Комиссия отырысындағы көтерілген мәселелер
Жуырда аудан әкімдігінде комиссия отырысы өтті. Негізгі арқау болған тақырып – мемлекеттік рәміздерді зерделеу, насихаттау және қолдану. Отырыста аудан әкімі, мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның төрағасы Әшім Оразбекұлы модератор болды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздер жөніндегі аудандық комиссия мүшелері, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органының қызметкерлері, дербес бөлім мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері жиынға қатысты.
– Мемлекеттік рәміздер – әрбір азаматтың жүрегінде өз Отаны, жері, туған халқына деген зор сүйіспеншілік және мақтаныш сезімін оятатын нышандар. Бұл сезімнің астарында халықтың ғасырлар бойы қорғап, аялап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген ұлан-байтақ жері, елдің мейірімі мен сенімі, рухани тәлім-мұрасы жатыр. Сондықтан мемлекеттік рәміздер – елдіктің ең жоғарғы символы, – деді аудан әкімі.
Кезекті отырыста күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, бірқатар хабарлама тыңдалды. Атап айтатын болсақ, мемлекеттік рәміздерге құрмет қалыптастыру, олардың насихатталуы мақсатында атқарылған жұмыс жайлы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы А.Төлегенов, ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық Заңының орындалуы мен мемлекеттік рәміздердің насихатталуы және қолдану жұмыстары туралы Бәйгеқұм ауылдық округінің әкімі М.Жүсіп, Тартоғай ауылдық округі әкімі Д.Сүйіндік, Бестам ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы З.Сейілдаханұлы, кент және ауылдық округтердегі мекемелерде ҚР мемлекеттік рәміздерінің қолданылуы бойынша зерделеу жұмыстарының қорытындысы туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова хабарлама жасады.
Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді халыққа насихаттауда және патриоттық шараларда белсене араласқан бірқатар азаматтың еңбегі еленді. Айта кетейік, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлшат Рысқалиқызы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтың алғыс хатын алса, №40 орта мектеп директорының орынбасары Перизат Тұрсынбайқызы, №10 БЖСМ әдіскері Әбілсейіт Асылханұлы, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің жалпы пәндер бойынша оқытушысы Гүлмира Жәнібекқызы аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Жиын соңында жауапты мамандарға мемлекеттік рәміздерді қолдануда кеткен кемшіліктерге сәйкес тапсырмалар берілді.
Фариза КЕНЖЕШОВА