Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілсіз жау қапыда қалдырмасын

Тілсіз жау қапыда қалдырмасын

Қызылорданың жазы ерекше ыстық боларына етіміз үйренген. Дегенмен соңғы күндері 42-43 С градус ыстықта саялайтын жер іздеп кеткеніміз жасырын емес. Осы кезде тұрғындар шомылу үшін дария мен канал біткенге ағылуда. Өкініштісі, көптеген адамдар қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан суға кету жағдайы орын алуда.
Төтенше жағдайлар бөлімі берген деректерге сүйенсек, көбіне үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы, жүзе алмау және ересектердің белгіленбеген, зерттелмеген жерге, спирттік ішімдік ішіп суға түсу оқиғалары жиі кездеседі. Демек, бізге балаларға суға түсу қауіпсіздігі туралы жиі айту, ескерту керек деген сөз.
Өкінішке қарай, жазғы суға түсу мау­сымында Шиелі ауданының аумағында 2021 жылы суға кету жағдайынан 2 адам қаза тапты. Биыл суға шомылу маусымы басталмай-ақ 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қаза тапқан. Оның 3-еуі бала.
Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі қысы-жазы қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Әрине, солай болуға тиіс те. Жылу маусымында пешті дұрыс пайдалану, өрт қауіпсіздігін алдын алу туралы түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әрбір үйдің есігін қағып тұрып ескерткен сала мамандары енді тыңдар құлақ болса суға түсудің ережесін айтып әлек.
Аудан бойынша Сырдария өзенінен бөлек, жоғарыда айтып өткен Ханқожа көлі мен 15 канал, 3 бассейн және 1 жағажай бар. Төтенше жағдайлар бөлімі барлығына күн сайын рейдтік жұмыстар жүргізіп, адамдардың белгіленбеген орында суға түспеуін қадағалап отырады.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Бағлан Бөлешұлы:
–Шиелі ауданындағы қауіпті аймақтарда адам қауіпсіздігін сақтауға байланысты кезешілік жиі ұйымдастырылып тұрады. Оның ішінде полиция және ішкі саясат бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп 65 рейд жүргіздік. Одан бөлек «Суға шомылуға тиым салынды» белгісімен 35 тақтайша, 2 облыстық телеарнада бейнеролик, 115 радио хабарлама, 10 көрнекті стенд пен 24 билборд орналастырылды.
Мұнан соң жергілікті «Өскен өңір», «Шарайна-Сейхун» газеттеріне 6 мақала жарияланды. Қауіпсіздікті болдырмау мақсатында жұмыла жұмыс істеген дұрыс, – дейді ол.
Тұлғаның қауіпсіздігі үшін арнайы бір бөлім емес, әр адам өзі үшін жауапты болуы керек.Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл жыл басынан өрт оқиғасы 33 процентке көбейсе, ал өртке жатпайтын жану оқиғасы 46 процентке азайған. Сонымен бірге табиғаттағы тіркелген өрт оқиғасы бойынша нысандарда 1, жеке үйлерде 9, автокөлікте 7, орман және дала өрті бойынша 1 жағдай орын алған.
Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Б.Бөлешұлы:
– Жалпы біздің қызмет сан қилы. Бір өрт оқиғасын қараумен шектеліп қалмаймыз. Басқа да төтенше жағдайлардың алдын аламыз. Яғни жаз айларында балалардың суға кету қаупінің алдын алсақ, қыс мезгілінде тұрғын үй өртін болдырмау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз, – дейді ол.
Иә, «Өрт тілсіз жау» деп бекер айтылмаған. Аяқ астынан шыққан өрт зардабы орны толмас өкінішке душар етері сөзсіз. Бұл айтып келмес апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтап, балалардың суға түсу қауіпсіздігін ескеруі керек.

Ш.ТІЛЕУБАЙ

25 шілде 2022 ж. 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930