Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су салғырттықты көтермейді

Су салғырттықты көтермейді

Жаздың аптап ыстық күндері басталды. Осы кезде тұрғындар шомылу үшін дария мен канал біткенге ағылып кететіні жасырын емес. Өкініштісі, көптеген адамдар қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан суға кету секілді төтенше жағдай орын алады. Біршама тағдыр иелері тілсіз жаудың қарамағына ілінеді. Мәселен, суға түсу дерегі бойынша көп тіркелетіндері мас күйінде суға түсу мен судағы жүріп-тұру ережелерін сақтамау салдарынан туындайтын орны толмас жағдай. Ал, жасөспірімдер арасында орын алатын бұл қайғылы жағдайдың себебі ата-анасының бақылауынан тыс суға түсіп, ережелерді сақтамаудан болып жатады.
Төтенше жағдайлар бөлімі таратқан деректерге сүйенсек, көбіне үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы, жүзе алмау және ересектердің белгіленбеген, зерттелмеген жерге суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға түсу оқиғалары жиі кездеседі. Демек, бізге балаларға суға түсу қауіпсіздігі туралы жиі айту, ескерту керек деген сөз.
Өкінішке қарай, жазғы суға түсу маусымында Шиелі ауданының аумағында 2020 жылы суға кету жағдайынан 5 адам қаза тапты. Ағымдағы жылы суға шомылу маусымы басталмай-ақ 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қаза тапқан.
– Біздің өңірімізде Шиелі ауданындағы қауіпті аймақтарда тұрып, адам қауіпсіздігін сақтауға байланысты кезешілік жиі ұйымдастырылып тұрады. Оған Ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстар орталығы» КММ-нің 8 белсенді еріктісі жұмылдырылуда. Атап айтсақ, мұндай орындар кент іші мен Ақмая, Бәйгеқұм, Байсын, Төңкеріс, Бидайкөл, Алмалы, Жақаев, Қарғалы ауылдары және Шымкент-Самара тас жолы бойында орналасқан. Негізінен аудандағы су айдындарының көбі шомылуға арналмаған. Бірақ, соған қарамастан балалар да, ересектер де барып, суға шомылатындары жасырын емес. Сондықтан ата-аналарды балаларына көңіл бөліп, суға түскенде сақ болуға шақырамыз. Ата-аналар жаз уақытында балаларының қай жерде немен айналысып жүргенін сұрауы керек. Оларды су жағасына жалғыз өздерін жіберуге болмайтынын барлық ата-аналар қадағалауы тиіс.
Тиым салу, қауіпті аймақ саналатын аймақтарға 33 тақтайша орнатылған болатын. Өз кезегінде үнпарақтар таратылып, ашық есік күнін ұйымдастыру, билбордтар ілініп, дауыс зорайтқыш құралдармен хабарлама оқу жұмыстары да үздіксіз жүргізілген еді. Соған қарамастан ауа райының күрт ысып кетуіне байланысты су айдынында жүрген адамдардың қарасы қалың. Біздің үгіт-насихат жұмыстарымыз тоқтаған жоқ. Су айдындарын тексеріп жатырмыз. Сөзімізге аудан тұрғындары құлақ асса жақсы. Себебі, адам өмірі қымбат, – дейді Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет Нұрмантаев.
Мұндайда тек балалар мен ішімдік ішкен адамдар ғана емес, денсаулығы мықты, жүзе білетін адамдар да қайғылы жағдайға ұшырап жатады. «Ажалы кеп тұрған ғой» деп жұбатқанымызбен, «сақтанғанды құдай сақтайтынын» естен шығармаған жөн. Сол үшін сақтық шараларын сақтап, өз өмірлеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар.

Сымбат Серікқызы
15 маусым 2021 ж. 611 0