Сақырлаған аязға сақадай сай
Өткен жұмада Шиелі ауданы әкімдігінде 2019-2020 жылдарға жылу беру маусымына дайындық барысы және қоғамдық саяси-ахуал мен аудандық бюджеттің игерілуі туралы жиналыс өтті.
Жиын барысында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы 9 маусым күні өткен ҚР Президент сайлауында саяси ахуалдың тұрақты болуын қадағалап, үгіт-насихат жүргізуде белсенділік танытқан азаматтарға алғыс хат табыстады. Осы орайда ауданның «Құрметті азаматтары» Қ.Сүгірбаев пен Ө.Исмаил ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Президенттің алғыс хатын аудан әкімінің кеңесшісі Ш.Нығметқызы, мәдениет саласының қайраткері Ә.Орынбасарұлы, Шиелі индустриалдық-аграрлық колледжінің директоры М.Мұсаханұлы, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Егембергенұлы иеленді. Ал облыс әкімінің алғыс хаты Телікөл ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы А.Әбілдәқызы, аудандық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Н.Әбілқасымқызы, қоғам белсендісі Д.Дәулетбекқызына берілді. Бұдан бөлек марапаттау рәсімінде «Қорған-2019» арнайы техникалық оқу-жаттығу жиынына қатысқандарды да облыс әкімдігінің алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Т.Әлиасқарұлы және РУ-6 кен басқармасы ЖШС бас директоры Б.Қайырбекұлы бар.
Марапаттау рәсімінен соң мәжілісте қысқы маусымға дайындық мәселесі пысықталды. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль бөлімінің басшысы Дана Аман жылу маусымына дайындық туралы баяндама оқыды. Ол өз кезегінде: «Ауданның өндірістік және әлеуметтік кешендерін 2018-2019 жылғы жылу беру маусымын өткізу үшін құрамы 15 адамнан жасақталған жедел штаб құрылып жұмыс істеді. 2018-2019 жылғы жылу беру маусымына Шиелі ауданы бойынша 157 әлеуметтік нысан қатысты. Оның 51 білім, 47 мәдениет, 5 спорт, 43 денсаулық, 11 балабақша нысандары. 108 нысан қатты, 29 нысан сұйық отынмен және 20 нысан газбен жылытылды», – деп өткен жылдың қорытындысымен бөлісті. Одан кейін алдағы жылу маусымына арналған жөндеу жұмысымен таныстырды. Дана Смаханұлының мәлімдеуінше биыл №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектепке, №219 Ы.Алтынсарин атындағы мектепке және «Жуантөбе» бастауыш мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ауылдық округтердегі балабақшалар да назардан тыс қалмайды. Балабақшаларды жылумен қамтамасыз ету үшін биылғы жөндеу жұмыстарына 5,7 млн. теңге қаржы қаралған екен. Ал мәдениет саласына өткен жылы 1553 тонна қатты отын алынып, 951 тоннасы жағылғандықтан биылғы маусымға 402 тонна үнемделген. Мәдениет ошақтарына алдағы жылу беру үшін қатты отынға 2287,8 мың теңге қаржы бөлінген. Осы сияқты денсаулық сақтау саласына да 459 тонна қатты отынға жұмсалатын қаржы қарастырылып отыр. Айта кеткен жөн, 2019 жылы кент орталығындағы 8 білім беру мекемесі және Көкшоқы елді мекеніндегі «Арман» мәдениет үйінің жылу қазандықтары газға ауыстырылған. Бүгінгі күні Шиелі кенті бойынша газ кіргізуге тиісті 5600 тұрғын үйдің 5226-сы өтініш білдіріп, оның 5223-не монтаж жүргізіліп, 5216-сы газ пайдаланып отыр.Сонымен қатар Шиелі ауданына жақын елді мекендерге тұрғындар есебінен газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде.
Жиында өңірдегі ахуал туралы да айтылды. Бұл тұрғысында баяндаманы аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов оқыды. Ол кентте қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ мекеме, кәсіпорын ұжымдары және тұрғындар тарапынан ешқандай наразылық пен баскөтеру болмағанын да айтты. Аудандық дербес бөлім, сала басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ұдайы бақылауда ұстап отыр. Осы орайда аудан әкімінің орынбасары әлеуеттің әлеуметтік желідегі сұрағы мен пікірі жауапсыз қалмайтынын да ескерді. Бұған 7-12 шілде аралығында Facebook әлеуметтік желісінің пайдаланушысы «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-нің цемент зауытына қатысты жазған сыни жазбасын мысал етті.
– Аты аталған цемент зауытының жұмысшыларымен Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров «Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің» басшысы Ж.Баймұратова және тиісті мекеме басшылары кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді, зауыт жұмысшылары мен офис қызметкерлерін жергілікті атқарушы органмен келісім арқылы іріктеу, орналастыру тапсырылды, – деді Бауыржан Лепесұлы.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА