Биылғы күз бұрынғыдан өзгерек
Зымыран уақыттың жетегінде жүріп, күздің алғашқы айы – қыркүйекке де келіп жеттік. Туған ай – туралған ет деген осы. Айдан айға аман-есен жеткізе көр деп тілейтін халқымызға керегі бейбіт өмір, татулық пен береке, бірлік.
Қыркүйекті ең бірінші асыға күтетін мектеп оқушылары. Себебі, қыркүйек жаңа оқу жылының басталуымен яғни, білім күнімен айшықталады. Көшелерге сән кіріп, ақ көйлек, ақ бантик пен қара шалбар киген қыз-жігіттер сап түзеп мектепке қарай ағылады. Күз – басқа жыл мезгіліне қарағанда осынысымен ерекшеленеді.
Адам өмірі де жыл мезгілдеріне ұқсайды. Оның да ызғары, аптап ыстығы, аязы мен бораны, көңілге нұр құятын шуағы мол көлеңкелі тұстары бар. Биылғы күз ерте түсетін секілді. Себебі, қыркүйек айы былтырғыға қарағанда салқындау болып тұр. Қыркүйек айының неліктен осылай аталу салдарына тоқталсақ. Осы айда қой мен ешкінің төлдеу уақытын көктем мезгіліне келтіру үшін қошқар мен текеге күйек байлайды. Бұл шаруа қырда, өріс барысында өткізілетін болған. Сол себепті, халқымыз «қыр» және «күйек» сөздерін біріктіріп, айды қыркүйек деп атаған.
Халықтың астрономиялық түсінігі бойынша жаз айларында аспан бойынан көрінбей жерде жатып, жем-шөптің көп болуына септігін тигізген. Үркер тамыз айынан бастап біртіндеп көкке көтеріле береді. «Үркер туса таң суиды, сүмбіле туса су суиды» деген сөз бар ел арасында. Осылайша, күн қабағынан күздің алғашқы белгілері орын ала бастайды. Шаруа үшін алты ай қыстың қамы басталады. Үркер 40 күнде көкке биік өрлеп шығады. Күйек дер кезінде жүргізілсе, алты ай қыстан аман шыққан төрт түлік көктемнің қолайлы шағында, күн жылынып, көк тебіндеп шыға бастаған тұста төлдеп, жаңа туған төл тез аяқтанып кетеді. Сондықтан, халқымыз бұл айдан үлкен үміт күткен. Үміт дегеннен шығады. Біз шиеліліктер биылғы күзде үлкен, ауқымды шараларды қолға алып, республика көлемінде тойлауды жоспарлап отырмыз. Оған себеп, 1928 жылы қыркүйек айында бұрынғы Скоблев болысының орнына Шиелі ауданы құрылып, аудан тарихы осы кезден бастау алады. Сонау 1928 жылы іргесі қаланып, жеке отау құрған аудан өз тарихында еңбек пен ерліктің, ынтымақ пен бірліктің ұлы куәсіндей талай жеңістерге қол жеткізді. Биыл міне ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толады. 90 жыл деген аз уақыт емес. Кеңес дәуірі тұсында 41 Еңбек Ерін тәрбиелеген аграрлы аймақ саналып келген өңірде енді өндіріс өркен жайып, оның мәдениеті мен өнері өзіндік биік деңгейге көтерілді. Бүгінде Шиелі ауданының халқы өз болашағына нық сеніммен қадам басуда. Ендеше, сіз болып, біз болып ауданымыздың мерейлі мерекесімен айтулы 90 жылдық дүбірлі тойын бірге тойлайық. Тәуелсіздікті ту ете отырып, республикаға ежелден есімі таныс Шиелінің байлығын тасытып, ырысын молайтуға, атақ-даңқын арттыра беруге атсалысайық.
Айнұр НАЗАРОВА.