Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ...Жүзіп үйренбейсіңдер ме енді?!

...Жүзіп үйренбейсіңдер ме енді?!


– Ммм. Не ғой, көмек болғанда... Күйеуің қайда, күйеуің?
– Күйеуім бишара бізді құтқарам деп жүріп, суға ағып кетті...
– Ммм... Бишара жүзе алмайды екен ғой я? Енді дарияның жағасында тұрып жүзіп үйренбей ме?! Мен неғылайын, саған барайын ба енді?! Біртүрлі сұрақ қояды екен. адамның нервысына тиіп...
Бұл диалог «Шаншар» әзіл-сықақ театрының «Жүзбе-жүз» қойылымынан үзінді. Міне, бұл жолдар езуге күлкі үйіргенімен, астарында шындығы бар сықақ. Ащы да болса, шындық. Астарлы ой, салмағы бар әзіл.
Жалпы, баласына суға жүзу, садақ ату, атқа мінуді үйрету мұсылманға сүннет болып саналады екен. Бұл күндері атқа міну мен мылтық ату аса қажеттілік тудырмаса да, суға жүзуге баулу өмірлік маңызды іс болып отыр. Осы тұста айта кететін тағы бір жайт, балаларға суда жүзуді үйретуге баса назар аударуымыз керек-ақ.
Ыстықтан саялаудың бір жолы – суға түсу. Алайда, суға шомылу қуаныш сыйлағанмен, кей жағдайда қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан, жағажайға барған әрбір тұрғын қауіпсіздік ережесін сақтағаны жөн.
Су – тіршілік көзі дейміз. Ол болмаса адамзаттың өмір сүруі мүмкін емес. Сонымен қатар, ата-бабаларымыздың от пен су – тілсіз жау деген ескертулерін есімізден шығармауымыз керек.
ҚР ІІМ-нің Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімдерімен жергілікті жерлерде судағы қауіпсіздікті сақтау, арнайы суға түсуге белгіленбеген орындарда суға түспеу, ата-аналардың жаз маусымында балаларын қадағалаусыз қалдырмау жөніндегі жүргізіліп жатқан ескертпе, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанымен облыс, республика бойынша жыл сайынғы көрсеткіштерге қарасақ, адамдардың жазғы суға түсу маусымында қаза болу оқиғалары азаяр емес.
Шиелі ауданының аумағында 2017 жылдың жазғы суға түсу мау­сымында, аудан көлеміндегі су айдындарында 2 адам суда қаза болды. Аталған 2 жағдай Бәйгеқұм ауылындағы «Қанқожа» көлінде орын алып отыр.
Ал, балалардың суға кету жағдайы үлкендердің бақылауынсыз суға шомылудан болатыны аян. Иә, бала болған соң, жазғы демалыстың қызығы да сол суға шомылумен есте қалып, әсерлі болмақ. Балаларды қанша жерден «суға түспе» деп тыйғанмен, «ит пен бала қорыған жерге өш» деген аталы сөздің неліктен айтылғандығын осы тұста да бағамдауға болады. Қалай болғанда да, балаларды осынау қызығынан айырмай, одан да қауіпсіз су айдыны ұйымдастырылса, құба-құп болар еді. Атап айтқанда, әрбір ауылда аяқ су келетін ауылішілік шағын каналдар бар екендігі белгілі. Сол каналдардың жанынан трактормен бүйендеп қазып, жан-жағын топырақпен көтеріп, қазық қағып, арқан керіп қойса, «қолжетімді жағажай» болар еді. Дәл осындай игі іс жаңа поликлиниканың жанындағы жағажайды айтуға болады. Ал, біздің айтып отырған жағдайымызда канал ішін бетондап, лотоктап керек емес. Сонда ауыл әкімдерін де су маусымындағы келеңсіз оқиғалар мазаламас еді. Судан сақтану жөніндегі бильборд ілу, канал басына кезекшілік ұйымдастыру, т.б. жұмыстардан алшақтар еді.

Дина ӘБІЛАСАН.
10 маусым 2018 ж. 2 217 0