Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәлем, саған мектебім!

Сәлем, саған мектебім!


Жайдары маз мезгілі межесіне жетіп, сағыныштың белгісіндей болған сары күз айы да келіп жетті. Күзбен бірге басталған кезекті оқу жылында бала біткен мектепке қарай асығып, алтын ұя мектебімен сағына қауышатыны белгілі.
Үміт еткен көзімнің нұры – балам,
Жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп сәлем жазады бүгін саған...
Бұл өлеңді Орынбор қаласында оқып жүрген жас Ыбырайға атасы Балқожа жолдаған екен. Бүкіл өмірін ағарту ісіне арнаған Ы.Алтынсариннің «Кел, балалар оқылық» өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады.
1 қыркүйек – білім күні мерекесін кентіміздегі №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебі де ерекше салтанатпен атап өтті. Аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов «Сыңғырла, күміс қоңырау» іс-шарасына қатысып, оқушыларды айтулы мерекемен құттықтады. «Елбасы Н.Назарбаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, жастардың сапалы білім алып, белгілі азамат болулары үшін барынша жағдай жасап отыр. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман деген қанатты сөзді негізге алып, әрқашан ізденіп, еңбектеніп мықты азамат болуларыңызға тілектеспін, – деді өз сөзінде Б.Ысмағұлов. Өткен оқу жылында аудан бойынша ең жоғарғы балды аталған мектеп оқушысы иемденіп грант иегері атанды. 2017-2018 оқу жылында мектептің 1 сыныбына 100-ден аса бала қабылданып, биылғы оқу жылында 127 бала алғаш мектеп табалдырығын аттады. Яғни, былтырғыға қарағанда 20-дан аса бала саны артып, мектептің оқушылар саны көбейген. 11-сынып оқушылары кішкентай бүлдіршіндерге арналған сыйлықтарын тарту етіп, «Ұстазым», «Атамекен» әндерін орындады. Мерекелік шарадан соң Б.Ысмағұлов 11-сынып оқушыларымен естелік суретке түсті.

А.МОЛДАХМЕТҚЫЗЫ.
04 қыркүйек 2018 ж. 2 493 0