Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 25 өрт оқиғасы тіркелген

25 өрт оқиғасы тіркелген

Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жандос Мампаев алдағы жылу беру маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу және халық арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарына берген брифингте айтты.
– Жылу беру маусымының басталуында төтенше жағдайлар жиі орын алады. «Апат айтып келмейді» десек те, мамандар талабына құлақ асқан жөн. Себебі жылыту пешінен шыққан иістен улану, жанып жатқан оттың бақылаусыз қалуынан өрт туындауы мүмкін. Мәселен, жыл басынан бері ­ауданда 25 өрт оқиғасы тіркелді.
Өздеріңізге белгілі, тұрмыс-тіршіліктегі барлық саланың қызметі тұрғындардың игілігі үшін жасалады. Біздің мақсат – сақтық шараларын ескеру әрбір адамның өмірінің кепілі екенін насихаттау. Бұл бағытта төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері адам өмірі мен денсаулығын және меншікті өрттен қорғау мақсатында тұрғын үй секторларын аралап тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндірме жұмысын жүргізіп келеді. Десе де, кейбір тұрғындардың салғырттығы салдарынан оқыс оқиғалар орын алып жатқаны өкінішті. Сол үшін де алдағы қыс ауасы сақтық шараларына барынша қырағы болса дейміз, – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Айдарбекұлы.
Тұрғындар арасына көптеген үгіт-насихат, сонымен қатар адамдар көп шоғырланатын орындарда ­жиындар өткізіп, үнпарақтар таратып, жылу беру маусымына байланысты қауіпсіздікті сақтау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ былтырғы жылмен салыстырғанда газет бетіне берілетін мақала, радио арқылы хабарлама, теледидар арқылы түсіндірме жұмысы, мектептерді аралап, оқушыларды сақтандыру жұмыстарының ауқымы кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етті.
Мәселен, 2022-2023 жылдары жылу беру маусымында халық арасында өрттің, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жалпы 4220 (жалпы аудан бойынша 15 342 тұрғын үй) жеке тұрғын үйлерді аралап, 28613 (жалпы ­аудан бойынша 83 110 халық саны) жеке тұрғын үй иелерімен өрт қауіпсіздігі жөнінде әңгіме-нұсқау, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, жалпы таралымға дайындалған 7210 дана жадынамалары таратылған екен.
– Жылу беру маусымында тұрғын үйдегі пеште үш рет, нысандарда екі реттен тазарту жұмыстары жүруі керек, – деп түсіндірді Жандос Мампаев. Тұрғындардан төтенше жағдай орын алғанда 101 және 112 нөмеріне хабарласуды сұрады. Сондай-ақ, өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалғанда асықпай мекенжай мен толық ақпаратты берудің маңыздылығын ескертті.
Қысқасы, камин пештің пайдасынан қауіптілігі басым. Сондықтан от жағу пешін пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін барынша сақтаған абзал.

Ш.Тілеубаев
26 қыркүйек 2022 ж. 254 0