Ұлы жеңіс күні: «Шеру» сөзінің көне мағынасын білеміз бе?
. 9 мамыр – Ұлы жеңіс күнінде салтанатты шеру өткізілетіні белгілі. Бұл мерекені әскери шерусіз көзге елестету мүмкін емес. Енді шеру сөзінің қазіргі мағынасы қандай? Көне дәуірде қандай мәнде қолданылды? Ұлы жеңіс күнінде осы мәселе туралы сөз қозғасақ.
Бұл күндері шеру деген сөз «Әскери шеру, мерекелерде сапқа тұрған әскердің салтананатты шеруі (парад)» мәнінде актив қолданылып жүр. Сондықтан оның «әскер, жасақ» деген алғашқы мағынасын білмей қалуымыз да мүмкін. Неге десек, қазіргі кезде арабтың әскер сөзінің актив қолданысқа енуінен шеру сөзінің бастапқы «әскер, жасақ» мағынасы ұмыт болуда.Ал жыраулар поэзиясына көз жүгіртсек, шеру сөзінің «әскер, жасақ» мағынасында сақталғанын байқауға болады. Мысалы, Шал ақынның өлеңінде шеру сөзі «әскер» мағынасында жұмсалған:
Саясы жоқ бәйтерек,
Саздауға біткен талмен тең,
Жақсы ағаңыз бар болса,
Алдыңда сары белмен тең,
Ағайының көп болса,
Ұлық бір шеру қолмен тең...
Қазақ тіліндегі «қалың қол, әскер» мәніндегі шеру қол және «әскердің жорық жасауы» мағынасындағы шеру тарту тұрақты тіркестері құрамында да шеру формасы өзінің көне мағынасында сақталған.
Шеру сөзі, көне түркі тілінде чериг тұлғасында болған. Сөз соңындағы «г» дыбысының еруі нәтижесінде қазіргі қазақ тіліне шеру формасында жеткен. Алайда жыраулар поэзиясына көңіл аударар болсақ, мұнда шерік көне тұлғасында сақталған түрі де бар. Мәселен, Ақтамберді жыраудың жырында шерік көне тұлғасында қолданылған:
Ағайының көп болса,
Ұлы шерік қолмен тең.
Білімді туған жақсылар,
Аз да болса көппен тең.
Талдап отырған шеру сөзіміз Орхон ескерткіштерінен бастап, орта ғасыр жазбаларына дейін чериг түрінде қолданылды. Мысал ретінде Диуани лұғат-ат түрк ескерткішіндегі мақалды айтып кетсек болады:
Арпасыз ат ашумас, арқасыз алп чериг сыюмас, яғни «Арпасыз ат асу аса алмаз, арқасыз (көмексіз) батыр қамал ала алмаз».
Қазіргі түркі тілдерінен түрік тілінде тек yeniçeri – «жаңа әскер» тіркесінің құрамында сақталған. Орыс тіліндегі янычары дегендегі де осы шеру/шерік сөзі екен.
Өзбек тілінде черик, қырғыз тілінде черүү, тува тілінде шериг, хакас тілінде сириг, якут тілінде серии, моңғол тілінде чериг, бурят тілінде серег, қалмақ тілінде церг, тіпті мажар тіліндегі серег – «әскер» мағынасындағы тұлғалар қазақ тіліндегі шеру/шерік сөзіне қатысты. Ескере кететін жайт, бұны Серік деген кісі есімімен байланыстыруға болмайды, бұл арабтың "серік, жұп" мағынасындағы ширк сөзімен байланысты.
Қорыта келгенде, шеру сөзі көне дәуірлерде «әскер» мағынасында қолданылған, кейінірек оның екінші «әскери шеру» мағынасы пайда болған. Қазіргі қазақ тілінде оның алғашқы мағынасы ұмытылып, екінші мағынасы актив қолданысқа ие болды. Бұның бірден-бір себебі араб тілінен енген әскер сөзінің актив қолданысқа енуімен байланысты. Әдеби тілімізде арабтың әскер сөзінің толық орнығуымен келе-келе шеру сөзінің «әскер» мағынасы ұмыт болып кетуі мүмкін, сол себепті мұндай сөздерді теріп, олардың көне мағынасы туралы сөз қозғап отыру өте керек деп ойлаймыз.