Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қысқа дайындық пысықталды

Қысқа дайындық пысықталды

Шиелі ауданы 2019-2020 жылдардағы жылу маусымына дайын ба? Газдандыру жұмысы қалай жүруде? Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын түсіндіру мақсатында аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дана Смаханұлы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚӨФ аудандық газ шаруашылық мекемесінің директоры Айгүл Тұтқабайқызы, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жандос Мампаев сейсенбі күні аудан әкімдігінің баспасөз орталығында БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Жылу беру маусымына аудан бойынша 157 әлеуметтік нысан даярлануда. Оның 51-і білім, 47-сі мәдениет, 5-еуі спорт, 43-і денсаулық, 11-і балабақша ғимараттары. Барлық әлеуметтік нысандарға әзірлік паспорты тексеріліп берілуде. Тағы айта кететін жайт, аудан бойынша 33800 тонна қатты отын қажет. Оның ішінде әлеуметтік салаға 12800 тонна қажет болса, тұрғындарға керек қатты отынның мөлшері 21000 тоннаны құрайды.
–Ауданға 14030 тонна көмір жеткізілді. Қазіргі таңда оның 6030 тоннасы әлеуметтік салаға, 8300 тоннасы жеке тұрғындарға таратылуда. Бұл көмірдің 44 пайызы. Аудандағы көмір тасымалдаушы «Исакова» және «Нұрмановпен» бағаны өсірмеу туралы меморандум жасалған. Тас көмірдің тоннасы – 12,5 теңге болса, ағаш көмір – 13,7 мың теңгені құрайды. Сондықтан осы тұста тұрғындарға қыстың қамын ертерек ойлап, көмір алып қоюға кеңес беремін, – дейді Д.Аман.
А.Тұтқабайқызы табиғи газге байланыс­ты дайындықтың қалыпты екенін айта келіп, ауданға қарасты елді мекендерге газ кіргізу жұмысының қалай жүріп жатқанын тілге тиек етті.
– Бүгінгі күнге Шиелі кенті бойынша газ кіргізуге тиісті 5600 тұрғын үйдің 5350-і өтініш беріп, 5348-не монтаж жүргізілуде. Ал 5336 тұрғын үй газ пайдаланып отыр. Сонымен қатар ауданға қарасты елді мекендерге тұрғындар есебінен газ кіргізу жұмыстары жүруде. Өткен жылдың қараша айында Ы.Жақаев ауылына берілсе, ал биыл Бидайкөл ауылына жеткізілді. Н.Бекежанов, Алғабас, Ш.Қодаманов елді мекендерін газ құбырына қосуға жоба сметалық құжаттары жасалынып, сараптамадан өткізілуде, – деді.
Ал аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Ж.Айдарбекұлы болса, жылу беру маусымына дайындық, кенеттен туындаған өрт, сондай-ақ газ пайдалану, газдан улану кезінде болатын төтенше жағдайларға байланысты адамдардың жарақат алуы мен өлімді болдырмау мақсатында тұрғындар арасына көптеген үгіт-насихат, сонымен қатар адамдар көп шоғырланатын орындарда жиындар өткізіп, үнпарақтар таратып, жылу беру маусымына байланысты қауіпсіздікті сақтау туралы түсіндірме жұмыстарының жүргізіліп тұратынын жеткізді. Сондай-ақ былтырғы жылмен салыстырғанда газет бетіне берілетін мақала, радио арқылы хабарлама, теледидар арқылы түсіндірме жұмысы, мектептерді аралап, оқушыларды сақтандыру жұмыстарының ауқымы кеңейіп келе жатқанын жеткізді.

Фариза КЕНЖЕШОВА
21 қыркүйек 2019 ж. 1 061 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930