Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ АМАЛДАРЫ

ЖЫЛ ОН ЕКІ АЙ АМАЛДАРЫ

16-22 наурыз – Бес қонақ. Бес күн бұлың, кейде боран болады.

27-28 наурыз – Құс қанаты. Қалықтап қар жауады. Халық бұл ырымды «Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деседі. Осы қармен бірге жыл құсы ілесе келеді. Кей жылдары жаңбырға да ұласады.

4-5 сәуір – От амалы. Қыстың бір күндік соңғы бораны. Мұнан кейін қыс малға отты біржолата береді.

18-19 сәуір – Қызыр қамшысы. Аспанда алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауады. (Кей жылдары бір күндік суық та түседі) Отау-отау боп көкте жүзген жаздың бұлты шығады.

28-29 сәуір – Бүршік жарған. Бір күндік суық. Тобылғы, қараған бүршігін жарады.

9 мамыр – Қызыл жұмыртқа. Бір күндік салқын. Осы күні адал құстар қаз-үйрек жұмыртқасын жарып, қызылшақа балапанын шығарады.

17-24 мамыр – Құралай. Бұл күні жаңбырмен қоса киік лағын өргізеді.

29-31 мамыр – Үркердің батуы. Үркер шалшыққа батса, яғни осы күндері жаңбыр болса, жаз жаңбырлы болады деген ырым бар. Осыдан бір аптадан кейін шілденің ыстығы басталады. Ол 40 күнге созылмақ.

15-17 қараша – Үркердің толғағы. Арқаның табиғаты бұзылмай тұрғанда бұл шамада аптаға созылған жаңбыр болған. Шілденің аптабынан кейінгі жауынды халық асыға күткен.

14-15 тамыз – Таразының тууы. Халық арасында «Таразы туа таң суыр» деген мәтел бар. Күз нышаны алғашқы суық білінеді. Бұлт қоюлана түседі.

21-22 қыркүйек – Сүмбіле жұлдызының тууы. Ел арасында «Сүмбіле туа су суыр» деген мәтел бар. Қабағын түйген күз жаңбырлатып өтеді.

4-5 қазан – Боқырау деп аталады. Алғашқы суық бой көрсетіп, боққа қырау тұрады.

14-19 қазан – Ақыраптың алты күні деп аталады. Бұл күндері қазақ жұлдызшылары тезектің өте майда күлін сағат сайын ұшырып отырып, желдің бағытын, күшін, бұлттың жоғары-төмендігін, алғашқы ұшқын қардың жобасын байқап, қыстың алты айындағы ауа райын болжаған.

18-19 қараша – Қараша қаздың қайтуы. Жаңбыр соңы көктайғаққа ұласады.

4-5 желтоқсан (М.Әуезов желтоқсанды ақпан айы дейді) – Қырбастың қызылы. Алғашқы аяз, кей жылдары аяз күрт көтеріліп, минус 30-35 жетеді.

17-22-ХІІ ай – Теке бұрқыл. Арқаның атақты бораны. Осы шамада арқар мен киік жұптасады.

1-2 қаңтар – Күн таласы. Күн бойы көтереді дейді ел. Жапалақтап қар жауады (Кейде жаңбыр да сіркірейді).

17-27 қаңтар – Сары аяз. Қыс шілдесі деп те аталады. Аяздың шарықтау шегі.

3-5 Үт – Үркер ауған. Тас төбеге шарықтап шыққан үркер жұлдызы төбеден сәл батысқа қарай сырғиды. Осыдан кейін Арқада -30 градустан асатын аяз болмайды. Бұл күндерде бірер күндік борасын жүріп өтеді.

5-7 наурыз – Толқыма. Алғашқы жылымық, Үркер жамбасқа түсер.

17-19 наурыз – Май боран. Бес қонақтың бір күні. Босаға жұлдызының тууына орай Босаға басы деп те аталады.

Кәміл Жүністегі
14 ақпан 2021 ж. 1 310 0