Бағдары айқын шаруашылық
Көктем шығып, дала төсіне дән себілгеннен бастап шаруашылықтардың ілгері ісін әркез газет бетінен көрсетудеміз. Өзінің таудай талабы мен еңбегінің арқасында көркейген жандар арамызда аз емес. «Бақытын еңбектен тапқан жан» деп жатады халық даналығы мұндайда. Еңбекті жанына етене тұтып, бейнетпен есейген сондай жандардың бірі, сексеннің сеңгіріне шыққан – Әбдімәлік Сейтжанов. Ол Ақтоған ауылдық округіне қарасты «Сейтжанов» шаруа қожалығына төрағалық етіп келеді.
Аудан тұрғындары «Сейтжановтар» әулетін ауыз толтыра мақтап отырады үнемі. Бізге де мұндай үлгілі әулеттің шаруашылығымен танысудың сәті түсті. Бүгінде ата кәсіптің рақатын көріп отырған Сейтжановтар әулеті «адам баласы бір күн өмірі болса да елге қызмет етуі тиіс» қағидасын берік ұстанады. Замана көшінен кейін қалмай, берекесін бейнеті мен еңбегінен тауып отырған Әбдімәлік Сейтжанов аудандағы іргелі шаруа қожалықтың иесі.
Аудан тұрғындары «Сейтжановтар» әулетін ауыз толтыра мақтап отырады үнемі. Бізге де мұндай үлгілі әулеттің шаруашылығымен танысудың сәті түсті. Бүгінде ата кәсіптің рақатын көріп отырған Сейтжановтар әулеті «адам баласы бір күн өмірі болса да елге қызмет етуі тиіс» қағидасын берік ұстанады. Замана көшінен кейін қалмай, берекесін бейнеті мен еңбегінен тауып отырған Әбдімәлік Сейтжанов аудандағы іргелі шаруа қожалықтың иесі.
Әңгіменің әлқиссасын әріден бастайық. Сонымен «Сейтжанов» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігіне салмақ салып, саралайтын болсақ, сонау ел тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы қиын кезеңдерде құрылыпты. Яғни совхоз, колхоздар тарап, ауыл тұрғындары абдырап қалған кездер болуы керек. Десе де, тәуекелге бел буған отағасы Әбдімәлік Сейтжанов отбасылық шаруаны қолға алуды ұйғарады. Иелігіндегі 20 гектар жер мен қолда бар малы арқылы шаруасын бастап кетеді. Балалары да әкелерінің жанына үйірсектеп, еңбекке араласа бастайды. Бүгінде сол 20 гектар суармалы жерді 500 гектарға дейін ұлғайтқан. Бұның барлығы тынымсыз тірліктің арқасында жүзеге асып отырғанын «Сейтжанов» шаруа қожалығының төрағасы Әбдімәлік ағамыз тілге тиек етті.
– Егер табысқа қол жеткіземін десең, қажыр-қайратыңды, күш-жігеріңді аямай жұмсай білу қажет. Тек еңбек қана биікке шығарады. Жұмыс жасасаң, қиындық болады. Сол қиындықтарды жеңудің жолын тапқан адамның ісі оңынан туады. Сондықтан, еңбектеніп, жұмыс істеу керек. Бүгінде менің жанымда балаларым бар. Олар жастайынан ащы термен келетін астың тәтті дәмін біліп өсті. Сондықтан болар, қай уақытта да біздің шаңырағымызда еңбектің салтанаты үстем. Қазір қожалықтың арқасында 25 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Одан бөлек қолымнан келгенше мұқтаж жандарға көмектесуге әзірмін, – дейді төраға.
Тірліктің тетігін тапқан шаңырақтың шаруасы осылайша алға баса берді. Жалғыз тракторды тізгендеп, жұмыстарының оябын келтіріп жүрді алғашында. Атакәсіптің көзін білетін жандар емес пе? Жұмыстарын одан әрі дамытып, аясын кеңейтуді ойластырған отбасы бірінші техникаларды түгендеуге кіріседі. Сөйтіп, ауылдағы бір кездері жекеге өтіп кетіп, жүрмей тұрған техниканы жинай бастайды. Осы тұста Әбдімәлік ағаның отыз жылдық механизаторлық тәжірибесі мол мүмкіндік сыйлап, жоқ-жітігі түгелденген соң-ақ жансыз кейіпте тұрған трактор, комбайндарға жан бітіп, іске жарай бастайды.
Иә, расында бүгінгі күні ауданның іргелі шаруа қожалығы 2020 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 20 млн теңгеге 500 бас жергілікті қой тұқымын алып, оны 800 бастан асырып отыр екен. Одан бөлек 50 бас сиыр, 35 бас жылқы тағы бар.
Мал мен егіншілік бағытын қоса алып келе жатқан Сейтжановтар осы жылы 130 га жерге күріш, 80 га мақсары, 30 га бидай, 200 га жалпы жоңышқа, 15 га бау-бақша дақылдарын егіп, жоспарлы жұмыстардың легін арттырды. Айта кететін бір жайт, Әбдімәлік Сейтжанов өз шаруасының еңсесін тіктеп, олжасын арттыру жолында әр жылдары жаңа техникаға қол жеткізіп отыруды мақсат тұтты.
Ауыл шаруашылығының білгір маманы, майталман механизатор болған Әбдімәлік Сейтжанов ұлы Шағдарға егін егудің қыр-сырын үйретіп, шаруашылықтың тізгінін қолына ұстатқан. «Әке көрген оқ жонар» демекші, адал еңбекпен тағылымды тәрбие көріп өскен Шағдар ағамыз тек қожалықтың күйін күйттеп қана қоймай, ауыл тірлігінің ілгері басуына үнемі қол ұшын беріп келеді. 2019 жылы «Адына» шаруа қожалығын құрады. Бүгінде аталған қожалықтың жұмысы алға басып келеді. Бұл шаруа қожалық биыл 50 га күріш, әртараптандыру бағыты бойынша 50 га арпа, 40 га мақсары, 160 га жоңышқа еккен. Айта кетейік күріштің әр гектарынан орташа есеппен 35-40 центінерден өнім алуда.
Шаруашылық иелігіндегі техникаларға мемлекеттік бағдарламаның көмегімен қол жеткізген. Баршамыз білетіндей, техниканы сайлап алмай, іске кірісу мүмкін емес. Сондықтан бұл техникаларға қожалық мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізудеміз дейді. Сөзіміз жалаң болмас үшін айта кетейік, 2001, 2013, 2014, 2016 жылдары «К-700», «ХТЗ»,»ЮМЗ», «Есіл-760», «Торум-750», «КСУ-1», «МТЗ-80», «Тукан-1600», және өзге де қосымша тіркемелер алғандығын білдік. Сондай-ақ, «Сейтжанов» шаруа қожалығы «Каз Агро Қаржы» мекемесімен бірлесіп, биылғы жылы 105 млн теңгеге «Hitachi ZAXIS 330» экскаваторын сатып алған. Аталған заманауи техникалар қазіргі таңда іске қосылып, қарқынды жұмыс жүруде. Ы.Жақаевтың ізбасарлары күріш егуден алдыңғы қатардан көрініп келеді. Барлығы да адал еңбектің, тынымсыз тіршіліктің арқасы.
Осы салада табандылық танытқан кетпені сайлаулы, шығыры майлаулы диқандарды тілге тиек етпей кету әбестік болар. Атап айтар болсақ, Бағдат Ізімбекұлы, Абылайхан Әбдімәлік, Мүсірепхан Сейтжан, Әбділдахан Сейтжанов сынды азаматтардың қажыр-қайратының, тынымсыз жұмысының нәтижесінде бүгінгі күні еңбек қарқынды жүріп келеді. Одан бөлек Досхан Сейтжанов – мал шаруашылығын игеріп отыр.
Осылайша, тұрмысының күрмеуін кәсібі арқылы келістіріп отырған шаңырақтың шаруа жайына қанықтық. Қалауын тауып, ісін алға бастырып отырған отбасынан үлгі етерліктей дүние көп-ақ.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ