Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАТАҚХАНА ӨРТКЕ ОРАНДЫ

ЖАТАҚХАНА ӨРТКЕ ОРАНДЫ

Бүгін Шиеліде «Гежуба Шиелі Цемент» зауытының ауласында жұмысшыларға арналған уақытша жатақханадан өрт шықты. Оқиға түскі сағат 12:10 шамасында орын алған. Көлемі 10х20 м болатын 42 адамға арналған 24 бөлмелі жатақхана мен асханасы түгелдей өртке оранған. Тілсіз жау бір адамның өмірін жалмаған. Бұдан өзге зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы кешкілік аудандық баспасөз орталығында өткен брифингте жауапты сала мамандары хабарлады. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ж.Мампаев және аталмыш зауыт директорының орынбасары Ли Пинг қатысты.
  • Бұл біз үшін қайғылы оқиға болды. Өрт жұмысшылардың тамақтанатын уақытында жатақханадан басталды. Қайдан, қалай пайда болғаны әзірге белгісіз. Оқиға алаңында қаза тапқан азаматты алғашқыда жатақханаға кірмеуін сұрап тоқтатқанбыз. Кейіннен қалай кіріп кеткенін ешкім байқамады. Өте өкінішті жағдай. Бұл бізге үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта қауіпсіздік шараларын күшейтетін боламыз, – деді «Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы директорының орынбасары Ли Пинг. «Зауыт алаңында қауіпсіздік шаралары қаншалықты сақталған?» деген сауалға Ж.Мампаев:
  • Әлі пайдалануға берілмеген құрылыс нысандарындағы өрт қауіпсіздігін бақылау-қадағалау төтенше жағдайлар департаментінің құзіреттілігіне енгізілмеген.
Айта кетейік, қаза тапқан Ганьсу аймағының тұрғыны  азамат 1976 жылы туған – Жоу Вей. Ол «Баотай» атты цемент сақтайтын қойма құрылысын жүргізуші мердігер компанияның құрылыс бригадирі болып жұмыс жасаған. Қазіргі уақытта оқиға маңында тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, зауыттың құрылыс жұмыстары 1 ай көлемінде аяқталып, іске қосылады деп күтілуде.
20 қараша 2018 ж. 1 337 0