Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СҮМБІЛЕ ТУСА СУ СУиДЫ

СҮМБІЛЕ ТУСА СУ СУиДЫ


Қазақта «Сүмбіле туса су суыр, Таразы туса таң суыр» деген сөз бар. Яғни, қыркүйектің соңғы он күнінде күз келеді. Жаңбыр жауады. Сүмбіле жұлдызы туған кезден бастап өзендердің суы салқындай бастайды. Сүмбіленің көк аспанда көрінуі қыстың алғашқы лебімен тұспа-тұс келеді. Сүмбіле туған соң суда сүлік өле бастайды. Және «Сүмбіле туса сұмпиып, ат тойынар құнтиып» деген сөз бар. Бұл сүмбіле тууымен күн салқындап, жылқы баласына шыбын-шіркейсіз мезгіл басталатынын, әсіресе суда сүлік өліп, жылқылар жақсы жайыла бастайтынынан болса керек. Осындай уақытта өзен-көлдерге шомылу аса қауіпті.
Қазіргі уақыттың өзінде күн аптап ыстық. Осы кезде тұрғындар шомылу үшін дария мен канал біткенді жағалап кететіні жасырын емес. Бірақ сүмбіле туар уақыт тақап қалды. Сондықтан су салқыны байқалмаса да, сүмбіле өзімен бірге суығын әкеледі. Судың салқыны да, судан келер апат та аса қауіпті. Өкініштісі, көптеген адамдар қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан суға кету оқиғасы жиі орын алады. Біршама тағдыр иелері тілсіз жаудың қармағына ілінеді. Мәселен, суға кету дерегі бойынша көп тіркелетіндері мас күйінде суға түсу мен судағы жүріп-тұру ережелерін сақтамау салдарынан туындайтын орны толмас жағдай. Ал, жасөспірімдер болса ата-анасының бақылауынан тыс тиым салынған жерлерге суға түседі. Төтенше жағдайлар бөлімі таратқан деректерге сүйенсек, көбіне үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы, жүзе алмау және ересектердің белгіленбеген, зерттелмеген жерге суға түсуі, спирттік ішімдік ішіп суға шомылуы жиі кездеседі. Демек, бізге балаларға суға түсу қауіпсіздігі туралы жиі айту, ескерту керек деген сөз.
Өкінішке қарай, жазғы суға түсу маусымында Шиелі ауданының аумағында 2020 жылы суға кету жағдайынан 5 адам қаза тапты. Ағымдағы жылы суға шомылу мау­сымы басталмай-ақ 3 оқиға тіркеліп, 4 адам қаза тапқан.
– Шиелі ауданындағы қауіпті аймақтарда адам қауіпсіздігін сақтауға байланысты кезешілік жиі ұйымдастырылып тұрады. Оған ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстар орталығы» КММ-нің 8 белсенді еріктісі жұмылдырылуда. Атап айтсақ, мұндай орындар кент іші мен Ақмая, Бәйгеқұм, Байсын, Төңкеріс, Бидайкөл, Алмалы, Жақаев, Қарғалы ауылдары және Шымкент-Самара тас жолы бойын­да орналасқан. Негізінен аудандағы су айдындарының көбі шомылуға арналмаған. Бірақ, соған қарамастан балалар да, ересектер де барып, суға түсетіні жасырын емес. Сондықтан ата-аналарды балаларына көңіл бөліп, суға түскенде сақ болуға шақырамыз. Ата-аналар жаз уақытында балаларының қай жерде немен айналысып жүргенін сұрауы керек. Оларды су жағасына жалғыз өздерін жіберуге болмайтынын ескеруі тиіс.
– Тиым салу, қауіпті аймақ саналатын аймақтарға 33 тақтайша орнатылған болатын. Өз кезегінде үнпарақтар таратылып, ашық есік күнін ұйымдастыру, билбордтар ілініп, дауыс зорайтқыш құралдармен хабарлама оқу жұмыстары да үздіксіз жүргізілген еді. Соған қарамастан ауа райының күрт ысып кетуіне байланысты су айдынында жүрген адамдардың қарасы қалың. Біздің үгіт-насихат жұмыстарымыз тоқтаған жоқ. Су айдындарын тексеріп жатырмыз. Сөзімізге аудан тұрғындары құлақ асса жақсы. Себебі, адам өмірі қымбат, – дейді Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Әділет Нұрмантаев.
Мұндайда тек балалар мен ішімдік ішкен адамдар ғана емес, денсаулығы мықты, жүзе білетін адамдар да қайғылы жағдайға ұшырап жатады. «Ажалы кеп тұрған ғой» деп жұбатқанымызбен, «сақтанғанды Құдай сақтайтынын» естен шығармаған жөн. Сол үшін сақтық шараларын сақтап, өз өмірлеріңізге жауапкершілікпен қараңыздар.

Сымбат Сұлтан
10 тамыз 2021 ж. 2 858 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930