Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызығына шақырған судан сақтан

Қызығына шақырған судан сақтан


Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Төтенше жағдайлар қызметі үлкеннің де, кішінің де суға түсу кезінде аса сақ болуы керектігін ескертеді. Алайда, тұрғындардың көпшілігі суға түсу мерзімінің жариялануын күтпестен-ақ көңіл көтеруге асығады. Судың да адам өміріне тигізетін қауіп-қатері бар екенін жұрттың бәрі білгенімен, одан келетін апатты екінің бірі ескере бермейді. Осы тақырып төңірегінде аудан әкімдігінің баспасөз орталығында суға шомылу маусымының қауіпсіз өтуі бойынша брифинг өтті. Брифингте төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жандос Мампаев мәселелі тақырып төңірегінде жан-жақты әңгіме өрбітті.
Нақты айтқанда, үстіміздегі жылдың суға түсу маусымында қауіпсіздікті сақтау, адам қазасына жол бермеу мақсатында бөлім тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың легіне тоқталды. Атап айтқанда, кент ішінде, «Шымкент-Самара» тас жолы бойына бильбордтар ілініп, елді-мекендердегі суға түсуге қауіпті жерлеріне 36 дана ескерту тақтайшалары орнатылғандығы баяндалды. Сонымен қатар, осы жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес арнайы дайындалған «Судағы қауіпсіздікті сақтау баршамыздың борышымыз», «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыптарында 395 дана үн парақтар таратылып, 684 адамға ескертулер жасалғандығы аян болды.
Ал, «Сыр ұланы» тынығу лагерінде тынығушыларына «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында сабақтар, үгіт-насихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің жанындағы лагерь тынығушыларына ашық есік күні ұйымдастырылып, 6 мұғалім қатысып, 35 оқушы қамтылған.
Бөлімнің келтірген деректеріне сүйенсек, 2015 жылы – 6 адам қаза болса, соның ішінде балалардың саны – 3 болған. Кейінгі 2016 жылы – 5 адам суға кетсе, 2-і бала екен. Өткен 2017 жылы 2 адамның ажалы нақ осы тілсіз жаудан келген. Осылайша, ауданда 3 жыл ішінде 13 адам судан төнген қауіптің құрығына ілініп кете барған.
Бүгінгі таңда дәл осындай қайғылы жайтты болдырмас үшін аталған бөлім мен жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп, аудан көлеміндегі су айдындарында, жаппай демалыс орындарында рейдтер ұйымдастырып, түрлі шаралар атқарып жатқандығын көпшілікке мәлімдеді.
Төтеншеліктер ұйымдастырған баспасөз мәлімдеме­сінде осыншама жайтқа қанығып, қамығып қалдық. Шіліңгір шілденің аптабын бір сәтке естен шығарып, салқын судың жағасында жанға рахат тапқан жақсы-ау. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөз бар халық арасында. Қызығына шақырған судың тереңіне батудан сақтанып жүргеніміз абзалырақ болар...

Әбіл АСАН.
19 маусым 2018 ж. 1 153 0