Жер-анаға құрмет – адамзатқа міндет
5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау және экологтар күні. Адамзат баласы жаралғалы бері Жер-Анадан нәпақа теріп, Жаратушының бұйыртқан ырзық-несібесіне ие болып келеді. Тарих толқындарына көз жіберсек, жер жаралғалы да бірнеше миллион жылдардың парағы аударылғанға ұқсайды.
Жер-Ана! Қаз-қаз басып үйреніп, соның үстінде сайран салып өмір кешіп, Адам ата ұрпағы мәңгі мекенін де сол Жер-Ана құшағынан табады. Бірақ пенделікпен жіберген қателік табиғаттың тамашасын тауысып, тұнығын лайлап жатқанын аңғармаймыз ба, жоқ әлде аңғарғымыз келмейді ме? «Мөлдірді аңдамаймыз бұлақ тұнбай, Өмірді ойламаймыз сұрақ тумай» деген ақынның осы бір тіркесі тақырыбымыздың тұздығындай. Қоршаған ортаға зер салсақ, адамзатқа керектінің бәрі бар. Шөлің қансын деп мөлдір бұлақ беріп еді, оны ластадық. Жеміс жайқалған орман берді, біз оны сындырып, өртке орадық. Ән тыңдағың келер деп құс сайраған көлдерді жаратты, мылтық асынып аққу-қазын атып алдық. Далаға сән берген ерке киік пен еліктің ерке лағы қайда? Қалтаның қамын ойлап, зауыттың улы суын өзен-көлге құйып, сан мың балықты қырып салдық. Не керек, табиғатқа қастық жасаудың шеберіне айналғандаймыз. Бұл мәселелерді журналистер мен эколог мамандар жиі көтеріп келеді. Дегенмен тыңдаушы құлақ болғанмен, түзелер халықтың жоқтығы алаңдатады.

Әріден қаузап бастасақ та аудандағы ахуалды экология комитетін 9 жыл басқарған зейнеткер Жамалхан Байетұлынан артық ешкім білмесін аңдадық. Көзінің көруі нашарласа да, ауданның экологиялық мәселелерінде шетін қалмайтын кейіпкеріміз бұл жолы да жанашырлық танытты. 1997-2006 жылдары Шиелі аудандық экология комитетінде қызмет атқарған ол 2000 жылдары №6 Кен басқармасынан шыққан уран қалдықтарын кент маңындағы Сазқұмға көму туралы ұсынысты сан мәрте кері қайтарып, «Дарбазадан» ары асырып, «Боздом» деген елсіз жерді белгілеп, бұқараның амандығын, Жер-Ананың зақымданбауын қатаң қадағалағаны көпшіліктің есінде болар. Заңдылыққа сүйеніп, өз ісін адал атқарған экологтың осы сынды қаншама ісі ел аузында айтылып та жүр. Ауыл шаруашылық маманы, эколог инспектор сынды сан түрлі баспалдақтан өткен ол, осы табиғат үшін жасаған өлшеусіз жақсылығының арқасында 2013 жылы «Ауданның Құрметті азаматы» атағын да алған болатын.
– Бүгінгі күні адамзат ғылыми техникалық революция дәуірінің кульминациясын басынан кешіріп жатқанға ұқсайды кейде. Бүкіл адамның алғаусыз арманы мен үкілі үмітін тиеп алып өз өсінен үнсіз айналған жер шары мынау кедергісіз кеңістікте лап етіп жанып кететін сияқты көрінеді. Өйткені, адам баласының Алла берген санасы мен ақылын пайдалана отырып, жасаған тірліктері түңілтіп жіберетіні рас. Бір-біріне қару-жарағы мен атом бомбасын жасаудан озықтығын айтып, сес көрсетіп жүргендерді қайтеміз, оның бер жағында тырбаңдап күн кешкен екі аяқты пенденің табиғатқа жасайтын аяусыз қатыгездіктерінен төбе шашың тік тұрады. Бәрінен бұрын өкпенің тұсында, қолтықтың астында бой көтерген «Гежуба-Шиелі» цемент зауытының орналасқан орны жөн бе? Келешек ұрпақ экологиялық зардаптың салдарын көрмеске кім кепіл? Ең әуелі қоршаған орта мен адамзатқа тигізер залалын емес, пайданы ойлаудың салдарынан опық жеп қалатынымызға қарным ашады. Табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау мәселесін бұған дейін ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Нұрмахан Елтай «Жер-Ананың бүгінгі жарақаты – ертең жамағатын жылатуы мүмкін» деген тақырыппен жазған болатын. Газет бетінде жарық көрген бұл мақала жараның бетіне тұз сепкендей болды. Жерім деп жаны ашитын азаматтардың қатары сирегеннен болар бәлкім, ҚР Журналистер одағының мүшесі Өркен Исмаил «Халықтың нанын емес, қамын жейтін жігіттер қайда екен?» деп күйініш білдіріп жауап қатты. Дамыған 30 елдің қатарына енеміз деп озық тәжірибелерге сүйенген де жөн шығар. Алайда, қоқыс тастау мәдениетін меңгере алмай жүріп, аспандағы айға ұмтылғанның кері келмесін, – деді ардагер эколог Жамалхан Байетұлы.
Сан салада абыройлы қызмет істеп, ел мен жердің қамын күйіттеген Ж.Байетұлының ендігі тілегі аудандық экология комитетінің қайта іске қосылуы екенін жеткізді. Бүгінгі таңда облыстық Экология басқармасы жұмыс істеуде. Дегенмен әр ауданның өзінде бұрынғыдай экология комитеті іске қосылса аудандағы жөнсіз құрылыс, бей-берекет төгілген қоқыс мәселесі де оң шешімін табар еді. Қоршаған ортаны қорғау мәселесіне Пердәлі Архабаев бастаған қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесі де атсалысса, үн қатса деген ниетін жеткізді.
Расында, қоршаған ортаны қорғау тек эколог мамандарға артылған міндет емес. Ол пенде атаулының парызы. Құрылыс орны болсын, тас немесе сүт зауыты болсын, я болмаса малдың өлексесін көметін орын болсын арнайы белгіленген жерге салынуы тиіс. Не істесек те оң-солын бағамдап, жеті рет өлшеп, бір рет пішкенге не жетсін?!
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ