Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СУҒА ТҮСУ ҚАУІПТІ

СУҒА ТҮСУ ҚАУІПТІ

Қазір жаз мезгілі. Ал жаздың сәні – суға түсу. Күннің ыстығында бір сергіп, суға шомылған жақсы-ақ. Алайда, суға түсудің соңы қайғылы жағдайға душар ететінін қаперден шығармау керек.
Олай дейтініміз, былтырғы жылы екі аудан тұрғыны суға кетіп, қаза болды. Олардың бірі суға түсу ережесінің сақталмағанынан болса, екінші жағдай Бестам ауылы сыртындағы күріш суаруға арналған каналға балық аулайтын ау құру кезінде суға батып кеткен. Кеше ғана тағы бір қайғылы оқиғаға куә болдық. 26 мамыр күні 34 жастағы кент тұрғыны суға түсуге рұқсат етілмеген орынға шомылып, ажал құшты.
Төтенше жағдайлар бөлімі таратқан деректерге сүйенсек, көбіне үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы, жүзе алмау және ересектердің белгіленбеген, зерттелмеген жерге суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға түсу оқиғалары жиі кездеседі.Демек бізге балаларға суға түсу қауіпсіздігі туралы жиі айту, ескерту керек деген сөз.
Су айдындарында адамдардың қаза болуының себептері де әртүрлі. Олардың біразы су айдындардағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң бұзса, енді бірі тыйым салынған орындарда суға шомылғаны белгілі болды. Бұл нені білдіреді? Яғни суға түсу қауіпсіздігін өрескел түрде бұзып, тілсіз жауға өзіміз барып ұрынатын болып тұрмыз.
Суға түсуге барған адам ең құрығанда қарапайым қағидаларды ескеруі керек. Ол адамның өзінің бас амандығы үшін қажет.
Ережелерді сақтай отырып суға шомылғанда ғана қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. Ол қандай ережелер? Демалу орындарының су айдынына барғанда мас күйде суға түсуге, қайықтардан, катерлерден, өткелдерден суға секіруге, тексерілмеген, жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге, жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге болмайды. Одан бөлек су айдындарын ластауға және қоқсытуға жол берілмейді. Ең бастысы, балаларды ересектердің қарауынсыз суға жібермеу қажет. Балалардың судан ажал құшу оқиғаларының жиілеуі осыдан суға ересектермен бірге бармауынан шығып жатыр. Баласының болашағын ойлаған әр адам осыны еске сақтауы керек.
Жоғарыдағы ережелер тектен-текке айтыла салған жай сөз емес. Оның бәрі де Төтенше жағдайлар бөлімі арқылы бекітілген ережелер. Алайда, адамдар суға түсерде бұл ережелерді ескермейді де, іс насырға шапқанда құтқарушыларды кінәлап жатады. Аталған бөлім қызметкерлері суға түсу маусымы басталғалы табанынан тозып, түрлі тиімді шараларды жүзеге асырып жатыр. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, су айдындарында адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында суға шомылу кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды атқаруда.
– Президент жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ағымдағы жылдың 16 наурызынан қауіпті індеттің таралуына байланыс­ты төтенше жағдай режимі жариялады. Осыған орай карантин режимі жарияланып, адамдар мен көлік құралдарының қозғалысы шектетілді. Қазіргі таңда елімізде карантин режимі әлі күнге дейін сақталуда. Алайда, карантин режимі біткеннен соң суға түсушілердің де саны артатыны, балалардың ата-аналарынсыз, ересектерсіз су жағасына баратыны белгілі. Сол үшін алдағы уақытта кент, ауылдық округ әкімдерімен және тиісті мекеме басшыларымен бірлесіп жұмыс істеп, суға кету жағдайларына жол бермеу мақсатында жұмыстарды ұйымдастыруды қажет етеді. Осы мақсатта аудан көлеміндегі су айдындарында 30 сәуірден бастап рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда кенттегі адам көп шоғырланатын Халыққа қызмет көрсету орталығы, Халық банкі, Қазпочта ғимараттарында көрнекі жерлерге судағы қауіпсіздік жайлы дайындалған арнайы үн парақтар ілінді. Бөлімнің қызметтік автокөлігінің дауыс зорайтқыш құралы арқылы хабарламалар оқылуда. Сонымен қатар 30 сәуір күні бөлім қызметкерлері аудандық білім бөлімімен бірлесіп «Суға шомылу маусымында қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында онлайн түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жандос Мампаев бейсенбі күні баспасөз орталығында өткен брифинг барысында.
Ауа температурасы неғұрлым жоғары болған сайын құтқарушылардың жұмысы соғұрлым қиындай түседі. Сондықтан Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де суға шомылу маусымы басталғалы тынымсыз жұмыс режиміне көшті.
– Аудандағы су айдындарының көбі шомылуға арналмаған. Бірақ соған қарамастан балалар да, ересектер де барып, суға шомылатындары жасырын емес. Сондықтан ата-аналарды балаларына көңіл бөліп, суға түскенде сақ болуға шақырамыз. Ата-аналар жаз уақытында балаларының қай жерде немен айналысып жүргенін сұрауы керек. Оларды су жағасына жалғыз өздерін жіберуге болмайды, – дейді Ж.Мампаев.
Осылайша суға түсушілерге судағы қауіпсіздік ережелері мен суға кеткен кезде көрсетілетін алғашқы көмек туралы мағлұмат берілуде. Құтқарушылар суға түсу маусымы аяқталғанға дейін мұндай рейдті тоқтатпауға бекініп отыр.
Адамның өмірінен артық құндылық жоқ. Сондықтан да суға түскен кезде қарапайым ережелерді сақтау керек. Сонда ғана тілсіз жаудың алқымынан аман қалуға болады. Қазақтың «Сақтансаң, сақтаймын!» деген аталы сөзінің төркіні де осы.

Гүлхан ЯХИЯ
30 мамыр 2020 ж. 1 455 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930