Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАС ТА БОЛСА БАС БОЛҒАН

ЖАС ТА БОЛСА БАС БОЛҒАН

Өткен жұма күні Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «12 тамыз – Халықаралық жастар күніне» орай Ыбырай Жақаев атындағы саябақта жас кәсіпкерлер мен қолөнершілер көрмесі өткізілді.
Ашық аспан астында өткізілген көрмеге аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Азамат Есімов қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша шараны өткізудегі негізгі мақсат – ауданның жас қолөнершілері мен жас кәсіпкерлерін қолдау, олардың туындыларын аудан жастарына таныстыру, насихаттау.
Ал көрмеге келер болсақ, мұнда «жас болса да бас болып жүрген» бірнеше кәсіп иелері өз өнімдерін ұсынды. Мәселен, ағаш өңдеу техникасын меңгеріп, жылына 1800-ден астам астау өндіріп жүрген Мұхамеджан Бақытұлы астауларын ұсынса, 8 адамды жұмыспен қамтып отырған «Honeymood» тәттілер желісінің жетекшісі Назерке ­Имантаева тәтті торттарын ұсынды. Мұнан бөлек 10 жылдан астам уақыт бау-бақша өсіру ісімен айналысып келе жатқан Әмірхан Берікбайұлы қауын-қарбызын, ал 7 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған Талғат Махамбетов құрылысқа қажетті шлакоблок кірпіштерін қонақтарға таныстырды. Сондай-ақ шара барысында ауданда түрлі салада абыройлы қызмет істеп жүрген Ғазиза Төреханқызы, Аида Ташкенбаева, Нұрдаулет Ержанов, Назерке ­Имантаева, Әділет Нұрмантаев, Қадірәлі Болатов, Көркемай ­Аманбай сынды бірқатар жастарға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Салтанатты кештің соңы жас айтыскер ақындар Әмірхан Елдар мен Ділнәз Ержігітованың әдемі айтысымен, «ARO» есімімен танымал Арман Көмекбаевтың «Айғыр» және «Қазақстан даусы балалар» мегажобасының жеңімпазы атанған Ерсұлтан Омар мен Әлмат Бақдаулеттің әсем әнімен қортындыланды.
Айта кетейік, аталған шара Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «12 тамыз – Халықаралық жастар күніне» орай өткен болатын. Жалпы орталықтың мұрындық болуымен жыл басынан бері 87 шара ұйымдастырылып, оған 2300-ден астам жас тартылған.

Р.БЕКТҰРҒАНҰЛЫ
17 тамыз 2022 ж. 430 0