ТІЛСІЗ ЖАУДың тауқыметі көп
Өткен жылы облыста автокөліктен шығатын өрт оқиғасы бойынша 40 дерек тіркелсе, соның 11-і Шиелі ауданында орын алған. Бұл туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жандос Мампаев апта басында өткен брифинг барысында мәлімдеді.Ауданда өрт оқиғасына байланысты да жағдай мәз емес. Өткен жылдың есепті кезеңінде тілсіз апаттан 2 адам қаза болған. Оның алғашқысы Алмалы ауылындағы тұрғынүйден шыққан өрттің әсерінен орын алса, екіншісі, «Гежуба Шиелі цемент компаниясы» ЖШС-не қарасты жатақхана өртке оранған еді. Былтырғы апат мұнымен тоқтамады. Жыл соңына қарай білім бөліміне қарасты жалпы орта білім беретін кешкі мектепте табиғи газбен жанатын пештен ақау шығып, нәтижесінде күзетші уланып көз жұмған.
– Апаттың көпшілігі тұрғындардың қауіпсіздік шараларын дұрыс сақтамауынан, оған немқұрайлы қарауынан орын алады. Биылғы жылдың өзінде 4 өрт оқиғасы және 1 өртке жатпайтын жану оқиғасы тіркеліп үлгерді. Бұл, әрине, алаңдайтын жағдай. Өрттің және көмірқышқыл газынан улану оқиғасының алдын алу мақсатында тұрғынүйлерге жаппай дабыл қондырғыларын орнату қажет деп есептейміз. Бірақ оған барлығының бірдей шамасы жете бермейді. Сол себепті, жақында ғана аудан әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысында мүмкіндігінше тұрмысы төмен отбасыларға тегін сигнализатор орнатуды ұсынған болатынбыз. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады, – дейді, бөлім басшысы Ж.Мампаев.
Бөлімдегі ауысыммен жұмыс жасайтын 49 қызметкер өз жұмыстарына тыңғылықты, қоңырау түскен бетте жолға шығу үшін сақадай-сай тұрады. Өйткені, «Төтенше жағдай орын алғаны туралы бізге хабар түскеннен кейін 2 минутқа жетпей жолға шығуымыз қажет. Заңдылығы солай», – дейді Ж.Айдарбекұлы. Бөлім қызметкерлері өрт сөндіру бөлімімен бірігіп, әр аптаның сенбі, жексенбі күндері тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
Жиын барысында биыл дарияның суы төмен екенін, су тасқынынан қауіптенуге еш негіз жоғын білдік. Бұдан өзге төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы суға түсу мауысымындағы сақтық шаралары ақсап тұрғанын жасырмады. Әсіресе, жаз шыға Бәйгеқұмдағы Ханқожа көліне келушілердің қарасы көп болады. Бұл туралы «Жағалауды жалға беретін кәсіпкерлерге қанша түсіндіргенімізбен, қауіпсіздік жағы кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Бұл күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі», – деді бөлім басшысы. Айта кетейік, 2017 жылы 2 азамат суға кетіп жан тапсырса, өткен жылы дәл осындай бір оқиға тіркелген. Бұның барлығы сол Ханқожа көлінде орын алған апаттар.
Гүлхан ЯХИЯ.