Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Су – салғырттықты көтермейді

Су – салғырттықты көтермейді

Өткен аптадан бері термометр көрсеткіші 40 градустан асып жығылуда. Шіліңгір шілденің мұндай аптап ыстығында суға бір сүңгіп алмай болмайды. Дегенмен қауіпсіздік шараларын мықтап санаға тоқып алған жөн.
Жаз мезгілінде өзен, көлдердің жағасында уақыт өткізген жақсы. Жағажайда демалып қана қоймай, денсаулықты да нығайтуға болады. Суға шомылу, күннің көзіне қыздырыну – адамды сергек етіп, жұмысқа қабілетін арттыратыны да айтылып жүр. Бірақ суға түсу кезінде қарапайым ережелерді сақтамасақ, қатерге тап болуымыз мүмкін. Мұндайда тек балалар мен ішімдік ішкен адамдар ғана емес, денсаулығы мықты, жүзу білетін адамдар да қайғылы жағдайға ұшарап жатады. «Ажалы кеп тұрған ғой» деп жұбатқанымызбен, «сақтанғанды сақтайтынын» естен шығармаған жөн.
2017 жылы ауданда суда соңғы демі үзілген жандардың 2 оқиғасы тіркелген. Екеуі де Қызылорда қаласының тұрғындары. Бірі – зейнеткер болса, екіншісі – жасы қырыққа таяған ер адам. Ал өткен жылы 23 жасар аудан тұрғынын тағы да тілсіз жау жалмады. Үш оқиға да Бәйгеқұмдағы әйгілі Ханқожа көлінде орын алған.
Жаз шығар-шықпас Ханқожаның жағасындағы демалыс орындарының сау­дасы қызады. Сапасы мен қызмет түріне қарай бағасы 10 мың мен 80 мың теңгеге дейін тұратын бұл маңға демалуға бармайтын шиеліліктер кемде-кем. Тіпті, облыстың түпкір-түпкірінен ат арытып кеп жатқандардың да қарасы қалың. Сондықтан болар мұнда түрлі оқыс оқиғалар жиі орын алып жатады. Демалуға келген соң түсінікті емес пе? Ішімдік ішу, қауіпсіздік шараларын ескермеу, баланың қараусыз қалуы...
Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі қысы-жазы қызметін мүлтіксіз атқарып келеді. Әрине, солай болуға тиіс те. Жылу маусымында пешті дұрыс пайдалану, өрт қауіпсіздігін алдын алу туралы түрлі түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әрбір үйдің есігін қағып тұрып ескерткен сала мамандары енді тыңдар құлақ болса суға түсудің ережесін айтып әлек.
Аудан бойынша Сырдария өзенінен бөлек, жоғарыда айтып өткен Ханқожа көлі мен 15 канал, 3 бассейн және 1 жағажай бар. Төтенше жағдайлар бөлімі барлығына күн сайын рейдтік жұмыстар жүргізіп, адамдардың белгіленбеген орында суға түспеуін қадағалап отырады.
– Әсіресе жұма, сенбі, жексенбі күндері жұмыс күші артады. Себебі, көпшілік осы күндері демалысқа шығып, суға шомылушылар көбейеді. Жалпы мамыр мен тамыз айлары аралығына кезекшілік кестесі жасалып, кестеге сәйкес 19 мамырдан бастап су айдындарында адам өлімін болдырмау мақсатында Шиелі ауданының төңірегінде орналасқан суға түсу орындарында, суға түсуге қауіпті орындарда, балық аулайтын жерлерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезекшілігі ұйымдастырылған. Атап айтсақ, мұндай орындар кент іші мен Ақмая, Бәйгеқұм, Байсын, Төңкеріс, Бидайкөл, Алмалы, Жақаев, Қарғалы ауылдары және Шымкент-Самара тас жолы бойында орналасқан. Сонымен қатар оқу жылының соңында «Су айдындарындағы қауіпсіздік» тақырыбында 4 мыңға жуық оқушыға сабақ өткізілсе, жуырда «Сыр ұланы» тынығу лагерінде болып арнайы нұсқаулық ұйымдастырылды. Одан бөлек суға түсуге қауіпті жерлерге 26 тақтайша орнатылған болатын. Өз кезегінде үнпарақтар тарату, ашық есік күнін ұйымдастыру, билбордтар ілініп, дауыс зорайтқыш құралдармен хабарлама оқу жұмыстары да үздіксіз жүргізіліп отыр. Шүкір, биылғы жылға суға түсу бойынша ешқандай апатты оқиға орын алған жоқ. Болмай-ақ қойсын, – дейді Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Қадыржан Базарбек.
Тұлғаның қауіпсіздігі үшін арнайы бір бөлім емес, әр адам өзі үшін жауапты болуы керек. Суға түсерде қарапайым ғана ережені білсе де немқұрайлы қа­рау­дың салдарынан қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншама шаңырақ қара жамылып қалып жатыр. Мақаланы жазу барысында респуб­лика бойынша суда орын алған деректерге де көз жүгірттік. Жағдай жаға ұстарлық. Өткен айдағы мәлімет бойынша жыл басталғалы 76 адам суға кетсе, оның жартысынан көбі балалар екен. Ал облыста суға түсу маусымы басталғалы бері 20 қайғылы оқиға тіркеліп отыр.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
16 шілде 2019 ж. 740 0