Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақаевшылар қозғалысы бастау алды

Жақаевшылар қозғалысы бастау алды

Өткен сенбіде «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Ы.Жақаев атамыздың 130 жылдығына орай «Ыбырай Жақаев ізбасарлары» қозғалысы бастау алды. Бұл іс-шараға облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ш.Қойшыбаев, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова, Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінің директоры Қ.Ыханова, «Алтын дән» ШҚ төрағасы А.Бердібаев қатысты.
«Ыбырай Жақаев ізбасарлары» қозғалысының мақсаты – ақ күріштен тау тұрғызған Ы.Жақаев ізбасарларының ізін жалғап, еңбек сүйгіштікке тәрбиелеп, жастарды күріш алқаптарына тарту, еңбек етуге шақыру. Сондай-ақ, даңғайыр диқан Ы.Жақаев атамыздың өнегелі өмірімен таныстыру. Жақаев ауылының топырағына табан тигізген жас еңбеккерлер алдымен ауыл жастарының жарқын өмірімен танысты.
Шара барысында Ы.Жақаев атамыздың басына құран бағышталды. Одан әрі жас­тар Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейін тамашалады. Музейдің бірінші залында – ХІХ ғасырдың аяғында Сыр бойында тұрақты күріш өсіру Шиелі өңірінде басталып, кейіннен Шіркейлі, Қуаңдария бойында тарағанын, күріш манаптарын дайындау, суғару, орып жинаудан бастап, қапқа түскенге дейінгі еңбекті баяндап тұрған экспонаттар орын алыпты. Ал, екінші залда Ы.Жақаевтың қоғам қайраткері, халық қалаулысы болғандығы және шет елдерге сапары, өмірінің соңына дейінгі еңбек жолдары, 1964 жылғы облыс жастарына жазған Үндеу хаты, осы хат негізінде «Жақаевшылар» қозғалысының басталу кезеңдері экспозицияланған. Үшінші залда даңғайыр диқанның облыс көлеміндегі ізбасарлары мен еңбек майталмандарының жетістіктері, Жақаевшы жастардың екпінді еңбегі көрсетілген. Музей қызметкерлері жастарға адал еңбек биіктерге бастайтынын ұғындырып, оны дала академигінің ғұмыр жолымен байланыс­тыра сабақтады.
Одан соң, дихан атаның ұлы Сейітбек Ыбырайұлы мен еңбек жолындағы ізбасары Дайрабай Әлтаев еңбек адамының шынайы болмысын айшықтап, дәріптеп берді. Жастар сұрақ қойып, еркін пікір алмасты.
Жастар одан әрі қарай, алқапты бетке алды. Егістік алқабына барған жастарды «Алтын дән» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Бердібаев өзі күтіп алды.
Егіс алқабына кірген сәтімізде даңғайыр диханның «Жер ырыстың кіндігі – еңбек ырыстың қазығы», «Егінші мәрт – жер жомарт» деген тәмсіл сөзі еске сап ете қалды.
Айналаға көз тастасақ, шаруа адамдары қызу іске кіріскен. Біз табан тіреген тұс Еңбек Ері атандырған «Ыбырай түбегі» деп аталады. Диқанның ғұмыр бойы еңбек еткен жерінен бас­тау алды. Жастар егіс басына сай киініп, қолдарына орақ ұстады. Олардың миссиясы – «Алтын дән» ЖШС егіс алқабындағы Сыр салысының арасына шыққан қызыл күрішті ору. Дала қосында, егіс басында кәнігі диқандармен қат-қабат еңбек еткен жастар күріш алқабының көркін ашып, күзгі еңбек даласын дүбірге толтырды.
Бүгінде Асқар Бердібаевтың шаруа қожалығында 70 процент күріш жиналып, қамбаға құйылған. «Уақытында жинап алуға мүмкіндік мол. Техникаларымыз сақадай сай» деді бізбен әңгімесінде «Алтан дән» ШҚ төрағасы.
Өңірдегі түрлі оқу орындарының студенттерінен құралған жасақтың биылғы құрамында 20-ға жуық жас бар. Олар ауылдық жердегі таза еңбек майданының қандай болатынын көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты.

Шапағат Тілеубаев
05 қазан 2021 ж. 1 152 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930