, әйткенмен оны ұстап тұру оған дейін еткен еңбектен кем түспейтін күш-жігер керек. Яғни «Астана Тазалық» қызметінің қалтқысыз жұмысы тоқтамауға тиіс. Табиғаты тосын мінез танытып тұратын Астананың әр күні қарбалас. Бір күн жауын, бір күн қар жауады. Күз жетіп, қараша енген сәттен тазалыққа жауапты «Астана Тазалық» ЖШС толық техниканы тексеріп, тосын жайтқа әзір отырады. Бүгінгі таңда 400-ден аса заманауи жаңа техникамен жабдықталған серіктесік Астана қаласының: «Есіл», «Алматы», «Сарыарқа», «Байқоңыр» және «Нұра» аудандарында санитарлық тазарту, механикаландырылған жинау, су тасқынының алдын алу жұмыстарын атқарып, тәулік бойы қызмет етеді.
ШИЕЛІЛІКТЕР ДЕ ШЕТ ҚАЛМАЙДЫ
Жұртшылыққа жаңаша серпін берген «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы – шежірелі өлкеде де қызу жүруде. Себебі тазалық – аудан ажарын арттырып, қоршаған ортаның көркіне көрік қосатын маңызды шара. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген ізгі ниетті басшылыққа алған аудан әкімдігі сенбіліктерді жиі ұйымдастырып тұрады. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бүкіл бұқараны жұмылдырған ерекше бастамаға айналды. Қоршаған орта мен табиғатқа деген сүйіспеншілік шалғайдағы ел-жұрттың басын қосты. Сәйкесінше олар: «Құтты мекенге құрмет осылай болса керек-ті» дейді. Сонау көгілдір көктемнің шуақты күндерінен бас тау алған ауданды қоқыстан тазарту мақсатында ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстары өз жалғасын тауып келеді. Нәтижесінде аудан орталығы кәдімгідей жаңарып қалды. Ауылдың түкпір-түкпірінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарынан соң, аудан орталығы айнадай жарқырады. Сенбілікке қатысып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ЖерАнаның әсемденуіне бір кісідей атсалысуда. Әдеттегінше, жаппай тазалау жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері құрал-саймандарын алып, білек сыбана кіріседі. Олар өздеріне белгіленген жерлерді күл-қоқыстан тазартып, бей-берекет тасталған заттарды шығару сияқты жұмыстар атқарылады. Шиелі ауданын басқарып отырған А.Жандарбеков өткен сенбіде сенбілік жұмыстарын өз көзімен көрді. Және барша тұрғындарды өз ауласын таза ұстауға үндеді.
Г.ДҮЙСЕБАЕВА
06 қараша 2024 ж. 63 0