Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шілденің ауа райы

Шілденің ауа райы

Жаздың екінші айы да есік қақты. Қажырлы еңбектің қайнаған кезі шаруа үшін нағыз қарманып қалар сәт болған. Егін жайқалып өсіп, балбырап піскен жеміс-жидек жинап алынып, Малға қысқы азық болар жем-шөп дайындалады. Қазақ халқы «Өсімдік, жәндік — бәрі де, Шілде қызуымен балбырап» деп бекер айтпаса керек.
Ежелгі қазақ күнтізбесі бо­йынша шілдені «әсет» деп атаған. Кейбір деректерде асад деп қолданылады. «Асад» сөзі араб тілінде «арыстан» сөзін білдіріп, жұлдыз белгілері бойынша «Арыс­тан» шоқжұлдызының атау­ы болып табылады. Тілдегі Әсет, Есет деген кісі аттары осы арабшадағы асад, яғни арыстан мағынасын береді. Шілде айы туралы жырланған мына өлең жолдарынан да қазақта «әсет» атауының қолданылғанын көре аламыз:
Құстар жасап қарекет,
Балапанын ұшырған.
Мезгіл аты бар – әсет,
Жаз ортасы құлпырған.
Жарық айлы қысқа түн,
Ұзақ кезіп даламды.
Тас балқытар ыстық күн,
Тек шілдеде болады.
Ал парсы тілінде «шіллә» — «қырық» деген мағынаны білдіреді, түбірі парсы тіліндегi «чиһал, чиһил» сөзінен шыққан. Жазғы қырық күн шілденің ыстығы осы айда өтеді. Ол әуелде қырық күндік мерзімде айтылып, кейін отыз күндік ай ретінде қолданылып келген. Халқымыз жаздың ыстығы мен қыстың суығын қырық күндік уақытпен есептеген. Дала астрономиясында «қырық күн шілде» деген ұғым болып, оны ата-бабамыз «жазғы шілде» және «қысқы шілде» деп екіге бөлген. Бірақ шілде атауы қыстың емес, жаздың екінші айын атауға негіз болып отыр. «Жаздың қырық күн шілдесі», «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамау» сияқты тіркестердің қолданысы жазғы шілдені меңзейді. Бұл мерзім 25 маусым мен 5 тамыз арасындағы ең ыстық қырық күн болып, оны халық «Ұлы шілде» деп атаған. Табиғат құбылысы үркердің жерге енуі мен тас төбеде шақырайып тұру уақытымен пара-пар келеді.
«Қазгидромет» орталығы синоптиктерінің болжамы бойынша, шілдеде ауаның орташа температурасы 27-30 градус мөлшерінде болады деп күтілуде.
«Айдың басында оңтүстік аймақта күндіз 40-45 градусқа дейін көтеріледі. Шілденің ортасында және соңында ауа температурасы 30 градустан төмен ауытқиды. Кей жерлерде өткінші жаңбыр, найзағай болады», – дейді мамандар.

Әзірлеген
Ж.Қауғанбаева
02 шілде 2019 ж. 1 375 0