БИЫЛ МЕКТЕПТЕРДЕ САБАҚ 3 ҚЫРКҮЙЕКТЕН БАСТАЛАДЫ
2018 жылы білім күні сенбіге түседі, алайда мектептерде сабақ дүйсенбіден басталадыБірінші қыркүйек күні Қазақстанның барлық мектебінде салтанатты сап түзеу шарасы өтеді. Жаңа оқу жылының Білім күніндегі сынып сағаттары оқушыларды патриотизмге тәрбиелеуге арналады, деп хабарлады Sputnik-ке білім және ғылым министрлігінен.
Сабақ қашан басталады?
Білім күні сенбіге түскеніне қарамастан, оқу жылының басталуы 1 қыркүйек болып бекітілді. Салтанатты сап түзеуден кейін оқушылар тағы бір күн демалады. Сабақ дүйсенбі, 3 қыркүйектен басталады.
Қазақстанда қанша бала бірінші сыныпқа барады?
Білім және ғылым министрлігінің алдын ала мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша бірінші сыныпқа 342 мың бала барады. Дегенмен бұл сан әлі де артуы мүмкін, өйткені құжат қабылдау 30 тамызда аяқталады.
Биыл ата-аналар баласы үшін кез келген мектепті таңдай алады – өзі тұратын аумақтағы мектепке ғана барады деген талапты алып тастады. Дегенмен педагогтар жақын маңдағы білім мекемесін таңдауды ұсынып отыр.
Оқу процесінде өзгеріс бола ма?
Мектептерде бір жыл бұрын енгізілген бес күндік оқу аптасы сақталады.
Мектеп формасына талап өзгерген жоқ: ол қара көк жиынтық, форманы ата-аналар кез келген өндірушіден сатып ала алады.
2018-2019 оқу жылында жаңа пән енгізілмейді. Барлық білім ұйымы оқулықпен қамтамасыз етеді. Бұл мәселе министрліктің күн сайынғы бақылауында.
2018/19 оқу жылының кестесі
Оқу жылының ұзақтығы 32-34 оқу аптасын құрайды.
• мектеп алды сыныптарда — 32 апта
• бірінші сыныптарда – 33 апта
• екінші сыныптан 11-12 сыныпқа дейін — 34 апта
Күзгі каникул – 2018 жылдың 29 қазанынан 4 қарашасына (қоса алғанда) дейін, қысқы каникул – 2018 жылдың 31 желтоқсанынан 2019 жылдың 9 қаңтарына (қоса алғанда) дейін.
Ең ұзақ үшінші тоқсаннан кейін оқушылар 13 күн демалады — 2019 жылдың 21 наурызы мен 2 сәуірі (қоса алғанда) аралығы.
Мектеп жасына дейінгі балалар мен бірінші сынып оқушылары қосымша демалыс алады: 2019 жылдың 4-10 қаңтары (қоса алғанда) аралығы.